Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Ұят болады…

02.04.2026, 7:40 23

Қазақ баланы заңмен емес, әуелі сөзбен тәрбие­леген. Сол сөздің ішінде ғасырдың тәжірибесі, ұлттың танымы, тіршіліктің таразы­сы жатқан. Баяғы үлкендер баланың санасына үш-ақ ауыз сөзді сіңірген: ұят болады, обал болады, сауап болады. Осы үш ұғым қазақтың жазылмаған заңы, көзге көрінбейтін тәрбиелік темірқазығы еді. Соның ішінде ең алдымен адамды тежейтін, теріс қадамнан тартынтатын, нәпсіні  ноқталайтын  ұғым – ұят.

Ұяты бар адам жалғыз қалса да жамандыққа бармайды. Өйткені оны жұрттың көзі емес, өз арының дауысы тоқтатады. Ал ішінде сондай тоқтау қалмаған адамға  сыртқы бақылаудың бәрі  әлсіз. Қай заманда да  қоғамды  бұзған  нәрсе –  кедейлік те, жоқшылық та емес, ең алды­мен ұяттың жұқаруы. Себебі ардан аттаған адам біртіндеп уәдеден де, аманаттан да, адалдықтан да аттай алады. Қазіргі қоғамда көзге көрініп тұрған көп кеселдің түбін қазсаң, сол тәрбиелік тамырдан ажырағандық алдыңнан шығады. Жемқорлық деген – біреудің несібесіне қол сұғу ғана емес, ол ең әуелі ұялмаудың көрінісі. Ұрлық деген – зат алу емес, сенімді ұрлау. Қулықпен, таныспен, айламен жол табу да – ептілік емес, ар алдындағы жеңіліс. Қызметін сатып, елдің ақысын  жеген, біреудің үлесін өз қалтасына басқан, жалған құжат жасап, қиянатпен күн көрген адамның мәселесі заңнан бұрын санада жатыр. Оның жан дүниесіне кішкентайынан «бөтеннің ақысына қол сұқпа, ұят болады» деген сөз жетпеген. Жетсе де, жүрекке сіңбеген. Қазақ неге баланы «жаман болады» демей, «ұят болады» деп тоқтатқан? Өйткені ұят – жазадан бұрын оянатын сезім. Заң адамды қолға түскен соң жазалайды. Ал арлы тәрбие адамды қиянатқа жетпей тоқтатады. Міне, айырма осы. Егер бір қоғамда адамдар тек камерадан, тек тексерістен, тек айып­пұлдан қорқып өмір сүрсе, онда ол қоғамның ішкі тірегі әлсірегені. Ал егер адам ешкім көрмесе  де  арамнан  бойын  аулақ ұстаса, ол жерде  рухани  негіз  бар  деген  сөз.

Ал енді обал мен сауапқа келсек, бұл екеуі де – ұятпен тамырлас ұғымдар. Обалды білмеген адам әлсізді басынады, жетімнің ақысын жейді, нанның қадірін түсінбейді, табиғатқа да мейі­рімсіз  келеді. Сауапты сезінбеген  адам жақсылықты есеппен істейді, қайырымдылықтан бұрын  пайдасын  ойлайды, қол ұшын беруді міндет емес, артық салмақ көреді. Осындай түсінік санасына сіңбеген адам өзінен басталған зиянның қоғамға қандай салмақ түсіретінін де аңғармайды. Бір жемқор бір мекемені әлсіретеді, бір ұры бір әулетті жылатады, бір әділетсіз шешім талай адамның үмітін өшіреді, бір арсыз әрекет  бүтін  бір  ортаға  сенімсіздік  ұялатады.

Қазақ  бекерден-бекер  «Ұят кімде болса, иман сонда»  демеген. Мұны тұтас тіршіліктің өлшемі деп  қарастырсақ  болады. Егер сол өлшем­ді  қайта жоғалтпай ұстай алсақ, онда ұрлық та азаяр еді, қиянат та сирер еді, жемқорлық та тамырын терең жая алмас бәлкім. Ал егер осыны тек ескі сөз, ескілік сарқыншағы деп қарай  берсек, онда сыртқы жаңаруымыз көбейгенмен, ішкі  жұтаңдығымыз  ұлғая  береді.

Адамды адам ететін – білімі ғана емес, теже­мі. Сол тежемнің ең үлкені – ұят.

К.ҚҰРМЕТ

Фото: ашық дереккөзден.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: