HALYQLINE.KZ Қызылорда облысы Полиция департаментінің Әкімшілік полиция басқармасы уақытша ұстау және айдауыл қызметін ұйымдастыру тобының полицейі Құрманбаев Абылайхан 20 жылға жуық уақыт ішкі істер органдарында қызмет атқарып келеді. Әріптестеріне полиция старшинасы шеніндегі ол өзінің ашық, байсалды мінезімен танымал.
Абылайхан – кез келген уақытта көмек көрсетіп, қырағылық танытуға дайын жүретін тәртіп сақшысы.
Бір ғана мысал, іргелес көршісі Гүлдина Өтепбергенді ірі «Алабай» тұқымды иттен аман алып қалған.
Аязды қыста Абылайхан әдетте жұмыстан келіп, отбасымен кешкі асын ішуге дайындалып жатқан кезде айқайлаған әйел даусын естиді. Дереу аулаға шыққаны сол еді, көршінің үйі жағынан түсініксіз дыбыстар естілген-ді. Ойланбастан шарбақтан секіріп түскен ол ірі ит Гүлдинаның үстінен төніп, талап жатқанын көрген. Әп-сәтте тәртіп сақшысы қолына күрек алады. Бірнеше рет абалаған итті соққыға жығып, Абылайхан қанға оранған нәзік келіншекті көтеріп алып, үй ішіне қарай жүгірген. Осылайша, шақалағын жаңа босанып келген жас ана батыр жүрек көршісінің арқасында аман қалған.
Әрі қарай белгілі болғандай, үнемі қамауда тұратын ит сол күні бос жүріп, үй келіні Гүлдинаны танымай қапқан көрінеді.
Абылайхан ол оқиғаның көпшілікке жария болғанын қаламайды. Оның айтуынша, бұл мақтанатын жағдай емес. Кез келген ер азаматы дәл осылай әрекет жасайтынына күмәні жоқ. Дегенімен, шапшаң, секундтаған уақыт ішінде дұрыс шешім қабылдап, әрекет еткен А.Құрманбаевтың арқасында үш баланың анасы қазірде дін аман.
Абылайханның жұбайы Шынар да полицияда абыройлы қызметін атқаруда. Ол Қызылорда қалалық Полиция басқармасының қабылдау-тарату орнында инспектор лауазымында.
Қос полицейдің берекелі отбасында Айзере, Қасымхан, Есімхан есімді бүлдіршіндерді дүниеге әкеліп, өсіруде.
Көршілер арасында «қорғаушы» атанып кеткен Абылайдың бала-шағасы әдеттегідей 7 мамыр Отан қорғаушылар күні әкеге тосынсый жасауда.
«Бұл атаулы күн шаңырағымызда міндетті түрде тойланады. Барлығымыз мерекелік дастархан басында отағасын құттықтап, ыстық лебіздерімізді білдіреміз. Біз папамызбен мақтанамыз!» дейді күлімдеген Шынар.
Қызылорда облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!