Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Алименттен қашқан заңнан жалтара алмайды

14.01.2021, 11:00 673

«Естімеген елде көп» демекші, аз жылдық ғұмыры­мызда неше түрлі сұмдықты естіп һәм көріп үлгердік. Әдепкіде «шетелде болыпты» деген сұмдықты естіп жағамы­зыды ұстасақ, сол оқиғалар қазір көз алдымызда болып, үйреншікті жағдайға айналып кеткендей. Бұл арқылы­ заманның алдыға жылжуымен қатар адамдық қасиеттердің кері кетіп бара жатқанын оңай түсінуге болатын­дай. Осындай бір өзгеден келген кесір әрекеттің бірі – алимент төлеуден жалтару. Қоғамда оларға «қаш­қын әке» деген есім беріп те қойыпты. Дегенмен, ол әкенің баласынан қашқаны ма әлде жауапкершіліктен бой тасалағ­аны ма, түсініксіз. Бір белгілісі, елімізде алимент­тен жалтару өзекті мәселеге айналғаны. Бүгінде әкеден бөлек шешелер де безбүйректеніп, перзентіне алимент төлеуден тартынады. Өкінішке қарай, пайдасын туған баласынан  жасырып, «байып қаламын» дейтіндер елімізде­ өте көп. Оның ішінде «қазақылықтың қаймағы бұзылмаған» деп төбеге көтеретін Сыр елі де қалыс қалмай тұр. Бүгінде өңірімізде мемлекеттік және жеке сот орындаушыларының қолында алимент бойынша 10  мыңға  жуық  іс  қаралуда.

«Ең қысқа махаббаттың өзі ең ұзақ алиментке алып келуі мүмкін» демекші, бұл қарыздан «бармақ басты, көз қысты» қылып құтылу мүмкін емес дейді мамандар. Түрлі «пысықтар» келіп, істі жабуға тырысқанымен, мемлекет бала­сынан аяғанның жағына шықпайды екен. Қазіргі таңда өңірімізде 249 іс өзекті алименттер қатарына қосылған. Ол дегеніміз алимент төлеуші не қашып жүр не баласымен есеп айырысудан мүлдем бас тартқан. Қызылорда облысы Әділет департаментінің мәлі­метінше, қазіргі таңда олардың толық қарызы 207 миллион 806 мың теңгені құрайды. Жоғарыда  айтқандай, бұл қарыздардан құтылудың оңай жолы жоқ. «Қайтармаймын» деп құйқылжытатындарды сот орындаушылар сабасына оңай түсіреді екен. Алайда алаяқтардан артылған айла бар ма? Мемлекеттің қойған бұл талабынан да сытылып кетіп жүргендер бар деседі. Қалай десеңіз, өзінің толық тапқан табысын мемлекеттен жасырып, өз мүлкін өзгеге аударады да құжат бойынша аз айлық алатын болып көрі­неді. Сөйтіп, баласына «бес теңгесін» ұстатып, өзі сауық-сайран өмірін кешіп жүре беред­і. Бұл кеселдің  алдын алу  үшін  тырысып жүргендер де  аз емес.

– Бұл  мәселенің  өзектілігі жасырын емес. Осы тұрғыда, борышкерлер алиментті уа­қытында төлеп тұруы үшін сот орындаушылардың жедел­дігі маңызды. Мүмкін­ді­гінше істі тезірек қозғау керек­. Кез келген жеке сот орындаушы өзіне түскен өтініштен бас тартуына құқы­ғы жоқ. Жеке сот орындаушысы борышкерді үкімді орындамағаны үшін әкім­шілік  жауапкершілікке  тарту­ туралы сотқа ұсыныс енгізе алады. Ондайда әкім­ші­лік айып­пұлдың мөлшерін сот төрешісі  айқындайды. Не­ме­се борышкерге айыппұлдың ор­нына 5 тәулікке дейін әкім­шілік қамауға алу жазасы тағай­ындалуы  мүмкін. Кей­бір борышкерлер мүлкін туыс­та­рының  атына рәсім­деп қоюы мүмкін. Бірақ, оларды да анықтауға болады. Салық немесе зейнетақы қоры арқыл­ы тауып­ алуға болад­ы. Мұнда тек жылдам әрекет  ету  керек,– деді заңгер­  Алтынхан  Жақсылық.

Сот орындаушылардың айтуынша, мұндай мәселемен қашып жүргендердің ара­сында әкелер ғана емес, безгек аналар да бар. Ал табысын жасырғысы келгендерді зейнетақы қоры арқылы оңай тауып­ аламыз дейді. Одан бөлек, борышын ұзақ уақыт төлемегендерді қоғамдық жұмысқа  міндеттейді  екен.

Өмір болған соң түрлі оқиғаларды басыңнан өткі­зетінің белгілі. Қос аққудай болып, айырылмастай күй кешіп жүрген жандардың да дәм-тұзы жараспай, екіге бөлініп жатқаны жанға ба­тады. Мұндай кезде жаутаңдап қалған баланы да аяйсың. Дегенм­ен, ең сорақысы –  балағ­а шашпағанын далаға шашқанды жөн көретін қашқын ата-аналардың көбеюі. Заң бойынша алимент ай сайын­ ата-анасының еңбек­ақысынан немесе өзге табысынан заңмен белгіленген мөлшерде төленуі тиіс. Атап айтқанда, 1 балаға – табысының төрттен бір бөлігі, 2 бала­ға – табысының үштен бір бөлігі, 3 және одан да көп бала­ларға табысының тең жартысы төленеді. Жұмыс істемейтін борышкердің тө­леуге міндетті алимент мөл­шері еліміздегі орташа жал­ақы мөлшерімен есептеледі. Сонымен қатар, алимент өндіруге келгенде ата-ана­сының  некеде болуы немесе азаматтық некеде болуы рөл ойнамайды.

Қала көшелері алиментті уақытында төлеуге шақыратын неше түрлі жапсырмалар мен баннерлерге толып тұр. Ол баннерлер «жүрегі жоқ» демесең, кез келген адамға әсер ететіні анық. Алайда осы уақытқа дейін жауапты ор­гандардың ескертпе жұмыстарының нәтижесі болмай келеді­. Тек банктік есеп-шоттарын жауып, «жауапқа тартамыз» деп қорқытса ғана төлеуге ниет білдіреді. Мамандардың айтуынша, елі­мізде 70 пайыз әкелер алимент төлеуден қашып жүрген көрінеді. Уақытында Бұқар жырау «Әкелі бала – жау­жүрек» деп жырлап кеткен көрінеді. Қазіргінің  келбетіне қарасақ, сол әкелердің өзі сужү­ректен  төмен  тұңғиыққа батып кетті ме дейсің. Әкесі бар баланың жебесі тастан өтетін кезге қайта оралғымыз келсе, қазақи отбасылық құндылықтарымызды  сақтап қалған  жөн.

Бекзат  АМАНОВ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: