Қызылордадан бір топ делегация Астана қаласына Президентті ұлықтауға чартерлік рейспен ұшып бардық. Бәрі тамаша, көңілдегідей болды. Тек қайтардағы мына оқиға болмаса…
Жақсы көңілмен Қызылорда бағытына қарап көтеріле бергенде ұшақтың моторы өшіп қалды. Кабина жақтан бір жолсерік жүгіріп шықты. Біз аң-таң. Әлі есімде, жолсерік ер бала ентігін баса алмай, «бұзылып қалдық» деді. Қапелімде ұшақ іші абыр-сабыр болып кетті.
Сөйтсек, ұшатын кезде қатты күшпен тұла бойы дірілдегенде өте бір маңызды тетігі ұшып кетіпті. Көретін әлі де жарығымыз бар екен. Ұшақ командирі техникалық ақауға байланысты ұша алмайтынымызды жеткізіп, кешірім сұрады. Иллюминатордан қарап отырмыз, бір май-май сары трактор біздің ұшақты тартып келеді. Қарапайым біз сияқты қызметкерлер көп нәрсені білмейді екенбіз. Делегацияның үлкені Сейілбек Шаухаманов ағамыз ашуын алдымызда отырған парламент депутаттарынан алды.
Менің түсінгенім, біз қазір неміс, жапон, кәрістің ескі көліктерін жерде қалай айдап жүрсек, мына ұшқыштар да әуеде сондай техника мініп жүргендей көрінді. Баяғы немістермен соғысқанда «Фокер слева», «Фокер справа» деп кинода көретін «Фокер» ұшағының жасы келіп қалған ұрпағын мініп жүр екенбіз, жарықтық. Ұшқыштарда кінә жоқ, олар алып бергенімен ұша береді екен, біз сияқты. Мәселе – үкіметте, оны қадағалап рұқсат беретін депутаттарда екен. Обалы не керек, айтуға болмайтын көп нарсені ағамыз айтып салды. Салондағы облыстың, ауданның басшыларында үн жоқ. Мен сол кезде ардагерлер кеңесі төрағасының қандай беделді кісі екенін көрдім. Жалпы, аспандада жағдайымыз жермен бірдей, мәз емес екен. Жерде бұзылса, бір амалын тауып көрерсің, ал аспанда не істер едің? Біраз айғайдан кейін бізді тобымызбен әуежай vip-залына дастарқанға шақырды. Қайта-қайта әуежай басшылығы кешірім сұрап, құда күткендей сыйлады. Басқа ұшақ іздеп жатқанынан хабардар етті. Не керек, сол жерден түскі асты шай-пайымен ішіп, түстен кейін ұштық әйтеуір.
Байқаймын, біраз делегация мүшелері ұшаққа мінбей, билеттерін өткізіп, теміржолға шығып кетіпті. «Маған да бірге жүрейік» деген, әріптесіме «Алла өзі біледі жерде ала ма, көкте ала ма» деп әзілдегенмін. Басқа ұшаққа мініп, әуеге тез көтеріліп, Қызылордамызға қарай бағыт алдық. Қатар отырған көршім облысымызға белгілі дәрігер Тұрғанбай Маханов ағамыз болып шықты. Жан-жағымыз саябырланып, көңілдері тынышталғаннан кейін, жолаушылардьң біразы әңгіме-дүкен құрып кетті. Жеті-сегіз сағаттан бері осы ұшақтарды төңіректеп жүрген адам болған соң, «кемедегінің жаны бір» дегендей бір-бірімізге бауыр басып қалыппыз. Тұрғанбай аға аспанда жолаушылап ұшып жүргендегі бір әңгімесін айтты.
– Ол кездері қызмет бабымен Алматыға жиі ұшатынбыз, – деп бастады әңгімесін. – Бір күні Демесінов деген генерал кісімен осылай сен сияқты көрші болып, Алматыны бетке алып, ұшып келеміз. Жақсы адаммен әңгімелесіп, жолды қысқартып, көңілді келе жатқанда, артымыздағы орындардың бірінен айғай шықты. Бір жігіттің көзіне біздің ұшып келе жатқан ұшақ құлайтын болып елестеп келеді екен. Мінгенде байқалмаған мастық көкте күшейіп күшіне енген секілді. Жолсеріктердің сабырға шақырғанына да қарамай үдетіп барады. Ұшақ ішіндегі жолаушылардың мазасын алып бара жатқан соң, генерал ескерту жасады. Батырымыз жым-жырт болды. Маған қарап «аяғымыз жерге тисін, мына оңбағанды он бес күнге қаматам» деді. Ұшақ Алматының әуежайына қонды. Иллюминатордан байқағанымыз, біздің ұшақты өрт сөндіруші көліктер, басқа да құтқару техникалар қоршап алған екен. Жер аппақ көбік. Анық бір нәрсе болғанын байқап, мазамыз кетті. Дереу қосымша есіктер ашылып, жерге тез түсуге құтқарушылар көмектесті. Оқиға былай болған екен. Ұшақ аспанға көтерілгенде моторы сырылдап, жүрегі бірде істеп, бірде істемей, қонатын жерге әрең жеткен екен. Жолаушыларға айтпаған. Ана жігіт Аққұм совхозының механигі, Алматыға шаруашылыққа техника алуға бара жатқан. Ұшақ көтерілгеннен мотордың дауысында кілтипан барын сезіп, елге айтқысы келіп талпынған. Оны тыңдайтын құлақ болмаған. Ішкен адамды кім тыңдайды? Осылай арпалыспен Құдай сақтап Алматыға жеткен екенбіз.
Мен Тұрекеңнен «ана жігітке не болды?» дегенде, генерал жерге түскен соң, сүйегі мас жолаушымызды қасына шақырыпты. Одан жөн сұрап, бізден кеткен түсінбеушілікке тоқтап, «маман – аспанда да маман»- екеніне риза болып, арқасынан қағыпты. Ол кезде мамандарды қадірлейтін заман болу керек. Күтіп алған жігіттеріне «мына жігітке шай-пайын алып беріп, келген шаруасына көмектесіңдер» деп тапсырма беріпті.
Тұрекеңмен әңгіме айтып отырып, Қызылордаға да жетіп қалыппыз. Кенет ұшақ командирі хабарлап, «Қызылорда қатты нөсер жаңбыр болуына байланысты, қонуға мүмкіндік болмай тұр» деді. Бағанағы әуежайдағы әріптесіме ойнап айтқан сөзім миыма сарт ете қалды. Періштем естіп қойды ма – деп. Артық айтқаныма өкіндім. Жан-жағымыздағы жолаушылар да тып-тыныш. Бәрі ойға беріліп кеткен. Үнсіздік. Ұшақ Қызылорданың үстінде айналып жүр. Қалың бұлттан жер көрінбейді. Шымкентке барып қонатын жанармай да жоқ екен. Тығырыққа тіреліп, әркім өз басымен қайғы болып кетті. Аз уақыттың ішінде жүйрік ой біраз жерге апарып тастады. Бүкіл өмірім көз алдымнан өтіп жатыр. Бәрі үнсіз, екі көздері – борт командирінің кабинасында.
Кенет ұшақ төмен қарай құлдилап кете барды, артынша жарқ етіп қалың қара бұлттан шыққанымызды сезіндік. Терезеден жердің жақындап қалғаны көрінді. Дүрс етіп ұшақтың дөңгелегі жерге тигенін естідік. Жұрт есін жиып, қол шапалақтап, бір-бірін құшақтап жатыр. Ұшақ командирі қалың бұлттың арасынан саңылау тауып, бізді қондырған екен. Сөйтіп бір күнде біраз жағдайды бастан өткіздік, пенделеріне Алланың көзі түзу болғаны шығар, аман-есен қондық. Бұл жағдайды атап өтейік деп мейрамханаға шақырған кісілерге де қарамай бәрі үйлеріне асықты. Бүгінге ішкен тегін тамақ, арақ-шарап осымен болар, қанағат, Алла қолдап тұрғанда тағы бірнәрсені бүлдіріп алып жүрерміз дедік.
Жерде жаңбыр нөсерлеп жауып тұр екен. Азаннан бері күтіп тұрған баламның машинасына мініп, біз де ауылға қарай тарттық. Бұл күнгі болған оқиғаларды, кейін достарыма әңгіме-дүкен құрғанда айтып бергенмін, содан есте қалғанын қоңыр әңгімелеріме қосып жатқаным ғой.
Балаларымның екеуі Қарағандыда тұрады, құдалар сол жақтан. Астана арқылы дорба арқалап, әуе жолымен арасында қатынап жүрміз. Жаңа Қазақстан келіп, ұшақтарда жаңарып келе жатқанын көріп, сезініп те жүрміз. Жезқазғанның жолының бітуін күткенімізге де біраз жыл болды. Ол да қозғалған секілді. Бізге көруге жазса дұрыс болар деп қоямын әңгіме тындаған достарыма.
Марат ОМАРОВ,
Сырдария ауданы
Сурет ашық дереккөзден алынды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!