Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Ұлттық банк FIFA World Cup 2026 коллекциялық монеталарын айналымға шығарады

07.04.2026, 15:50 58

Қазақстан Ұлттық банкі «Спорт» сериясы аясында FIFA World Cup 2026 коллекциялық монеталарын айналысқа шығарады. Монеталардың сатылымға нақты қашан түсетіні туралы ақпарат кейін Ұлттық банктің ресми сайтында қосымша жарияланады.

Ұлттық банк мәліметінше, аталған жобаға немістің MDM Münzhandelsgesellschaft mbH & Co. KG Deutsche Münze нумизматикалық компаниясы серіктес болған. Бұл компанияның 2026 жылғы футболдан әлем чемпионатына арналған коллекциялық монеталарды шығаруға FIFA берген ресми лицензиясы бар. Сондай-ақ алдағы әлем біріншілігі футбол тарихындағы ХХІІІ чемпионат болмақ және тұңғыш рет Канада, АҚШ және Мексикада қатар өтеді. Бұған қоса, финалдық кезеңге қатысатын ұлттық құрамалар саны 48-ге дейін ұлғайтылған.

Монетаның реверсінде финалдық ойындарды қабылдайтын үш елдің жалауы, жер шарының континенттері, «FIFA WORLD CUP 26 TM» деген жазу, FIFA Әлем кубогының бейнесі және футболшылар кескінделген.

Коллекциялық монета 925 сынамалы күмістен дайындалған. Оған түрлі түсті баспа технологиясы қолданылып, алтын жалатылған. Монетаның массасы 20 грамм, диаметрі 37 мм, дайындау сапасы proof, номиналы 1000 теңге. Жалпы таралымы 2000 дана болса, оның 1500 данасы Қазақстанның ішкі нарығына, 500 данасы сыртқы нарыққа шығарылмақ.

Ұлттық банктің хабарлауынша, бұл монеталар ел аумағында белгіленген құны бойынша төлемнің барлық түріне қабылданады. Сондай-ақ оларды банк шоттарына есепке алуға, аударуға, ұсақтауға және айырбастауға болады. Монеталар Қазақстан теңге сарайында дайындалған.

Фото: ҚР ҰБ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: