Сырдария ауданы Шаған ауылдық округінің әкімі Ұ.Абдрамановаға қатысты «Ордабай-Ата» шаруа қожалығының төрағасынан Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаментіне шағым түскен еді. Өтініш қаралып, нәтижесінде әкімнің жер кодексінің талаптарын өрескел бұзғандығы анықталды. Әкімнің заңға бағынбай, тізгінді қолына алғаны үшін
ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қызылорда облысындағы Әдеп жөніндегі кеңесінде жасаған іс-әрекеті талқыға түсіп, шешім шығарылды. Сонымен әкімнің мұндай іске баруына не себеп болды?
Әкімнің «қисық жолын» бүге-шігесіне дейін баяндап берейік. «Ордабай-Ата» шаруа қожалығының төрағасы 2021 жылдың 16 маусымында облыстық жер комиссиясына Қызылорда облысы, Сырдария ауданы, Шаған ауылдық округі аумағынан «Күріш ақтау және қымыз өндіретін шаруашылықты ұйымдастыру» жобасына ауыл шаруашылығы дақылдарын егу үшін жалпы көлемі 437 гектар жер учаскесіне уақытша өтеулі жер пайдалану құқығын табыстау туралы өтініш айтқан. Сол жылы маусым айында облыстық жер комиссиясының хаттамалық шешімі негізінде «Ордабай-Ата» шаруа қожалығына Сырдария ауданы әкімдігінің келісімі мен Шаған ауылдық округінің қоғамдық кеңесінен және Сырдария ауданының қоғамдық кеңесінен аталған жер учаскесін табыстауға келісім берілген жағдайда 2026 жылдың маусымына дейін оң қорытынды қабылдайды деген шешім шыққан.
Жоғарыда аталған шешімді негізге алған шаруа қожалығының төрағасы аталмыш ауылдық округтің әкіміне жер учаскесіне құқық беру туралы өтінішпен жүгінсе, Ұ.Абдраманова Шаған ауылдық қоғамдық кеңесінің келісімі алынбаған деген мәтінде өтінішті негізсіз қайтарған.
«Тірлікпен адал еңбегімді табамын» деп жүрген төраға әкімнің ешқандай заңнамаларға сілтеме бермей жауап қатқаны үшін Қызылорда облысының жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау басқармасына құқықтық баға беру жөнінде жүгінген. Аталған басқарманың 2021 жылдың желтоқсан айының басында Шаған ауылдық округі әкімі аппаратына шағым айтушы қожалыққа заң шеңберіне сәйкес тиісті шешім қабылдап, кемшін кеткен тұстарын ескеріп, қолданыстағы заңнамаларға сәйкестендіру керектігі жөнінде хат жолдап, қателікті жөндеуге мүмкіндік беріледі.
Көпке ұзамай 15 желтоқсанда Ұ.Абдраманова «Ордабай-Ата» шаруа қожалығына жер учаскесіне құқық табыстауға келісім беру туралы №70 шешім қабылдап, хатпен Қызылорда облысының жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау басқармасына жолдайды. Десе де әкім тағы да Қазақстан Республикасының Жер кодексінің 43-бабы 7-тармағының талаптарына бағынбай, аталмыш шаруа қожалығының төрағасына шешім қабылданғаны жөнінде көшірмені мүлдем жолдамаған.
Бұған қоса, 22 желтоқсанда Шаған ауылдық округі әкімінің жанынан құрылған қоғамдық кеңес жиналысы өтеді. Жиналыс барысында «Ордабай-Ата» шаруа қожалығына 437 гектар жер учаскесін беруге келісім берілмейді деген шешім шыққан. Сол себепті Ұ.Абдраманова 15 желтоқсанда шыққан №70 шешімнің күшін жою туралы және 22 желтоқсанда №72 шешім қабылданғаны туралы «Ордабай-Ата» шаруа қожалығына бес жұмыс күні аралығында жолдау керек еді. Алайда бір жіберген қателігін назарға алмай, тағы да сол қателікті қайталайды. Міне, әкімнің заң талабын қайта бұзғанының дәлелі. Ал әкім өз түсініктемесінде бүй деді:
– Шаған ауылында 5 мыңға жуық халық мекендейді. 2020 жылдан бастап ауылымызда «Шаған жер» ЖШС-нен өздеріне тиесілі жер үлестерін бөлек алып, серіктестік құрамынан шығу мәселесін мыңға жуық адам облыс деңгейінде көтеріп, ауылдағы қоғамдық ахуал шиелінісіп, күрделеніп, осы күнге дейін жалғасуда. Осындай келеңсіз жағдай кезінде «Ордабай-Ата» шаруа қожалығы тарапынан елді мекенге тиесілі ауқымды жер үлесі сұралды. Өтініш берушінің құжаттарын зерделеу барысында ауыл әкімі ретінде ауылымызда қоғамдық ахуалды тұрақтандыру, шиеліністі одан әрі болдырмау және оның алдын алу мақсатында облыстық жер комиссиясының хаттамалық шешіміне негізделе отырып, облыстық жер комиссиясының хаттамалық шешімінде ауылдық, аудандық қоғамдық кеңестер келісім берген жағдайда оң қорытынды қабылдансын деген шешім қабылдау үшін «Ордабай-Ата» шаруа қожалығының жер учаскесіне құқық табыстауға келісім беру туралы мәселесі ауылдық қоғамдық кеңеске ұсынылды. Бұл мәселе қоғамдық кеңестің күн тәртібінде қаралып, оң шешімін таппады.
Әдеп жөніндегі кеңесте Ұ.Абдраманова кінәсін толық мойындайтынын мәлімдеді. Алайда тексеру жүргізуге дейін шешім шығарып, істі насырға шаптырмай, заң аясында әкім ретінде өкілеттілігін іске асыруы керек екенін Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Ғалым Тұрсынбаев айтты. Әдеп жөніндегі кеңес барысында кеңес мүшесі Серік Теңізбаев әкімнің теріс қылығына «заңның құрбаны» деп баға берді. Оның айтуынша, әкім кінәлі, бірақ заң тосқауыл болып, шиеленісіп кеткен оқиғаны түзете алмаған. Ал Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы «заң бар болса, бағыну керектігін» алға тартты. Дей тұрғанымен, әкім бол, басқа бол – бәріне заң ортақ. Ауыл әкімі жер кодексінің талаптарында айқындалмаған, яғни, қоғамдық кеңестің келісімі алынбаған деген негізбен, «Ордабай-Ата» шаруа қожалығының құқықтарын шектеген. Сондықтан кеңес төрағасы шаруа қожалығының құқықтары мен заңды мүдделерін іске асыруына ашық кедергі жасап, Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Заңының 50-бабы 1-тармағының 11-тармақшасында көзделген мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылықтарға жол бергені үшін Сырдария ауданы, Шаған ауылдық округінің әкімі Ұ.Абдрамановаға «қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту» түріндегі тәртіптік жазаны қолдануды ұсынды. Әдеп жөніндегі кеңес әділ шешімін шығарды. Десе де бейберекет әркім өз қалауымен жүгенсіз кетсе, тіпті мемлекеттік қызметкерлер қисынсыз әрекетке жол беріп жатқанда заңнан бейхабар жұртшылық алаңсыз кетіп, елдің бейбіт өміріне кедергі келтіретіні анық.
Сондай-ақ, әдеп кеңесінде мұнан бөлек өзге де мәселелер қаралды. Атап айтсақ, облыстық білім басқармасының мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңнамалары мен Әдеп кодексі бұзушылықтарының профилактикасы бағытында атқарылған жұмыстары туралы облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Бағдат Бердәулетов «Білім беру ұйымдарына жалған диплом, сертификаттармен соттылығы бар педагогтер мен техникалық персоналдардың жұмысқа орналасуының алдын алу бойынша ішкі талдау негізінде зерделеу жұмыстары жүргізіліп, нәтижесінде анықталған 112 факті бойынша құзырлы органдарға ұсынылып, тиісті органдар тарапынан қылмыстық іс жүргізу жұмыстары басталды» деп есебін айтты. Сыбайлас жемқорлық тәуекелі жоғары салаға байланысты Әдеп жөніндегі кеңес облыстық білім басқармасының басшысына аталған бұзушылықтарды болдырмау жөнінде шешім шығарды.
Күн тәртібіндегі тағы бір мәселе облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының қызметінде жүргізілген сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау қорытындысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстық департаменті басшысының бірінші орынбасары Ғалия Әлімқұлова баяндама жасады. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Талғат Дүйсебаевтың да есебі тыңдалды.
Сонымен қатар, әдеп жөніндегі уәкілмен атқарылған жұмыстар туралы Қармақшы ауданы әкімі аппаратының басшысы, әдеп жөніндегі уәкілі Айбол Нұров пен Қызылорда мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаменті басшысының орынбасары, әдеп жөніндегі уәкілі Серік Омаров кеңес мүшелеріне есебін берді. Нәтижесінде әрбір мәселе бойынша зерттеліп, оң шешім шығарылып, жұмыстарды ширату жөнінде жауаптыларға тапсырмалар берілді.
Азамат АБИМОЛДА
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!