11 шілде күні Алматыда сот Қаңтар оқиғасы кезінде «әуежайды басып алу ісі» бойынша үкім шығарды.
Судья Марат Кәкімжанов Әйгерім Тілеужанды 4 жылға бостандығынан айырып, қауіпсіздігі орташа түзеу колониясына жіберу және сот залынан қамауға алу туралы үкім шығарды. Судья үкімі бойынша, Әйгерім Тілеужанның абақтыда қамауда отырған 1 тәулігі 1,5 тәулікке, үйқамақтағы 1 тәулігі тәулікке есептелді.
Судья айыпталушылар Қалас Нұрпейісов, Нұрлан Дәлібаев, Ермұхамет Шилібаев, Жанайдар Кәрменовтің әрқайсын 8 жылға бостандығынан айырып, қауіпсіздігі орташа түзеу колониясына жіберу жөнінде үкім кесті. Олардың қамауда отырған бір тәулігі 1,5 тәулікке есептелді.
Бұған дейінгі сот жарыссөзде прокурор Бекзат Сейтімбет айыпталушылар – Қалас Нұрпейісов, Нұрлан Дәлібаев, Ермұхамет Шилібаев, Жанайдар Кәрменовтерге 11 жыл, Әйгерім Тілеужанға бес жыл жаза кесуді сұраған.
Сот үкімі шығар күні Наурызбай аудандық соты алдына сотталушылардың жақтастары, туыстары мен қоғам белсенділері бар, барлығы жүзден астам адам жиналғаны байқалды. Сот залына кіргендер айыпталушыларға бостандық сұрап ұрандатты.
Сот үкімінен кейін журналистерге сұқбат беріп үлгерген Әйгерім Тілеужан өзін кінәсіз деп санайтынын, сондықтан «ешкімнің алдында басын иіп, тізесін бүкпейтінін» айтты. Оның сөзінше үкімге биыл қаңтарда парламентте есеп берген Қазақстан бас прокуроры Берік Асыловтың «әуежайды басып алушылар» қатарында өзін де атағаны себеп болған.
Әйгерім Тілеужан мен оның адвокаты бұл мәселе бойынша Берік Асылов «кінәсіздік презумциясын бұзды» деп сотқа берген.
Үкім шығарылған тағы да үш адам сот үкімімен келіспейтінін, «Жаңа Қазақстан» соты әділетсіз өткенін айтты.
Биыл 30 наурызда Алматыда «Қаңтар оқиғасы кезінде әуежайды басып алу» ісі бойынша бес адамның соты басталған.
Тергеу орындары бұл іс бойынша журналист Әйгерім Тілеужанға, белсенді Қалас Нұрпейісовке, Нұрлан Дәлібаевқа, Ермұхамет Шилібаевқа, Жанайдар Кәрменовке айып таққан. Әйгерім Тілеужан бастапқыта абақтыда отырып, кейін үйқамаққа ауыстырылған, өзге төртеуі былтыр көктемнен бері тергеу абақтысында қамауда отырған.
Айыптау қорытындысында Әйгерім Тілеужан мен Қалас Нұрпейісов Қаңтар оқиғасы кезінде Алматы әуежайында наразы топтың алдында «билікке қарсы сөздер айтып, оларды заңсыз іс-әрекетке айдап салып, жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырған» деп көрсетілген.
20 маусымда өткен сот отырысында олардың «жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырғанын» көрсететін видеоны судья «жеткілікті дәлел бола алмайды» деп істен алып тастаған. Бұған Әйгерім Тілеужанның адвокаты Айнара Айдархан разылығын білдіріп, «біздің де сұрауымыз осы. Енді куәгерлердің сөзі ғана қалды. Әйгерімің айыбын дәлелдейтін өзге дәлел жоқ» деген еді.
Нұрпейісов, Дәлібаев, Шилібаев пен Кәрменов «ғимараттарға шабуыл жасап», «көліктерді тартып алған, бөтеннің мүлкін жымқырған» деп жазылған.
«Нұрпейісов әуежай ішіндегі жаппай тәртіпсіздікпен шектелмей, Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы (ҰҚШҰ) әскерінің келуіне жол бермеу үшін, әуе қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ететін жүйелік жабдыққа электр қуатын беретін «Қазаэронавигация» ғимаратын басып алмақ болған» деп жазылған тергеу материалында.
Қылмыстық іс бойынша, Алматы халықаралық әуежайы, «Қазаэронавигация» мен Qazaq Air, Air Astana, Fly Arystan және Scat әуекомпаниялары жәбірленуші деп танылған. Прокуратура айыпталушылардың әуежайдағы заңсыз іс-әрекетінің салдарынан әуекомпаниялар мен жеке кәсіпкерлер орасан зиян шеккен дейді. Тергеу материалдарында келген зиян көлемі 6,1 миллиард теңгеден асады деп жазылған. Оның негізгі бөлігі ірі әуекомпанияның әуежайдағы дүрбелең кесірінен жұмысы тоқтағандықтан алынбай қалған табысы деп көрсетілген.
Қамаудағы бес адам да өздеріне тағыылған айыпты мойындамайтынын әлденеше рет мәлімдеген. Айып тағылған бес адамның екеуі – Әйгерім Тілеужан мен Қалас Нұрпейісов қазіргі билікті сынайтын көзқарастағы азаматтық белсенділер ретінде танылған. Қалған үш адам бұрын-соңды белсенділігімен көзге түспеген.
38 жастағы кәсіби аудармашы Әйгерім Тілеужан үкіметке қарсы наразылық митингілеріне шығып, қоғамдық-саяси мәселелерге қатысты ой-пікірін айтып, саяси реформалар жүргізуді талап еткен. Былтырғы қараша айынан бері үйқамақта отыр. Әуелде Тілеужан іс бойынша куәгер болды, бірақ 2022 жылғы қазанда тергеушілер оны күдікті деп таныды.
44 жастағы Қалас Нұрпейісов бұрын мектепте мұғалім болып істеген. Бес баласы бар, кенжесі әкесі тергеу абақтысында отырғанда дүниеге келді. Нұрпейісов 2019 жылы наразылық акцияларына шығып, саяси талаптар айтып, азаматтық көзқарасын білдіргеннен кейін мектептегі жұмысынан айырылған. Жалғыз мүлкі – үйін тергеу соты санкцияға алған.
Тілеужан мен Нұрпейісов Қаңтар оқиғасы кезінде Алматы әуежайына барғанын растайды, бірақ «жұртты тәртіпсіздікке шақырды, өздері де қатысып, ұйымдастырды» деген айыпты мойындамайды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!