Бала – болашақтың белгісі, келешектің кілті және қоғамның ең әлсіз әрі кіршіксіз таза тобы. Бірінің жалғызы, бірінің аңсап жеткен әлдиі, ал енді бірінің өмірінен үміт күтер, арқасүйер аманаты. Біз балаға теңеуді ең тәтті деген ықыласпен келтіреміз. Расын айту керек, «өмірдің ең үлкен сыйы – бала» деген. Бүгін де осы бала болашағына жасырын жасалатын қараңғы қылмыстардың, оның ішінде қоғам «құбыжықтарының» ең қорқынышты қылмыстарын саралауды құп көрдік. Әрине, бұл тақырып біздің елде әлі де ашық айтылмайтын, талқылауды таңсық санайтыны рас. Десе де, бүгін осы мәселеге бейжай қарап өтпей, еліміздегі, оның ішінде аймағымыздағы бала өміріне қатысты біршама қылмысқа көз жүгірткенді жөн көрдік.
Бауыр етімізге балайтын баланың бал дәуренін бұзып, өміріне ұмытылмас жара салатын қара ниетті жандарға қоғам әу бастан қарсы. Еліміздің әр өңірінде қайталанып жатқан осы айтуға да ауыз бармайтын азғындық оқиғалардың үдеуіне үнсіз қарап қалмау – азаматтық белсенділіктің артуының айқын көрінісі.
Иә, «қазанның қайнағанын қара, баланың ойнағанын қара» дейтін халқымыз үшін баланы көзден таса етпеуге бағзыдан үлкен мән берілген. Бірақ бұрынғы қауіп басқадан – оттан, судан, тілсіз жаудан сақтандырар еді. Ал қазіргі адам қолы деп атауға келмейтін азғындық әрекеттердің әр жерден көрініс беруін қалай түсінуге болады? Заман азды ма, адам азды ма?!
Жантүршігерлік жайттардың балаға қатысы барын естігенде есеңгіретіп, соншалықты қатыгездікке баратын қаскөйлердің қылмысы қайран қалдырары рас. Азғындардың айтуға ауыз бармайтын әрекетін шетел жаңалықтарынан естіп, көріп жүрсек, өкініштісі сол, бүгінде осындай азғындықтың бір сипаты елімізде де көрініс тапқанына куә болып жүрміз.
ЮНИСЕФ зерттеулеріне сүйенсек, әрбір төртінші бала аталмыш қылмыстың құрбанына айналады екен.
ЗАҢ НЕ ДЕЙДІ?
«Бұл мәселеге заң қандай баға береді?» деген сұрақ туындайды. Заңгерлердің пікірінше, Қазақстан Республикасының заңнамасы балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың әрбір түрін қатаң түрде жазалайды. Қылмыстық кодекстің 120-бабы «Балаға қатысты қылмыстар» деп аталып, балаларға қарсы жасалған зорлық, азғындық және басқа да құқыққа қарсы әрекеттер үшін ауыр жазаларды қарастырады дейді «MARKIZANT» заң орталығының заңгері Жасұлан Мизамадин.
– Заң бойынша балаларға қарсы жасалған зорлық-зомбылық пен азғындыққа бейім қылмыстар нақты және қатаң жазаланатыны белгілі. Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінде балалар мен кәмелетке толмағандарға қатысты бірнеше маңызды баптар қарастырылған. Мәселен, 120-бапқа сәйкес, зорлықпен немесе қорқыту арқылы жыныстық қатынасқа түсу әрекеті зорлау деп бағаланады. Егер мұндай әрекет кәмелетке толмаған бала не жасөспірімге жасалса, жазасы 17-ден 20 жылға дейін бас бостандығынан айыру немесе өмір бойына бас бостандығынан айыруға дейін қатаңдатылады. Ал, 121-бап бойынша, зорлықпен немесе қорқыту арқылы жасалатын басқа да жыныстық сипаттағы әрекеттер де кәмелетке толмағандарға қатысты болған жағдайда 12-ден 20 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын қарастырады. Сонымен қатар, 122-бап балалармен жыныстық қатынасқа түсу немесе басқа да жыныстық сипаттағы әрекеттер жасау үшін, әдетте, 5-тен 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын белгілейді, ал егер қылмыскер бала тәрбиесіне жауапты тұлға не туысы болса, жазасы қатаңдатылады. 123-бапта да бопсалау, қорқыту немесе материалдық тәуелділікті пайдаланып адамды жыныстық қатынасқа көндіру әрекеттеріне де ауыр мерзімдер көзделген. Сондай-ақ, 124-бапта кәмелетке толмағандарды бұзу, яғни азғындық әрекеттерге тарту, оның ішінде күш көрсетусіз болса да, заңмен қатаң жазаланатыны айтылады. Мұндай қылмыс қайталанса, 10 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру қарастырылған, ал егер зорлық жасаушы тұрмыстық жауапты тұлға болса, жазасы одан да қатаң болады. Сонымен қатар, 134-бап балаларды жезөкшелікке тарту немесе кәмелетке толмағандарды жыныстық қызмет көрсетуге тарту, ал 144-бап балаларды эротикалық мазмұндағы өнім жасауға тарту үшін де жауапкершілік қарастырылған.
Яғни, заңда балалардың жыныстық тиіспеушілігін бұзу, зорлау, азғындыққа тарту және басқа да азғындық сипаттағы әрекеттерге нақты баптар бар, — дейді заңгер.
Жоғарыда заңгер атап өткендей, егер зорлаушы туысы, өгей әкесі немесе балаға тәрбиелік жауапты адам болса, бұл заңда ауырлататын жағдай ретінде қарастырылады. Мұндай қылмыстар үшін жазалау қалыптыдан әлдеқайда қатаң болады. Соттар дәлелденген істерде уақытша немесе өмір бойына бас бостандығынан айыру жаза түрін тағайындайды, әрі татуласу, бітімге келу немесе айыптаушы мен кінәлі тарап арасындағы келісім бойынша жеңілдету рәсімдері қолданылмайды, яғни балаға қарсы зорлық істерінде жеңілдетілген жазаға жол жоқ.
Иә, осы соңғы тарау бойынша елімізде қылмыстық істер көбейіп кеткені алаңдатарлық. Мұндай қылмыстардың жазасыз, жәбірленушінің жәрдемсіз қалғанын әзірге көргеніміз жоқ. Бұл ретте елімізде заң аясы жақсы көрсеткіш көрсетуде. Халық та қылмыскерлерге қарсы тұра біліп, бұрынғының «ұят болады» ұғымын ұстанбай, жәбір көрген жасөспірімдер мен балалардың болашағы деп заңға жүгініп, қылмыскердің жазасыз, қылмыстың жауапсыз қалмауына белсене атсалысуда.
АЙМАҚТАҒЫ АХУАЛ
Ал, енді аталмыш қылмыстың еліміздің әр аймағында «мүлдем жоқ» деген көрсеткішсіз болып жатқандығы қынжылтады. ЮНИСЕФ-тің зерттеулеріне сүйенсек, мұндай оқыс оқиғаға 2-14 жас аралығындағы балалар мен оған қарсы қылмысқа баратындар 31-40 жас аралығындағы сексуалды белсенді ер-азаматтар екендігі айтылған. Мұндай қылмыс шалғайдағы аймақтарда ғана емес, елордамыз Астанада да бір емес, бірнеше мәрте қайталанып жатқандығы өкінішті. Осындай қылмыстардың бірі біздің аймағымыз – Сыр елінде де болған. Атап айтар болсақ, биыл жаз айларында 15 жастағы оқушы қыз студент ересек жігіттен зорлық көргендігін және кейіннен ол жігітке отбасы мүшелерінің ықпалымен қылмыс деп танымай, тұрмысқа шығып, отбасы болған күннен кейін де біршама қорлық көргендігін айтып, аймағымыздағы заң өкілдерінен көмек сұраған болатын. Нәтижесінде, кәмелетке толмаған жасөспірімді зорлады деген айып тағылып, іс тергеуде жүріп жатқандығы мәлім болды. Одан бөлек, өткен жылдары резонанс тудырған оқиға – оқушы қызды құрдастары секс-құлдыққа мәжбүрлеген жігіттердің қылмысы әшкере болып, іс қозғалып, сот процесі 2025 жылға дейін созылып, 4 жыл 8 айдан бастап 9 жылға дейінгі бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған болатын.
Сондай-ақ, осы жылдың қараша айында жыныстық зорлыққа қатысты бір емес екі жағдай елді есеңгіретіп, үлкен резонанс тудырды. Нақтырақ айтар болсақ, Қызылорда қаласындағы №253 мектептің 10-сынып оқушысы өгей әкесінің тарапынан зорлық көрді деген ақпар таралса, Шиелі ауданында 5 жастағы бүлдіршінді 40 жастағы туысы зорлағаны туралы жағдай тіркеліп, іс құзырлы органдардың қатысуымен тергеліп жатқандығы мәлім болды. Осы соңғы оқиғаларға қатысты ақпараттарды нақтылау мақсатында Қызылорда облысының балалар құқығын қорғайтын уәкіл Жақсыгүл Тоғановамен тілдескен едік. Оның айтуынша, іс назарға алынып, тергеу жұмыстары жүргізілуде және екі қыздың да жағдайы бақылауда.
– Шынымды айтсам, бұл жағдайды ақпараттандырудың өзі өте ауыр. Жағдай расымен қиын. 5 жастағы бүлдіршінге ота жасалынып, жағдайы қазір бірқалыпты. Екі қызға да психологиялық, медицицналық сүйемелдеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Біздің тараптан қолдан келгенше көмек көрсетіліп жатыр.
Негізінде, мұндай оқиғаларда тек біржақпен ғана емес, екінші тарап – ата-анамен де жұмыс істейміз. Бала құқығына қатысты қандай да бір мәселе болса, алдымен бала құқығын қорғайтын уәкіл ретінде біз бірініші әрекет етеміз. Әрине, ата-анасының рұқсатымен. Облыста психологиялық қолдау орталықтары мен аурухана бірігіп жұмыс істейді. Сот процестеріне де кейде ата-ана өтінішімен, сондай-ақ Республикалық адвокаттар алқасының Төралқа мүшесі, Қызылорда облыстық адвокаттар алқасының төрағасы Мейірбек Даубалаевтың рұқсатымен қатысып, бала құқығын қорғауда аянбаймыз.
Жалпы, біз балалар мен жасөспірімдерге қатысты қандай да бір оқыс оқиғаларда алдымен алгоритм бойынша жұмыс істейміз. Оның ішіне зерттеу, психологиялық, медициналық, құқықтық қолдау, сүйемелдеу жұмыстары кіреді. Республика бойынша 111 байланыс орталығы жұмыс істейді, сол орталықтан облысқа қатысты істер маған түседі. Өкінішітісі сол, биыл 111 байланыс нөміріне 27 оқыс оқиғамен қоңырау түсті. Оның ішінде, тек зорлық-зомбылық сипатындағы қылмыстар ғана емес, түрлі айып тағылып, арнайы колонияға жазықсызбын деп түскен балалардың ата-аналарынан түскен қоңыраулар да көптеп кездеседі, — дейді Жақсыгүл Тоғанова.
ТҮЙІН. Бұл сіз бен біз білген, естіген не көрген оқыс оқиғалардың төрттен бірі екендігі анық. Ал ел естусіз, біз білмейтін «ұят боладының» тасасына тығылған қаншама қылмыс, небір ауыр оқиғалар бар. Тасадағы қылмыстың жауапсыз, қылмыскердің жазасыз жүргендігі, жәбірленушінің жәрдемсіз, ішіне тынған бір жасырған құпиясы болып қалатыны өте өкінішті.
Бала саулығы, амандығы тек ата-анаға ғана артылған міндет емес, тұтас ұлтқа артылған жауапкершілік екендігін ескеріп, есімізден шығармағанымыз ұлт болашағы үшін жасалған парызымыздың бірі деп білгеніміз абзал.
Перизат ЗАХРАДИН
Коллаж: egemen.kz
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!