HALYQLINE.KZ Соңғы бес жылдың ішінде елімізде іздеуде жүрген адамдардың 518-і басқа елдерге берілді. Олардың 346-сы елге қайтарылды. Бұл туралы Сенаттың кезекті отырысында Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің мүшесі Нұрлан Бекназаров мәлімдеді.
Сенат депутаты өз банядамасында экстрадициялау саясаты бойынша еліміз ең көп ынтымақтастық орнатқан елдерді атады.
«Экстрадициялау мәселелері бойынша ең көп ынтымақтастық жүзеге асырылған мемлекеттер – Өзбекстан, Ресей, Қырғызстан. Осы жылдың 1 сәуірдегі жағдайы бойынша еліміздің құқық қорғау органдарымен іздестіруде 2 341 адам бар, оның ішінде мемлекетаралық іздестіруде – 750, халықаралық іздестіруде – 1 591 адам», – деді Нұрлан Бекназаров.
Жалпы белгілі болғандай, Қазақстан бүгінде 27 мемлекетпен Қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек туралы шарттар жасасқан.
«Қазір Португалия, Кипр, Доминикан және Аргентина елдерімен қол қою жұмыстары жүргізіліп жатыр. Былтыр басқа мемлекеттерге 163 сұрату бойынша құқықтық көмек көрсеттік. Біздің 185 өтінішімізді шетел органдары орындады», – деп нақтылады ҚР Бас Прокурорының бірінші орынбасары Берік Асылов.
Жоғары палатаның отырысында қосымша баяндама жасаған Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің мүшесі Сұлтанбек Мәкежанов бүгінде шетелде қанша қазақстандық азамат жазасын өтеп жатқандығын мәлімдеді.
«1 сәуірде берілген статистикалық мәліметтерге қарайтын болсақ, бүгінгі таңда 922 сотталған қазақстандық шетелде жазасын өтеуде. Керісінше 970 сотталған шетілдік азаматтар біздің елде жазасын өтеп жатыр», – деді Сенат депутаты.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!