2023 жылдың бірінші тоқсанында қазақстандық қонақүйлер 43 миллиард теңге табыс тапқан.
– Шетелдік және ішкі туристер санының артуына байланысты қонақүй қызметі өсті. Мәселен, жаз бастала біздің елге келген шетелдік демалушылар саны былтырға қарағанда үш есе артқан. Қытайдан – 8,5 есе, Үндістаннан – 4,7 есе, Оңтүстік Кореядан – 3,8 есе, Ираннан – 3,8 есе, Германиядан – 3 есе, АҚШ-тан – 2,2 есе», – дейді tengritravel.kz.
Байқағанымыздай, Қытайдан келушілер қатпап келе жатыр. Мұның өткенде жарияланған визасыз жежимге қатысы бар-жоғы белгісіз. Еліміздің Сыртқы істер министрлігі Қазақстан мен Қытай арасындағы визасыз режимнің екі жақты келісімшартты арнайы қаулы ғана бекітіп, ол күшіне енбеген деп отыр.
– Қазақстан үкіметі осы келісімді бекіту туралы қаулыны қабылдаған кезде бірнеше ақпарат құралы қате ақпарат таратып, келісім күшіне енді деп жазып жіберді. Ол дұрыс емес. Біздің қаулымыз Қазақстан ішкі процедураларды аяқтады дегенді білдіреді. Енді біз Қытай тарапынан ішкі процедуралардың ақталғаны туралы тиісті хабарламаны күтеміз. Хабарлама келгеннен бастап 30 күнтізбелік күннен кейін келісім күшіне енеді», – деді Смадияров бүгінгі брифингте.
26 шілдеде Қазақстан үкіметі Қытаймен виза талап етуден босату жөніндегі өзара келісімді бекітті. Бұл келісімге сәйкес, екі елдің азаматтары 30 күнге дейін визасыз жүре алатын болады. Биыл 17 мамырда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қытайға барған сапарында аталған келісімге қол қойған. Қазақстан мен Қытай арасындағы шекара қашықтығы 1 783 шақырымға созылып жатыр.
Былтыр шілде айынан бері Қазақстан Қытай, Үндістан және Иран елдерінің азаматтарына 14 күнге дейін біржақты визасыз режим енгізген.
Қазақстан мен Қытай арасындағы визасыз режимнің келісімге келуі қоғам тарапынан сынға ұшыраған. «Халық парламенті» деп аталатын белсенділер ұйымы бұған ашық қарсылық танытты.
Визасыз режимнің басталғаны туралы ақпарат Сыртқы істер министрлігінің ресми сайтында жарияланатын болады.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!