Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Адалдыққа бастар ашық әңгіме

06.02.2026, 16:00 51

Көзді киіз шормен таңсақ та, кей індеттің барын іркіп қала алмаймыз. Яғни, бармақ басты, көз қысты әрекеттің алдын алу – қоғамдағы келеңсіздік пен теріс түсінікті де жоймақ. Майшаммен қарарлық мәселеге мейлінше көңіл бөлген ҚАЖ департаментіне қарасты №68 мекемесі сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес және адал қызмет қағидаттарын нығайтуға арналған маңызды кездесу өткізді.

Жиын барысында Президенттің сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат жөніндегі тұжырымдамасы кеңінен түсіндіріліп, соңғы жылдары енгізілген заңнамалық өзгерістер мен жаңашыл бастамаларға ерекше екпін берілді. Бұл туралы ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаменті Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу басқарма басшысы Жұмаев Сәкен Бауыржанұлы толық баяндады. Әрі қарай басқарманың бас маманы Қозбағарова Жанар Жалғасбайқызы жүйелі сөз сөйледі. Яғни, құқық бұзушылықтардың алдын алу жолдары, күмәнді жағдайларда жүгіну тетіктері және әр қызметкердің жеке ұстанымының маңызы жайында мардымды ақпарат берді.

Ашық әңгіменің түп-төркіні – қоғамда ашықтық пен әділдік орнатсақ деген ортақ ой, ортақ мүдде. Бұған әр азаматтың саналы әрекет етуі әсер ететіні рас. Қызылорда облысы бойынша ҚАЖ департаменті Өзіндік қауіпсіздік тобының АМІЖ аға жедел уәкілі әділет подполковнигі Жоламанов Серік Данабекұлы сыбайлас жемқорлықтың салдарына нақты мысалдар келтіріп, қызметтік өкілеттікті теріс пайдаланудың ауыр зардаптарға әкелетінін жеткізді. Сондай-ақ, Серік Данабекұлы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат жөніндегі 2024–2026 жылдарға арналған іс-қимыл жоспары», заңдылық пен тәртіпті нығайту бағытындағы “Заң мен тәртіп”, «Адал полицей» қағидаттарының маңыздылығы, қызметкерлердің адалдығы мен жемқорлыққа тұрақтылығын анықтауға бағытталған арнайы профилактикалық шара «Integrity Check» туралы да тілге тиек етті. Бұл жеке құрам қызметкерлерінің жаңсақтыққа ұрынбай, жауапкершілікпен жұмыс істеу керегін еске салды.

Жиында қос бірдей бейнематериал назарға ұсынылып, көпшілік деректерге ден қойды. Мұның өзі кездесуден түйген ойдың келте болмайтынын ұғындырғандай.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: