Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Алматы бөктеріндегі жер дауы: 99 учаскенің 36-сынан заңбұзушылық анықталды

18.03.2026, 16:35 48

Алматы қаласының маңындағы тау бөктерлерінде орналасқан жер учаскелеріне байланысты мәселені Мәжіліс депутаттары қайтатан мінберде көтерді. Аталған мәселеге байланысты Үкімет пен Бас прокуратураға жолданған депутаттық сауалда Бақытжан Базарбек бірқатар нақты дерек келтіріліп, мемлекеттік органдардың жұмысына құқықтық әрі саяси баға берді.

Сауалда көрсетілгендей, тексеру бастамасы екі бөлек депутаттық өтініш аясында көтерілген. Бірінші өтініш 2025 жылғы 16 тамызда Алматы қаласы Медеу ауданына қарасты Көлсай (Көктөбе) шағынауданындағы 25 жер учаскесіне қатысты жолданған. Екінші өтініш 2025 жылғы 18 қыркүйекте Медеу, Бостандық және Наурызбай аудандарындағы, соның ішінде бұрын Талғар мен Қарасай аудандарының құрамында болған 74 жер учаскесін қамтыған. Барлығы 99 жер учаскесіне қатысты тексеру жүргізу туралы мәселе көтерілген.

Депутат өз сауалында бұл мәселенің жай ғана жер қатынастары аясындағы дауға сыймайтынын, мұнда экологияға келтірілген зиянның да тым ауқымды екенін ашық айтады. Оның сөзінше, Алматы бөктеріндегі табиғи кеңістікке ауыр соққы жасалған. Тау сілемдері кесілген, сай-салалар топырақпен толтырылған, табиғи бедер бұзылған. Бұл – бір ғана меншік құқығы немесе құжат айналымы мәселесі емес, тұтас қаланың экологиялық қауіпсіздігіне қатысты саланың салғырттығы.

Депутат бұл туралы өз сөзінде:
«Мен осы сауал арқылы Бас прокуратура мен Үкіметтің назарына, бір жағынан, бастамаммен жүргізілген тексерулердің алғашқы нәтижелері жөніндегі жағымды жаңалықты жеткізгім келеді. Бірақ бұл жерде жақсы жаңалықтың өзі өте ауыр мәселенің арасынан шығып отыр. Өйткені сөз болып отырған 99 жер учаскесінің айналасында жай ғана құжаттық сәйкессіздік емес, Алматы бөктеріндегі экожүйеге келтірілген орасан зиян жатыр. Біз тау жоталарының кесілгенін, табиғи сай-салалардың топырақпен көмілгенін, жер бедерінің жасанды өзгертілгенін, табиғи ландшафттың бұзылғанын көріп отырмыз. Бұл – жеке адамның жер алу мәселесі емес, бұл – қоғамдық мүдде, бұл – қаланың ертеңі, бұл – табиғи тепе-теңдік мәселесі», – деп атап көрсетеді.

Сауалға сүйенсек, тексеру жүргізуге құзыретті бірнеше орган тартылуға тиіс болған. Олардың қатарында Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті, Алматы қаласы мен Алматы облысының жер ресурстарын басқару департаменттері, Алматы қаласының Экология департаменті, Балқаш-Алакөл бассейндік инспекциясы, Алматы қаласының прокуратурасы, табиғат қорғау прокуратурасы және Алматы қаласы әкімдігінің мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау құрылымдары бар. Алайда депутат осы органдардың бірқатары бірнеше ай бойы тиісті әрекетке бармағанын, тіпті кей жағдайда ақпаратты жасыру белгілері байқалғанын алға тартады.

Оның айтуынша, бес ай бойы нәтиже шықпаған соң, 2026 жылғы ақпан айында Бас прокуратураға қайта жүгінуге тура келген. Дәл сол араласудан кейін ғана тексеру нәтижелері шыға бастаған. Осы ретте депутат Бас Прокурордың орынбасары Жандос Ұмралиевтің әрекетіне оң баға берген.

Сауалда келтірілген мәліметтерге қарағанда, тексерілген 99 жер учаскесінің 36-сынан заң бұзушылықтар анықталған. Соның 29 жағдайында жердің нысаналы мақсаты «шаруа қожалығынан» «бау-бақша жүргізуге» заңсыз өзгертілген. Тағы 6 жағдайда жер учаскелері заңда көзделген шекті мөлшерден асыра берілген. Ал 1 жер учаскесі конкурссыз, яғни сауда-саттық өткізілместен берілген. ъ

Депутат осыны ерекше бөліп көрсетіп:
«Біз 99 жер учаскесіне қатысты мәселе көтердік. Соның 36-сынан нақты заң бұзушылық анықталды. Бұл – жай статистика емес. Бұл – нақты факті. Бұл – мемлекеттің жер қорына, қала айналасындағы аса маңызды табиғи аймақтарға қатысты шешімдердің қалай қабылданғанын көрсететін көрініс. 29 жағдайда жердің нысаналы мақсаты заңсыз өзгертілген. Алты учаске шекті мөлшерден асыра берілген. Бір учаске сауда-саттықсыз рәсімделген. Мұндай көрсеткіштің өзі-ақ мәселенің жекелеген қателіктен емес, жүйелі былықтан туындап отырғанын көрсетеді. Егер депутаттық сауал болмаса, егер қоғам тарапынан қысым болмаса, мұның көбі ашылмай қалуы да әбден мүмкін еді», – дейді.

Бұдан бөлек, 20 учаске бойынша заң бұзушылық анықталмағаны айтылса, 40 жер учаскесі бойынша «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясында қажетті кадастрлық материалдардың жоқ екені көрсетілген. Яғни кейбір жерлер бойынша істердің түпнұсқасы ғана емес, көшірмесі де, цифрлық нұсқасы да табылмаған. Бұл жағдайдың өзі қоғамда заңды сұрақ тудырып отыр: егер құжат жоқ болса, ондай учаскелер қалай рәсімделді?

Осы тұста депутат:
«Кейбір жер учаскелері бойынша жер-кадастр ісінің түпнұсқасы жоқ, көшірмесі жоқ, сканерленген нұсқасы жоқ. Сонда бұл жерлер қалай рәсімделді? Қандай құжатқа сүйеніп берілді? Қандай лауазымды тұлға қол қойды? Қандай шешім негіз болды? Егер мемлекеттің өз архивінде, өз жүйесінде материал жоқ болса, онда бұл жерде не өрескел салақтық, не әдейі жасыру, не заңсыз әрекетті бүркемелеу бар деген сөз. Мен мұны қарапайым техникалық ақау ретінде қабылдамаймын. Бұл – бөлек құқықтық баға беруді талап ететін жайт», – деп атап өтті.

Сонымен қатар, қаладағы Қала құрылысы бақылау басқармасы 91 учаскеге тексеру жүргізіп, соның 44-інен құрылыс-монтаж жұмыстары кезінде заң бұзылғанын анықтаған. Яғни жоба-смета құжаттарынсыз, авторлық және техникалық қадағалаусыз құрылыс жүргізілген. Бұған байланысты нұсқамалар беріліп, 2,4 миллион теңге көлемінде айыппұл салынған, кейбір нысандарда құрылыс жұмыстары сот арқылы тоқтатылған.

Алайда депутат мұнымен шектелуге болмайтынын айтады. Өйткені мәселе тек құрылыс ережесін бұзумен аяқталмайды. Бұл жерде табиғи кеңістік, су ағар арналары, тау етегіндегі экологиялық тепе-теңдік, тіпті санитариялық қауіпсіздікке қатысты сұрақтар да бар.

Сондықтан ол Үкімет пен Бас прокуратураға жолдаған ұсынысында бірнеше маңызды талап қояды. Атап айтқанда, мемлекеттік органдар жүргізген тексерулердің нәтижелерімен ішінара келіспейтінін білдіріп, көрсетілген барлық мән-жай бойынша қосымша тексеру шараларын бастауды, соның ішінде Алматы қаласының Ішкі істер департаменті тарапынан сотқа дейінгі тергеп-тексеруді ашуды сұрайды. Сондай-ақ кадастрлық материалдары жоқ 40 жер учаскесіне қатысты Ауыл шаруашылығы министрлігінің Жер ресурстарын басқару комитеті тарапынан арнайы тексеру жүргізуді ұсынады.

Фото: Видеодан скрин/mazhilis.kz

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: