Қызылордада ҚР ІІМ Ұлттық ұланы 5547 әскери бөлімінің әскери қызметшілері мен ардагерлер кеңесі Ұлы Отан соғысының ардагері 103 жастағы Тасыров Яхия ақсақалдың шаңырағында болып қайтты.
ЯхияТасыров 1922 жылы 2 қаңтарда Қызылорда облысы, Тереңөзек ауданы, бұрынғы Ақтүйе ауылында (қазіргі Қараөзек ауылы) дүниеге келген. Яхия ақсақал – қазіргі уақытта облыста Ұлы Отан соғысының ардагерлерінен қалған екі майдангердің бірі.

Ол 1941 жылы Ташкент облысы Фрунзе аудандық әскери комиссариатының шақыруымен әскерге алынған. Омбы қаласында алғашқы әскери дайындықтан өтіп, 1942 жылы майданға жіберілген. 1943 жылы Курскіге келіп, жеті ай соғыс тактикасына машықтанып, 76 мм артиллерия зеңбірегінің атқышы болған. Соғыс жылдарында жаудан Сталинградты, Курскіні, Барановичті, Польшаны азат етуге қатысқан. 1945 жылы Берлинге жетпей, Данциг қаласында неміс әуе десантымен қиян-кескі соғыста екі аяғынан бірдей жараланып, Москвадағы госпитальда емделген. 1945 жылдың тамыз айында елге оралған. Соғыстан кейін туған жерінде ауыл шаруашылығында ұзақ жылдар еңбек етіп, зейнетке шыққан. Үйленіп, төрт бала тәрбиелеп, өсірген.
Қарт ардагердің «Қызыл жұлдыз» ордені(1948), І, ІІ дәрежелі «Отан соғысы» медалі(1947,1985), «1941-1945жж. Германияны жеңгені үшін» (1946), «Кеңес Одағының Маршалы Г.К. Жуков» (1997),«Еңбек ардагері» (1979,1982) және басқа көптеген мерейтойлық медальдары бар. Сырдария ауданының, Тереңөзек кентінің құрметті азаматы.
Ұлы Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында әскери бөлімнің басшылығы мен жеке құрамы атынан келген әскерилер ардагерге сый-сияпатын табыстады.
– Қазір Ұлттық ұланда «Ұлы Жеңіске 100 күн қалғанда»акциясы өтіп жатыр. Акция барысында Ұлы Отан соғысының ардагерлері, тыл ардагерлері және оған теңестірілген азаматтарға көңіл бөлініп, құрмет көрсетілуде. Бейбіт аспан сыйлаған ата-әжелерімізге қашанда құрметіміз зор екені сөзсіз. Ал Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай ардагерлерге деген құрмет пен қолдау тіптен ерекше. Жылдан-жылға қатары сиреп бара жатқан ардагерлеріміздің әрқайсысына ел болып, көңіл бөлуге тырысып жатырмыз, -дейді бөлім командирінің тәрбие және әлеуметтік құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары подполковник Берік Караманов.
Қарт майдангер соғыс жылдарындағы естеліктерімен бөлісіп, ұландықтарға ризашылығын білдіріп, ақ батасын берді.
Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы
«Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!