Біз дамыдық деп жиі айтамыз. Бірақ оны бүгінгі күні басқа көзқараспен қарау керек. Адамдық тұрғыдан даму мен қоғамдық тұрғыдан даму – екі түрлі дүние. Тіпті материалдық даму да бұл ұғымдарға қабыспайды. Әрқайсысының өзіндік даму өлшемшарттары бар. Қоғамның жүйкесі жұқарып, сөздің салмағы жеңілдеп, білімнің беделі кеміп бара жатқан тұста бір ғасыр бұрынғы Міржақып Дулатұлының зәредей мысқылсыз, тікелей жанайқаймен айтқаны бүгінгі күннің де тамырын дәл басатындай әсер береді. Сол үшін өлеңді оқуға ұсынып, оның астарына үңіліп, қазақтың қазіргі тіршілігімен салыстырып көреміз. Бір ғасырда өзгердік пе, өзгермедік пе?..
Ұйқыда жатыр қазақ, көзін ашпай,
Кеттік ғой отқа күйіп өрттен қашпай.
һәр халық айға кетіп жатсадағы
Біздің жұрт шегінеді қадам баспай.
Caxpa, caxpa деп қалдық надан
һүнерлі халықтармен араласпай.
Басқа жұрт алтын, күміс мысалында,
Простой біздің қазақ қара тастай.
Барына әркім сараң болып кетті,
Бай малын, һүнерпаздар ғылым шашпай.
Қазағым қырық ауызды бола қалар,
Шықса егер файдалы іске біреу бастай.
Иттифак жүзден бірі етер болса,
Бытырап тоқсан тоғыз кетер тастай.
Хұррият инсаният, хаққа ниет,
Тұрмайды осы үшін сөзді мәхкәм ұстай.
Бай, мырза, халық билеген ұлығымыз.
Файдасыз жемісі жоқ қу ағаштай.
Міржақыптың «Таршылық халіміз хақында аз мүнәжат» өлеңіндегі екінші бөлім қазақтың бойындағы ұйқылы күйді, тіршілікке талпыныстың кемдігін, бірлік пен ерік мәселесін бетке басады. Көркем сөзге жасырынып тұрған ауыр диагноз бар. Ақын жұбату айтпайды, жаны ашыған адамның қатқыл да шын сөзін айтып, ашынады. Қазақтың оянуына өмірін байлаған қайраткердің ұлтқа қаратып айтқан уәжі өз дәуіріне ғана емес, бүгінге де дәл келетіндей. Өйткені мінез тез өзгермейді. Инфрақұрылым өзгереді, сән өзгереді, техника өзгереді, ал қоғамды іштен ұстап тұрған әдет пен ұят, талғам мен талап өзгермей қалса, жаңа заманның қабырғасына ескі мінездің сызаты түсіп тұра береді. Өлеңнің алғашқы жолдары ұйқы метафорасымен басталады. Ұйқыдағы қазақ көзін ашпай жатыр деген тіркес қоғамдық ес пен жауапкершіліктің тұмандануын меңзейді. Қоғам ұйқыда жатқанда тіршілік жүріп жатады, уақыт алға кетеді, басқалар жоспар құрады, білім жинайды, құндылық жасап, нарық игереді. Ұйқыдағы адам өзін тірі сезінеді, бірақ сыртқы әлемнің жылдамдығын аңғармайды. Қазіргі күннің де қасіреті осыған ұқсас. Ақпарат тасқыны бар, пікір көп, айқай мол, алайда мақсатқа айналған білім, нәтиже беретін еңбек, ортақ мүддеге жұмылатын тәртіп жетіспей тұрады. Әлеуметтік желіде ояумыз, өмірдің шын майданында ұйқымыз қалың.
«…Кеттік ғой отқа күйіп өрттен қашпай…» деген жолдар қоғамның өзін-өзі қорғай алмауын, қауіпті көре тұра әрекет етпеуін көрсетеді. Ақын отқа күйіп жатсақ та қашпаймыз дейді. Ең қауіпті нәрсе – жау емес, немқұрайдылық. Өрт метафорасы ұлтты іштен қажытатын кеселдерді де білдіреді. Дөрекілік қалыпқа айналғанда, әділет сезімі әлсірегенде, жемқорлықты қулық деп қабылдағанда, білімге емес атаққа табынғанда, қоғам оттың ішінде жүргенін сезбей қалады. Қызуы денеге сіңіп кеткен соң күйген жер ауырмайтындай. Міржақыптың ішке түскен өрт туралы ескертпесі бүгінгі қоғамдық дағдарыстарға да дәл келеді. Қызық. Қалай қазіргі күйімізді тура бір ғасыр бұрын сипаттап кеткеніне таңғаласың.
«…Һәр халық айға кетіп жатсадағы, біздің жұрт шегінеді қадам баспай…» деген тұста уақыттың теңсіздігі айтылады. Айға кету деген тіркес сол дәуір үшін арман секілді көрінгенімен, ақын оны прогрестің символы ретінде атап жүрміз, біреулер алға ұмтылғанда, біз шегінеміз дейді. Қазіргі заманның айға кетуі ғарышпен ғана өлшенбейді. Айға кету деген – білім экономикасы, ғылымға инвестиция, әділетті институт, технологиялық мәдениет, еңбек өнімділігі, ойлау еркіндігі. Көп ел осы бағытта ілгерілеп барады. Ал бізде шегіну кейде ұсақ көрінетін әрекеттерден басталады. Кітап оқудың орнына көрсеқызар әңгіме, еңбек дағдысының орнына жеңіл табыс аңсау, кәсіби біліктің орнына таныстыққа сену, принциптің орнына пайдакүнемдік. Әлем алға кеткен сайын мұндай ұсақ шегіністер үлкен құлдырауға айналады.
«…Сахра, сахра деп қалдық надан, һүнерлі халықтармен араласпай» деген жолдардағы сахра сөзі дала, шөл мағынасында деп ұғынуға болатын секілді. Ақын далаға ғана байланып қалдық, өркениеттік қатынасқа түспедік деген ой айтады. «…Басқа жұрт алтын, күміс мысалында, простой біздің қазақ қара тастай…» деген жолдар – әсірелеу емес, салыстыру арқылы намыс ояту. Простой сөзі қарапайым, шикі деген мағынада қолданылып тұр. Ақын қазақтың табиғатынан жаман екенін айтпайды. Қара тас та кеннің басы болуы мүмкін, бірақ оны алтынға айналдыратын еңбек пен ғылым керек. Бүгінгі қоғамға да дәл осы ой ауадай қажет. Қолда мүмкіндік жоқ емес, ресурс бар, жастар бар, ақпарат бар. Бірақ өңдеу мәдениеті кем. Жүйелі оқу аз, терең ойлау сирек, ұқыпты еңбек тапшы. Шикіліктің бір белгісі – эмоцияға еріп кету, сәттік дауға бола мәңгілік құндылықты жоғалту. Қара тас бейнесі сол шикілікке қатысты айтылған ауыр ескерту деп ойлаймыз. «Барына әркім сараң болып кетті, бай малын, һүнерпаздар ғылым шашпай» деген тұста қоғамның ішкі айналымы тоқтағаны көрінеді. Байдың малы бар, бірақ ортақ іске жұмсалмайды. һүнерпаз сөзінің түбі – өнерпаз, білікті адам. Ақын біліктілер ғылым шашпайды дейді, білімін бөліспейді, қоғамды көтермейді. Бүгінгі күннің де бір дерті осында. Қолында ресурсы барлар қоғамға ұзақмерзімді инвестициядан гөрі қысқамерзімді пайдаға құмар. Қолында білімі барлар оны халыққа түсіндіруге, мектепке, кітапқа, зерттеуге жұмсаудан гөрі жеке бренд пен жеке табысқа ғана байлап қояды. Қоғамның байлығы адамдар арасында айналмай қалған кезде мемлекет сырттай бай көрінгенімен, ішкі рухани экономикасы кедейленеді. Бір кем дүние… «Қазағым қырық ауызды бола қалар, шықса егер файдалы іске біреу бастай» деген жолдардағы қырық ауызды тіркесі сөз көп, пікір көп, талас көп деген мағынада. Ақын пайдасы бар іске біреу бастама көтерсе де, сөзге салып, быт-шыт қылатынымызды меңзейді. Қазіргі күнде де жақсы бастама көбіне пікірдің астында қалып қояды. Біреу мектеп ашқысы келеді, біреу ауылға жоба әкелгісі келеді, біреу қоғамды түзеткісі келеді. Сол сәтте қолдау емес, күдік көп болады. Күдік қажет, бірақ күдікті мәдениетке айналдырып жіберсек, әрекет өледі. Қоғам идеяны мысқылмен, күмәнмен, өзара жікке бөлумен, бірін-біріне айдап салумен-ақ өшіре алатын күйге жетті. Міржақыптың қырық ауызды дегені дәл осы ойдың түйіні деп білеміз.
«Иттифак жүзден бірі етер болса, бытырап тоқсан тоғыз кетер тастай» деген шумақ қазақтың трагедиясын бір ғана формулаға сыйғызады. Иттифак – араб текті сөз, мағынасы – бірлік, келісім. Жүздің бірі ғана бірлік жасаса, тоқсан тоғызы бытырап кетеді дейді. Бірлік жоқ жерде еркіндік те, әділет те, даму да әлсіз болады. Қазіргі күннің саяси мәдениеті, қоғамдық пікір кеңістігі осы шумақтың ішіндегі көріністі жиі қайталайды. Ортақ мақсаттан гөрі ортақ қарсылас іздейміз. Мәселенің түбірін шешуден гөрі кінәліні табуға құмармыз. Қай істің де соңында ұсақ жікке бөлініп кетеміз. Аймақ, ру, көзқарас, әлеуметтік топ, тіпті бір үйдің ішіндегі ұстанымдарға дейін бытырайды. Бірлік деген – ұран емес, ортақ ереже, ортақ жауапкершілік, ортақ әділет. «Хұррият инсаният, хаққа ниет, тұрмайды осы үшін сөзді мәхкәм ұстай» деген жолдарды түсінбей қалуыңыз мүмкін. Хұррият еркіндік деген мағынада, инсаният – адамшылық, адамзаттық қасиет, хаққа ниет деген – әділетке, ақиқатқа бет бұру, мәхкәм – сот үкімі, құқықтық таразы деген ұғым. Ақын еркіндік пен адамшылықты, ақиқатқа ниетті сөзбен ғана сотқа сүйреп ұстап тұра алмайсың дегенді айтады. Құндылық сөзде қалып қойса, қоғамда әділет болмайды, ол істе де көрініс табуы тиіс. Бүгін де еркіндік туралы көп сөйлейміз, адам құқығы туралы да айтамыз, әділет туралы да жазамыз. Бірақ сол сөзді іс көтермесе, сот емес, ұят та, тарих та кешірмейді. Қағазға жазылған принциптер өмірге көшпесе, принцип емес, жай көрнекілікке айналады. «Бай, мырза, халық билеген ұлығымыз, файдасыз жемісі жоқ қу ағаштай» деген соңғы жолдар ел басқарғандардың, ықпалды топтардың жауапкершілігін алға шығарады. Ұлығымыз деген сөз билік иелері, басшылар мағынасында айтылады. Қу ағаш бейнесі сырттай бар, бірақ жеміс бермейтін, саясы жоқ тіршілікті меңзейді. Қоғамның ең үлкен трагедиясы – ықпалды адамның пайдасыз болуы. Өйткені сол адамның бір ғана шешімі мың адамның тағдырын өзгертеді. Ақын өз дәуірінде соны айтса, қазіргі күнде де сұрақ сол күйі тұр. Билік, байлық, бедел қоғамға қандай жеміс беріп жатыр? Қандай мектеп салынды, қандай кітап жазылды, қандай әділет орнықты, қандай мәдениет өсірілді? Қу ағаш бейнесі – сол сұрақтың қатаң өлшемі.
Дулатұлы бұл өлең арқылы қоғамды тек сынамай, оятып та тұрғанын аңғару қиын емес. Жұртшылықты қалың ұйқыдан тұрғызу үшін кейде жылы сөз аздық етеді, ащы шындық та қажет болады. Өкініштісі сол, кей ойлары ғасыр өтсе де, әлі күнге дейін бізге қарата айтылғандай болады. Шынын айтқанда, қазіргі заманның ұйқысы өзгеше. Көз ашық, экран жарық, қала тірі, бірақ ойдың көзі жабық десек артық емес шығар. Ізденіс көп сияқты, бірақ ғылым аз, сөз көп, бірақ жауапкершілік аз, реформалар айтылады, бірақ мәдениет кешігіп қалады. Міржақыптың өлеңі тағы да осы әңгімеден хабар беретіндей. Даму деген сөз бір еңгезердей бетоннан соғылған ғимараттың тұтастай әйнектен өрнектелгенінен тұрмайды. Даму деген – ұяттың биіктігі, еңбектің сапасы, білімнің қадірі, бірліктің мінезі, әділеттің салмағы. Осылар болмаса, қалғанының бәрі жай сән ғана. Сән кеткен күні елдің шынайы бет-бейнесі көрінеді. Ал атам қазақ «сән, сұлулық – сәт ғана» деп, оның ғұмырының қысқалығын тілге тиек етіп кеткен.
Егер ояну басталмаса, айға кеткен халықтарға қарап тұрып, біз өз көлеңкемізбен күресуді жалғастыра береміз. Және ең өкініштісі, сол көлеңкені даму деп атаймыз.
Е.СӘРСЕНҰЛЫ.
Коллаж: Жасанды интеллект
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!