Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

500-ден аса жеке тұлғаның өтініші қабылданып, «банкрот» статусы берілді

09.08.2024, 15:10 146

Қала әкімдігінің баспасөз орталығында Қызылорда қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы Фердоуси Қожабергеновтың қатысуымен брифинг өтті. Басқарма басшысы жалпыға бірдей декларациялау, жеке тұлғалардың банкроттығы бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.

– Өздеріңізге белгілі, биыл жалпыға бірдей декларациялаудың 3-ші кезеңі басталды. Үшінші кезеңде заңды тұлғалардың басшылары мен құрылтайшылары және олардың жұбайлары, сондай-ақ дара кәсіпкерлер, олардың жұбайлары (зайыптары) 2024 жылдың 15 қыркүйегіне дейін декларация ұсынуға міндеттелген. Декларацияны электрондық түрде салық төлеушінің кабинеті (cabinet.kgd.gov.kz) арқылы ұсынуға болады. «Электрондық үкімет» порталы (egov.kz), сондай-ақ e-Salyq Azamat және eGov mobile, halyk, kaspi.kz мобильді қосымшалары арқылы жүзеге асырылады. Айта кету керек, жеке тұлғаның кірістері мен мүлкі туралы декларациясына (270.00 СЕН) өзгерістердің енуіне байланысты уақытша e-Salyq Azamat мобильді қосымшасы арқылы декларацияны ұсыну тоқтатылды. Алайда, салық төлеушінің кабинеті арқылы ұсынуға болады. Өзгертілген нысанда айлық табысты көрсету қажеттілігі туындамайды, – деді басқарма басшысы Фердоуси Әбілқасымұлы.

Бүгінде Қызылорда қаласы бойынша «Жеке тұлғалардың активтері мен міндеттемелері туралы» декларацияны (250.00 СЕН) міндеттелген 38 926 жеке тұлғаның 25 788-сі (66,2%), «Жеке тұлғалардың кірістері мен мүлкі туралы» декларацияны (270.00 СЕН) 58 662 жеке тұлғаның 49 260-сі (84,0%) ұсынған.

Аталған жалпыға бірдей декларацияны белгіленген мерзімде ұсынбаған жағдайда, ҚР-ның «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодексінің 272-бабына сәйкес әкімшілік шара көзделген. Бірінші рет ескерту түрінде, егер екінші рет бір жыл ішінде қайталанса 15 айлық көрсеткіш айыппұл салынады.

– Өткен жылдан бастап елімізде жеке тұлғалар банкрот болуға өтініш бере алатын болды. Азаматтар «жеке тұлғаның банкроттығын» қолдану үшін үш түрлі нұсқаның бірін таңдай алады. Соттан тыс банкроттық, сот банкроттығы және төлем қабілетін қалпына келтіру. Өткен жылдан биылға Қызылорда қаласы бойынша жеке тұлғалардың соттан тыс банкроттығы бойынша 3310 өтініш түсіп, 535 жеке тұлғаның өтініші қабылданып, «банкрот» статусы берілді, – деп қорытындылады басқарма басшысы.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: