Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Ұрпақ тәрбиесіндегі құндылықтар жүйесі: Біртұтас тәрбие бағдарламасын оқу-тәрбие жүйесіне енгізу жолдары

14.11.2023, 11:45 1531

Ұлағатты ұрпақ тәрбиелеу – аса жауапты әрі күрделі міндет.

Ұлттық құндылыққа қанығып өскен өреннің танымы терең, ділі берік болады.

ҚР Президенті Қасым Жомарт Кемелұлы Тоқаев.

Тәрбие – ұрпақты биік мұратқа жетелейтін сапалы білімнің тұғыры. Ұлттық құндылықтармен сусындап өскен ұрпақ ұлағатты болмақ. Дәл осы өскелең ұрпағымыз ұлттың сапасын құрайды. Сондықтан да қадір-қасиет, ар-намыс, адалдық, патриотизм, жауапкершілік, әдептілік, мейірімділік, сүйіспеншілік, үлкенге ізет, кішіге құрмет сияқты қасиеттерге ие шығармашыл азаматты тәрбиелеу маңызды.

Қазақ халқының да сан-ғасырлық тарихи-мәдени жетістіктерінің жемісін, рухани байлығын, жанына біткен еңбексүйгіштік, имандылық, бауырмалдық, балажандық, қонақжайлық, т.б. қасиеттерін танытатын тәлімгерлік тәжірибесі бар. Онда кешегі өткен данғой қариялар, ғұлама ойшылдар, би-шешендер және ақын-жыраулардың саналық болжамдарының, психологиялық пайымдаулары мен педагогикалық тұжырымдарының өшпес ізі жатыр. 

Бұл мәселеге мемлекет тарапынан да қамқорлық көрсетілуде. Қазақстан Республикасының қазақ тілінің әлеуметтік маңызын арттыру жөніндегі іс-шаралары, ғылым мен мәдениеттің өрістеуін қамтамасыз ететін Конституциясы, еліміздің мәдени-әлеуметік дамуына бағытталаған тұжырымдамасы жастарға жалпы адамзаттық және ұлттық игіліктер негізінде адамгершілік, эстетикалық тәрбие, мәдени білім беру ісін жаңа деңгейге көтеруге ықпал етеді деген сенімдеміз.

Мұндай игі бастама қазірдің өзінде білім мазмұны мен әдістеріне, оқу жоспарларына жаңалықтар мен өзгерістер әкелуде. Жаңа оқу жылынан бастап 2023-2025 жылдарға арналған Біртұтас тәрбие бағдарламасы іске асырылуда. Бұл құжат жалпы адамзаттық және ұлттық құндылықтар негізінде өскелең ұрпақты тәрбиелеу сапасын арттыруға бағытталған. Себебі, қазіргі таңда жастардың бойында ұлттық сананы қалыптастырудың маңыздылығы – бүгінгі күнгі өзекті мәселелердің біріне айналып отыр.

Олай болса, басты мақсат – жас ұрпақты ұлттық игіліктер мен адамзаттық құндылықтар, рухани-мәдени мұралар сабақтастығын сақтай отырып тәрбиелеу.

Қазақ халқының ғасырлар тұңғиығынан бері тарихымен біте қайнасып келе жатқан ұрпақ тәрбиелеудегі тәжірибелері бізге сол рухани мәдениет, этикалық, эстетикалық құндылықтарын құрайтын ұлттық әдет-ғұрып, салт-дәстүрлер, әдеби, музыкалық, кәсіби, тұрмыстық фольклорлар мазмұны арқылы жетіп отыр. Сонымен бірге ұрпақ тәрбиесіне, жалпы халықтың рухани дамуына байланысты ұлттық тәлім-тәрбиелік ой-пікірлерді: Қорқыт ата, әл-Фараби, Қожа Ахмет Йассауи, Мұхамед Хайдар Дулати, Жүсіп Баласағұн, Махмұт Қашқари, Асанқайғы, т.б. қазақ ақын-жырауларының мұраларынан, билер мен шешендердің тәлімдік сөздерінен көреміз.

Әр адам өзінің ұлттық тамырын, әдет-ғұрпын, мәдениетін түсіне алады. Өз халқына деген сүйіспеншілігі, өзінің туған жеріне өз халқы өмір сүретін ортаға деген сезіммен ұласып жату керек. Халықтық әдет-ғұрып, салт-санасының байлығы, патриоттық сезім Отанға деген сүйіспеншілігін қалыптастырады.              

Ұлттық сана-сезім, ұлттық патриотизм әр адамды, әр халықты ұлттық ойлау қабілеті, ұлттық әдет-ғұрып, ұлттық салт-дәстүр қоршауында сақтайтын негізгі рухани байлық. Егер бір ұлттың бір бөлшегі басқа жерде, я өз Отанында бөлек ұлттың сана-сезімі негізінде тәрбиеленсе, онда ол қоғамның мүшелері басқа ұлттың әдет-ғұрыпын, салт-дәстүрін қабылдайды, біраз уақыттан кейін сол ұлтқа сіңіп кетеді. Сондықтан халықты ұлт ретінде сақтайтын жалғыз жол бар. Ол жол – жас ұрпақты ұлттық сана-сезім негізінде тәрбиелеу.

Жоғарыда аталып кеткендей, Біртұтас тәрбие бағдарламасы іске асыруда орталығымыз біршама межелі нәтижеге бағытталған жұмыстар атқаруда. Оның дәлелі Қазақстан Республикасының 2025 жылға дейінгі Ұлттық даму жоспарындағы патриотизм құндылықтарын дәріптеу, жалпыұлттық құндылықтарды насихаттауда орталық қызметкерлері «Біртұтас тәрбие бағдарламасы: құндылықтар және оны іске асыру жоспары» атты республикалық семинарына қатысып, өз кезегінде облыс көлемінде іс-тәжірибелерімен бөлісіп, жаңа бағдарлама аясында оқыту семинарларын өткізді. Бағдарлама Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы Оқу-ағарту министрлігімен бірлесіп әзірленіп,  2023 жылдың 19 қыркүйектегі №294 бұйрығымен бекітіліп келді. Және де бағдарламаға негізделген жылдық кешенді жоспар жасалып, өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп, облыс көлемінде ақпараттандырылып, таратылды. Сонымен қатар, облыс көлемінде оқыту семинарларын өткізіп, бағдарламаның мазмұны, нақты іске асыру тетіктері, орындау алгоритмдері жайлы түсіндірме жұмыстарын жүргіздік. Жалпы орта білім беру мекемелерінде сыныптан тыс іс-шараны ұйымдастырып, кешенді бағдарламаның жүзеге асырылуына тікелей ықпал ететіндер –сынып жетекшілер болғандықан, облыс көлемінде «БІРТҰТАС ТӘРБИЕ БАҒДАРЛАМАСЫ: ҚҰНДЫЛЫҚТАР ЖӘНЕ ОНЫ ІСКЕ АСЫРУ ЖОЛДАРЫ»  тақырыбында сынып жетекшілерінің біліктілігін арттыру семинарын өткіздік. Семинарда  өңірден 150 сынып жетекшісіне біліктілік арттыру курсына қатысқандығын растайтын арнайы сертификаттар табыстап, бағдарлама мазмұнын жан-жақты меңгеруге ықпал жасадық. Бағдарлама тыңдаушыларға білім беру ұйымдарындағы 2023-2024 оқу жылында жүзеге асырылатын тәрбие жұмысының беталысын түсіндіруге, құндылықтар негізінде тәрбие жұмысын ұйымдастыру ерекшеліктерін нақтылауға, білім алушылардың бойында құндылықтарды пәндік мазмұн, сынып сағаттары мен сыныптан тыс әлеуметтік тәжірибелер арқылы дарытудың әдіс-тәсілдерін меңгертуге бағытталды. Бағдарлама бойынша оқытылатын семинардың ұзақтығы 8 академиялық сағатқа негізделген.

Білім беру ұйымдарындағы 2023-2024 оқу жылында жүзеге асырылатын тәрбие жұмысын ұйымдастыру ерекшеліктері бойынша кәсіби шеберлігін жетілдіру мақсатындағы курсты бағдарлама бойынша  арнайы сертификатталған  мамандар орталық директоры Досаев Фархат Лиясұлы, орталықтың қосымша білім беру бөлімінің басшысы Асқарова Жұлдыз Ғалымжанқызы, Абылай хан атындағы  №140 орта мектебінің директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Жақсылық Бақытжан Жақсылықұлы жүргіздік.

  Қосымша білім беруді ұйымдастыру, үйлестіру бағытында  облыс көлемінде «Төрт тоқсан төрт өнер»   ҰЛТТЫҚ МӘДЕНИ-АҒАРТУШЫЛЫҚ ЖОБАСЫ аясында I тоқсанға арналған  «Ақындар айтысы» бөліміне қатысты іс-шаралар жоспары әзірленіп, жүйелі жүргізіліп, жоба аясында білім алушыларымыздың ұлттық өнерге деген қызығушылықтары артуда. Республикалық вебинарларға тұрақты қатысып, іс-тәжірибемен бөлісудеміз.

«Адамның үйлесімді дамуы ұлттық институты» КеАҚ Ғылыми-әдістемелік Кеңесі  2023 жылғы 15 тамыздағы № 4  хаттамасымен бекітілген «Орта білім беру ұйымдарындағы балаларды тәрбиелеу мен дамыту жөніндегі ата-аналарға педагогикалық қолдау бойынша әдістемелік ұсынымдар» әзірленіп, барлық орта білім беру ұйымдарында ата-аналарды педагогикалық қолдау орталығы ашылып, жылдық жұмыс жоспары әзірленді. Жоспарға сәйкес ата-аналарды педагогикалық тұрғыдан сауаттандыру, ағартушылық бағытта дәрістер, лекторийлер ұйымдастырылуда. Облыстық қоғамдық даму басқармасы мен облыс әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық демографиялық саясат жөніндегі комиссия хатшылығының бірлескен жоспарына сәйкес 21 қыркүйек  күні облыстық «Әкелер форумы» өткізілді. Ұлттық сана-сезімнің қалыптасуы бала дүниеге келгеннен бастап отбасындағы ұлттық тәрбиеге тікелей байланысты. Егер отбасында ұлттық тәрбие болмаса, балалардың ұлттық тұлға болып қалыптасуы сондай теріс тәрбиеге лайықтанып қалыптасады. Өйткені адам баласын тал бесіктен, жер бесікке дейін жалықпай-талмай өз ұлтының ұлттық көзқарасы тұрғысынан тәрбиеленуі керек.

Ұлттық сана дегеніміз сол ұлтты құрайтын халықтың әр адамының жеке тұрмыс-тіршілігінің сыртында өз ұлтының мүддесін, халқының тағдырын, ұрпағының болашағын ойлау қабілетінің ұлттық деңгейге көтеріліп, жалпы қоғамға тән ортақ сипатқа ие болған ұжымдық түрі, яғни ұжымдық сана. Ал ұжымдық сана бірлескен нәтижелі жұмыстар негізінде қалыптасады, дамиды.

Бүгінгі ғаламдану процесінде ұлттық құндылықтарымыз бен ізгі дәстүрлерімізді сақтау арқылы ұлттық санасы қалыптасқан қоғам құру – біртұтас ел болып жұмыла  атқаратын жауапты да межелі мақсатымыз!

Асқарова Жұлдыз Ғалымжанқызы,

                                                                   Облыстық білім басқармасының

«Тәрбие, спорт және қосымша білім беру» орталығының

                                                           Қосымша білім беру бөлімінің басшысы,

                                                                педагогика ғылымдарының магистрі

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: