Алматының Наурызбай аудандық сотында Қаңтар оқиғасы кезінде Алматыда «жаппай тәртіпсіздікке қатысты», “ғимаратқа шабуылдады”, «билік өкіліне күш көрсетті» деп айыпталып жатқан 11 адамның ісі бойынша алдын ала сот тыңдауы басталды. Айыпталушылардың біреуі абақтыға қамалған, оны үйқамаққа жіберілген.
Айыпталушылардың алды 53 жаста, ең кішісі 22 жаста: Серікбол Орынғазы (1970 жыл), Рысбек Мамыров (1975 жыл), Арман Әлімбеков (1975 жыл), Әбидолла Таубай (1978 жыл), Нұртас Қаранеев (1981 жыл), Қосай Маханбаев (1983 жыл), Серік Кекілбаев (1987 жыл), Нұрсұлтан Байкісиев (1989 жыл), Ақжол Жандарбеков (1991 жыл) Дәурен Бакиев (1999 жыл), Тұрсынбай Алпысбаев (2001 жыл)
Олардың барлығына Қылмыстық кодекстің 272-бабының («Жаппай тәртіпсіздік») 2-бөлігі («Жаппай тәртіпсіздікке қатысу»), 269-бабының («Ғимараттарға, құрылыстарға, қатынас және байланыс құралдарына шабуыл жасау немесе оларды басып алу») 3-бөлігі («өмiрге немесе денсаулыққа қауiптi күш қолдану арқылы») бойынша айып тағылған.
Істі судья Ерлан Болатов жүргізді. Алдын ала сот тыңдауы ашық өтіп жатыр.
Азаттық сөйлескен айыпталушылар тергеу обьективті өтпеді деп санайды. Олар тергеу абақтысында азапталғанын айтты. Айыпталушылар бұл туралы арыз жазған, бірақ дәлел жоқ деген уәжбен іс жабылған. Олардың сөзінше, сот процесінің жай басталуының бір себебі — 500 беттік іс құжаттары орыс тілінен қазақшаға аударылған.
Айыпталушылардың адвокаттары «айып дәлелденбеген» деп істі прокурорға қайтаруды талап етті. Адвокаттардың сөзінше, сотқа тартылып отырған 11 адам Қаңтар оқиғасы кезінде Алматының әр жағында жүрген, бір-бірімен сөз байласпаған.
Бұл істе «Алматы әкімдігіне, президент резиденциясына шабуылдады» деген айып тағылған адамдар да бар. Адвокаттар «шабуылдады деуге дәлел жоқ» дейді.
«Президент резиденциясына шабуыл жасады» деп айыпталғандар ішінде белсенді Қосай Маханбаев бар. Маханбаев – Қаңтар оқиғасында ұсталып, Алматыдағы тергеу изоляторында азапталғандардың бірі. Оны Алматыдағы дүрбелең кезінде оқ тиіп, ауруханада жатқан жерінен полиция алып кеткен. 2022 жылы қазан айында Алматы прокуратурасы Қосай Маханбаевты азаптау ісі бойынша полиция қызметкерлері үстінен түсірген шағымын жапқаны белгілі болды.
2022 жылы 5 қаңтарда Алматының орталық алаңындағы наразылық дүрбелеңге ұласып, қала әкімдігі мен президенттің резиденциясы қатты бүлінген. Бас прокуратура Алматы әкімдігі мен президент резиденциясын басып алуға мыңға жуық адам қатысқанын айтқан.
centralasian.org
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!