Қызылорда қаласында биыл жетінші рет ұйымдастырылған «Үздік аула» байқауының мән-маңызы өте зор. Шаһарда қала күнін мерекелеу аясында сайысты жыл сайын өткізу қалыпты үрдіске айналды. Жасыл-желекті көпқабатты тұрғын үйдің ауласына ғана емес, жеке тұрғын үйдің сыртқы аумағына да өз еңбегімен еккен қала тұрғыны қатыса алады. Игілікті іс-шараның шарты туралы сәл кейінірек тарқатамыз.
Байқаудың қорытындысы комиссия шешімімен анықталып, қала күніне арналған салтанатты іс-шарада марапатталып жүр. Мысалы, 2018 жылы Көктөбе көшесі №103 тұрғын үй «Үздік аула» атанған. Ал 2019 жылы Шұғыла мөлтек ауданындағы №7А үй, 2 подъезд, 2020 жылы Жаппасбай батыр көшесіндегі №76 тұрғын үй жеңімпаз саналған. 2021 жылы Шұғыла мөлтек ауданындағы №15 тұрғын үй үздіктер қатарынан көрінсе, 2022 жылы Сәулет мөлтек ауданында орналасқан №12 тұрғын үйді комиссия үздік деп таныған. 2023 жылы Астана мөлтек ауданы №1 үй жеңімпаз атанған. 2021 жылға дейін жеңімпаздарға құрал-жабдықтар, бағалы сыйлықтар табысталса, 2022 жылдан бері ақшалай сертификат берілуде. Сонымен қатар, байқауға қатысушылар қатары да жыл сайын артып келеді. Сайысқа бұрын жеңімпаз атанған аулалар қайта қатыса алмайды.
Биылғы байқауға өтінім 1 шілде мен 31 тамыз аралығында қабылданды. Сайысқа қатысушылар инстаграм, фейсбук әлеуметтік желілері арқылы #Qzo #Qyzylorda #Үздікаула2024 хэштегтерін міндетті түрде пайдалана отырып, «Сүйікті қалам – Қызылорда» тақырыбында жылы лебізін жолдап, көгалдандырудағы тәжірибесімен бөлісіп, өз парақшасында сапалы суреттер мен 16:9 форматындағы видеоны жариялады. «Үздік аула – 2024» жеңімпаздары алдағы уақытта белгілі болады.
Сол жағалау тұрғын ауданы, №36 үйдің тұрғыны Сұлтанбек Бейсов көктем шыға салысымен көпқабатты үй ауласын көгалдандыруды қолға алады. Оның еккен әрбір талы адамдарға сая болып, гүлі тұрғын үй кешеніне көрік беріп тұр. Ол – «Үздік аула – 2024» байқауының қатысушысы.
Байқау қатысушысы Арайлым Байжігітова да тазалық пен көркейту-көгалдандыру ісінің мән-маңызына тоқталып өтті.
– Жылдан-жылға көркейіп жатқан қаламыз әрі қарай да көркейіп, гүлдене берсін деген ниетпен отбасымызбен тал ектік. Балаларға бұл іс-шараның маңызын түсіндірдік. Айналамызды көгалдандырып отырсақ, қаламыздың көркеюіне қосқан үлесіміз деп білеміз. Жасай бер, жайна, Қызылорда!, – дейді ол.
Көгалдандыру бағытында жаңашылдық бар. Оны ешкім жоққа шығара алмайды. Жалпы, Қызылорда қаласы жасыл желекке толы, көркейту-көгалдандыруы жолға қойылған шаһар болуға маңызды қадам басып келеді. Оның бір мысалы, «Жасыл Қызылорда» атты арнайы мекеме құрылды. Мекеме тікелей қаланы аяқ сумен қамтамасыз етумен және көгалдандырумен айналысады. Мамандары облыстағы экологиялық жағдайды ескере отырып, ағаш егуге де ғылыми көзқараспен қарау керегін айтып отыр. Сондықтан болар, қалаға тәжірибе алмасу үшін Ж.Жиембаев атындағы Қазақ өсімдік қорғау және карантин ҒЗИ және Ә.Бөкейхан атындағы Қазақ орман шаруашылығы және агроорманмелиорация ҒЗИ мамандары шақыртылған болатын. Олар «Жасыл Қызылорданың» қызметкерлерімен тал егу, суландыру бойынша пікірлесіп, ақыл-кеңесімен бөлісті.
– Өздеріңізге белгілі, қыркүйек айынан бастап көгалдарды жаңа әдіспен егу қолға алынды. Гидросебу – шөп тұқымдарын, тыңайтқыштарды, мульчаны, бояғыштарды сумен араластыру арқылы біріктіру процесі. Араластыру нәтижесінде өңделетін бетке қолданылатын сұйықтық пайда болады. Бұл қоспа тұқымның өсуіне қолайлы орта қалыптастыруға ықпал етеді. Қазіргі таңда, осы әдіспен Н.Назарбаев даңғылының бойына себілген көгалдар бой алып келеді. Басты ерекшелігі – оның беріктігі, сондай-ақ климаттық жағдайларға өте төзімді болуы. Бүгінде көше бойларына көпжылдық гүлдер отырғызылуда. Алғашқы легі «Сыр ана монументі, Жалаңтөс Баһадүр ескерткіші маңын және С.Бейбарыс көшесінің бойын қамтуда. Мамандар гүлдерді отырғызу, оларды қопсыту, суару және басқа да қажетті жұмыстарды жүргізуде. Гүлдерді күзде отырғызудың бірнеше артықшылығы бар. Соның бірі тамыр жүйелері қалыптасып үлгіргендіктен, көп суғаруды қажет етпейді. Күзде отырғызылған гүлдер көктемде ерте бүршік атып, тез гүлдейді, – дейді «Жасыл Кызылорда» КММ директоры Мақсат Өмірбекұлы.
Яғни, мамандары ғылымға көңіл бөліп, қаланы көркейту-көгалдандырумен айналысса, тұрғындары аулаларын әуесқойлық деңгейде-ақ абаттандырып, құлпыртса, шаһардың сән-салтанаты келісіп, жарқырап, жайнай түсері анық.
Рыскелді ЖАХМАН
Жанар ШАКИЗАДАҚЫЗЫ,
«Шұғыла» мөлтек ауданы, №27 үй 6 подъезд тұрғыны:
«Көгалданған аула – қаламыздың ажары»
– Күн сайын көркейіп келе жатқан қаламыздың ажары оның тазалығына да байланысты. Ал, тазалық пен ұқыптылық әрбір адамның туған жеріне деген сүйіспеншілігі мен жанашырлығын қажет етеді. Өзге аулалардан оқшауланып, көзге түсер бұл ауланың көркі – бірлігі мен тірлігі жарасқан тату-тәтті көршілердің еңбегі. Егер, әр азамат үй-жайы мен ауласын, қала берді көшесін құрметтей білсе, ол жер шынымен де жерұйыққа айналып шыға келері хақ. Қалай десек те, көгалданған аула – қаламыздың ажары. Ал, қаланың көркейіп-құлпыруына әр тұрғын өз үлесін қосуы керек.
Серік ЕРІМБЕТОВ,
«Астана-2» мөлтек ауданы, №50А үй тұрғыны:
«Ауланы көгалдандыру арқылы қаланың абаттануына үлес қосамыз»
– Біздің үйдің тұрғындары ауланы көгалдандыруды қолға алып, қаламыздың көгалдануына себепкер болуда. Осындай ауламыздың жасыл желекке орануына атсалысып жүрген көршілеріме, бауырларыма, қарындастарыма алғыс айтамын. Шыны керек, үздік аулалар көбейіп келеді. Бұл – қуантарлық іс. Біз биыл «Үздік аула – 2024» байқауында бақ сынап жатырмыз. Қаламызды көркейту-көгалдандыру ісіне атсалысқанымызға қуаныштымыз. Ауланы құлпырту арқылы шаһарымыздың әсемдігіне үлес қосамыз.
Болат САРСАЕВ,
«Ақмешіт» мөлтек ауданы, №30 үй 71-пәтер тұрғыны:
«Абаттандырылған аулалардың қатары көбейген»
– Әркім тазалық сақтауды өзінен, өзінің ауласынан бастаса, қоғамға пайдасын тигізеді. Көше мәдениеті де дұрыс қалыптасып, өлкеміздің өркениеті дами түседі. Негізі, «Ауылына қарап, азаматын таны» дегендей, есік алдына қарап, адамның қандай екенін білуге болады. Бағамдасақ, соңғы жылдары кент пен ауылдарда абаттандырылған аулалардың қатары көбейген. Бұл – жыл сайын өткізіліп келе жатқан игі іс-шаралардың нәтижесі. Мұндай байқаулар («Үздік аула» – ред.) ауданның, қаланың тыныс-тіршілігін нығайтуға, санитарлық тазалығын жақсартуға үлкен септігін тигізеді. Өйткені, әрбір тұрғын тұрғылықты жерін, көшесін таза ұстаса, қаламыз гүлденіп, көркейе түспек. Барлық Қызылорда халқын, жерімізді бірге көгалдандыруға атсалысуға шақырамын.
Сауранкүл АҒЫБАЕВА,
Титов мөлтек ауданы, №28 үй 2-пәтер тұрғыны:
«Таза қаланы өзіміз жасаймыз»
– Өз еңбегіммен ауламды гүлдендіріп, көшет егіп, гүл өсірдім. Ауламыздың тазалығына да басты мән береміз. Ол өз кезегінде балалардың еңбекқор болып өсуіне септігін тигізуде. Өйткені, бала айтқаныңнан бұрын көргенін істейді. Меніңше, мұның өзі – тәрбие. Жалпы, таза қаланы, таза Қазақстанды өзіміз жасаймыз. Сырттан келіп ешкім істеп бермейді, соны түсінуіміз керек. «Таза аула» байқауы қаламызда дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келеді. Бұл өз кезегінде тұрғындарды ұйымдасуға, ауызбірлікке шақырады деп ойлаймын. Сондықтан, тағылым тал егуден басталатынын балаларға айтып, тазалыққа жаны құмар ұрпақты тәрбиелеуге шақырамын.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!