Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

40 КҮНДІК ӘСКЕР: тәртіп пен тәрбие

21.01.2021, 11:30 1506

Бұрындары  жігіттер  әскерге  аттанса, ауыл-аймақ ел болып шығарып  салып, ер  қылып  қарсы алушы еді. Ердің сыналатын да, шыңдалатын да мекеніне айналған шекара бойы қаншама батырд­ы «қайта туды» десеңші. Алайда сол кездегі әскери өмір мен бүгінгі әскерде ұқсастық аз. «Шекараны шегендеймін» деп жүргенде бір жылың көзді ашып-жұмғанша өте шығады. Бір жыл былай  тұрсын,  қаламыздың  қақ  ортасында  орналасқан Қызылорда­ әскери-техникалық мектебінде 40 күн ішінде сарбаз атанып  шығуға  болатынын  білмейтіндер  де бар. Ол үшін бірнеш­е  талаптарға  сай  болып, мемлекетке  тиісті  қаржысын  төлесеңіз  болды.

Қазақ – жауынгер халық. Ежелден ерлері өжеттілігімен һәм қайсарлығымен танылған ұлттың ұрпағымыз. Бұрындары шекараны қорғау үшін найзасына үкі тақсақ, бүгінде сол беткейге жас сарбаздарын жіберіп, отансүйгіштікке һәм жауынгерлік әдіс-тәсілдерге үйретеміз. Алайда сол жас­тарды 40 күндік әскерге жіберіп, патриот етіп шығаруға болады ма? Қоғам қалдырмай айтып жүрген «аз уақытта­ батыр дайындап жарытпаспыз» деген­ пікір қисынға келеді ме деген сұрақтарға жауап іздеп, мекемеге аттандық. Сондағы сарбаздармен тікелей байланысатын Қызылорда қаласы әскери-техникалық мектебі бастығының орынбасары, ауған соғысының ардагері Қайраддин Баймахановпен кездес­іп, осы жайындағы ойын тыңдадық.­

Қайраддин  БАЙМАХАНОВ:

– Біздің  мекеменің басты мін­деті – жастарды  отансүйгішттікке тәрбиелеу. Біздің мемлекетіміз бейбітшілік жолында. Сондықтан да бір жылдық әскер саны қысқартылған. Барлық жастарға бірдей өзінің отан алдындағы борышын өтеуге орын жоқ. Көбісінің солай жасы да өтіп кетеді. Осы тұрғыда, біздің мекемеге келіп, әскери борышын өтеп кетуге болады. Көпшілік қазір «40 күннің ішінде сарбаз дайындау мүмкін емес» деп ойлайды. Дегенмен, бұл – қате пікір. Қай елдің әскеріне  зер  салсақ та, алғашқы әскери­ дайындық кезеңі 1-2 айды ғана құрайды. Біздің еліміздің әскері де дәл сондай. Қалған уақыттарда сарбаздар әскери қызметін атқарып жүреді. Демек­, 40 күн ішінде сарбаз дайындауға болады. Кез келген ынтасы бар жастан осы уақыт ішінде елін қорғауға лайықты сарбаз шығарып бере аламын. Білім алып жатқан әр жігіттің денсаулығы мен көзқарасында оң өзгерістер бар екені байқалып тұрады. Мұнда да дәл әскердегідей шын қаруды асынып, нағыз­ сынаққа тап болады.

Мұнда келіп, сарбаз атанамын деуші­лерге қойылған талаптар бар. Ең бірінші сарбаздың жасы 24-тен жоғары болу керек. Мұндағы білімнің құны 263 мың теңгеден басталады. Мекеме бір мезетте 60 сарбазды даярлап шығаруға мүмкіншілігі бар екен. Оқу корпусында сарбаздардың білім алуы үшін талапқа сай жағдай жасалған. Корпус қарамағында казарма, асхан­а, оқу бөлмелері, жабдықтар, жаттығу алаңы, спортзал, мұражай бар. Сонымен қатар, тәжірибелі ұстаздар білім беріп, соғыс ардагер­лерімен кездесулер жиі ұйымдастырылып  тұрады.

Қайраддин  БАЙМАХАНОВ:

–  Мен өзім сарбаздарды мергендікке дайындаймын. Келген сәттен-ақ, «құралайды көзге атқан» мерген болып шыға келетін жігіттер бар. Өзінің ынтас­ы болса болды. Кейде кейбір сарбаздардың ата-аналары келіп, баласымен көріскісі келеді. Дегенмен, біз оны барынша тежеуге тырысамыз. Себебі, олар – отан қорғаушысы. Ел мен жұрттың аманатын арқалаған азамат. Мінезі мен жігері де соған сай болуы­ керек. Өзі шешім қабылдап үйренуі­ керек. Сол үшін де ондай жағдайды азайтуға тырысамыз. Қазіргі жастардың бар жағдайы жасалған. Соның салдарынан көбісі – әлсіз. Біздің өңіріміздің ауа райы құбылмалы. Кейде соның әсерінен сарбаздар тарапынан ауырып тұрғанын естимін. Сонда оларға­ қарап: «Күн мен желге, ауа райын­а шағымды маған айтпаңдар. Бұл – сендердің отандарың. Ата-бабамыз қалдырған аманат. Ұнаса да, ұнамаса да, осы жағдайға көну керек» – деймін. Осы сөздерден кейін ешкім қайта  шағымданбай, керісінше жігерлене  түседі.

Мекеме карантин уақытында да жұмыс істеген. Дегенмен, қатаң талап­тарды толықтай ұстанып, сырт­қы әскери мектептермен байланыстары азайған. Көптеген кездесулерді де тоқтатуға тура келген. Одан бөлек, жарыстар мен түрлі әскери сайыс­тарды да азайтуға мәжбүр болған екен. Санитарлық нормаларды қатаң қадағалаудың нәтижесінде, мұндағы сарбаздардың ешбірінен індет белгілері  анықталмаған.

 Қайраддин  БАЙМАХАНОВ:

– Сарбаздар келмей тұрып, алдымен есік алдында жеке сөйлесіп аламын. Өз еріктерімен келгенін және әскери өмірдің ащы-тұщысына шыдай алатындарын нақтылап сұрап аламын. Әскери өмір – қызығы мен қиындығы қатар жүретін керемет кезең. Мен Ауған соғысында бірге болған қаруластарыммен осы күнге дейін байланыс­тамын. Бұл – сол кездегі қиындықтан туған  бауырмалдық. Жас сарбаздарға осыны айтып, жігерлерін шыңдауға тырысамын. Олардың да сөзбен жігерленетінін кейде байқаймын. Бірде мемлекеттік нормативтік емтиханда бір топ жас сарбазға 3 шақырымға жүгіру міндеттелді. Бірнеше сәттен кейін әлгі топ екіге бөлінді. Артында 30 шақты жас жігіт әлдері құрып, аяқтарын әрең көтеріп келеді. Ал алдағы 15 жігіт бір-бірімен әзілдесіп, жеңіл жүгіріп келе жатыр. Соны анықтап қарасақ, сол алдында жүгіріп келе жатқан жігіт­тердің барлығы біздің түлектер болып шықты. Осыдан-ақ, біздің мекеме елін қорғайтын азаматтарды дайындауға әзір екенін білуге­ болады.

Қызылорда әскери-техникалық мектебінің ұраны бар. Онда «ұл болсаң шоқ бол, шоқ болмасаң жоқ бол» делінг­ен. 40 күннің ішінде зұлмат заман келе қалса, мұндағы сарбаздар  психологиялық  жағынан да, физиологиялық жағын­ан да алдыңғы шепте тұруға дайын. «40 күндік  сарбаздар қыр­қына­ шыдап, қырық біріне шыда­майды екен» деген әзіл сөздің де негізсіз екенін көріп қайттық. Мұнда жауынгерлер арнайы бекітілген тактикалық, әскери-медициналық және әскери топография секілді түрлі маңызды пәндер бойынша білім алады. Басты мақсат – ел басына қауіп төне қалған  жағдайда қорған  болар әскери­ білімі мен қарым-қабілеті, патриоттық сезімі бар  өрендерді  даярлау.

Бекзат  АМАНОВ,

Н.Нұржаубай (сурет)

Пікірлер:

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: