Қызылордада құқықтық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған кезекті кездесу өтті. Бұл жолы облыстық Полиция департаментінің Қоғамдық қауіпсіздік басқармасының бастығы, полиция полковнигі Ердәулет Жаукеев И.Әбдікәрімов атындағы политехникалық жоғары колледж студенттерімен жүздесті.
Іс-шара Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі жариялаған «Заң мен тәртіп – қауіпсіз балалық шақ кепілі» жылы аясында ұйымдастырылды. Кездесуге оқу орнының 1–3 курс студенттері қатысып, құқықтық сауаттылықты арттыру мен жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу мәселелері кеңінен талқыланды.
Полиция өкілдері жастарға заң талаптарын сақтаудың маңызын нақты мысалдар арқылы түсіндірді. Әңгіме барысында бұзақылық, суық қару алып жүру, буллинг пен кибербуллинг, сталкинг, некеге мәжбүрлеу, есірткіге қатысты құқықбұзушылықтар және әкімшілік жауапкершілік жайы қозғалды. Сонымен қатар қоғамдық тәртіпті сақтау, жол қозғалысы ережелерін қатаң ұстану және интернет кеңістігіндегі алаяқтық әрекеттерден сақтану жолдары да жан-жақты айтылды.
Кездесу барысында құқық қорғау органдары еркіндік пен жауапкершіліктің өзара тығыз байланысын ерекше атап өтті. Заңды құрметтеу мен жеке қауіпсіздікті сақтау әр адамның күнделікті таңдауы екенін жеткізді.
Шара ашық диалог форматында өтіп, студенттер көкейінде жүрген сұрақтарын қойып, пікір алмасты. Мұндай кездесулер жастардың құқықтық мәдениетін қалыптастыруға, олардың саналы азамат болып қалыптасуына және қауіпсіз қоғам құруға үлес қосуға бағытталған.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!