Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Үміткер

17.03.2025, 10:20 64

HALYQLINE.KZ

Әңгіме оқи отырыңыз!

Не түлен түрткенін қайдам?! Мені аудандағылар аяқ астынан «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Үздік 100 жаңа есім» тізіміне енгізіп жіберіпті. Содан бастап өмірім де күрт өзгере бастады. Жұрт қуанса, мен қуыстанам. Өзіме-өзім сенер емеспін. Мұндай күйге түсуім де бекер емес. Өйткені, я бастықтар бірдеңе дәмететіндей кәсіпкер емеспін, я жұртқа үлгі боларлықтай ісім жоқ. Мүмкін, кейде ұлт үшін, тіліміз үшін жаным ашып, билікке, олардың шалағай істеріне қарсы үн көтеретінім бар еді. Мүмкін, сол әсер етті ме екен?! Әлде заман өзгерді ме?! Бәлкім, елде нағыз демократия орнаған шығар?!

Әйтеуір, қоғамда үлкен өзгеріс бар. Мен сәл қуыстансам да, кең көшеде алшаң басып келемін. Жан-жағыма масаттана қараймын. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Үздік 100 жаңа есім» тізіміне іліну деген – шынында да, мақтанарлық жайт! Осыны ойлағанда, төбем көкке сәл-ақ жетпей қалады. Бірақ, көңілдегі күдік бәрібір сейілер емес! «Осы мені біреумен шатастырып жүрген жоқ па?!». Олай ойланамын, былай ойланамын, бәрібір ой тұңғиығына жетер емеспін. Дегенмен, шақырған соң, уақытында бару керек! «Шақырғанға бар! Шақырмағанда не бар?!», «Шақырғанға бармасаң, шақырғанға зар боларсың!» деген қазақтың тәмсілдерімен іштей қаруланып алып, уақытында аудандық әкімшіліктің алдына барып қақиып тұрмын.

Бір қызығы, әкімшілікке кіріп-шығып жатқан адамдардың арасынан өзім сықылды арық, қақпыш, көтеремдерін көзім шалар емес. Кіл жуан! Мес қарын! Әрі бірін-бірі өте жақсы таниды-ау деймін. Құшақтасып мәре-сәре боп жатыр… Сөйтіп, жапанда жалғыз қалғандай дағдарып тұрғанымда, жиналыс басталып, бәрі мәжіліс залына жиналды. Кіл семіздің арасында өзімді қораш сезініп, бір бұрышта бұқпантайлап отыр едім. Аудан әкімінің баяндамасынан кейін, марапаттау басталды. Аты аталғандар ырс-ырс етіп ырғала қозғалып бара жатыр, бара жатыр!..

Бір кезде менің де аты-жөнім аталды-ау! Орнымнан атып тұрып, ілгері ұмтылам дегенімше болған жоқ, менімен қатарласа тұрған құдды дәу біреу қабақтай қарнымен жауды жапырғандай қақтығыса-соқтығыса жан-жағын жайпай өте шықты. Сол жайпалған екпіннің арасында қаңбақ боп ұшқанның бірі мен де бар едім. Есімді жисам, аты-жөнім тағы қайталанып жатыр екен. Жан екпін бойымдағы бар-жоқ күшімді қайта жинап, енді ұмтыла берем дегенше, әуелеп ұшып бара жатқанымды бір-ақ білдім. Сөйтсем, жаңағы дәу жолын кес-кестеп, кедергі жасай берген мені аспандатып жіберген екен.

Бұл орын алған түсінбестік, үміткерлерді тіркеп отыратын комиссиядағы қыздардың ағаттығынан туындаған екен. Олай дейтінім, менің аты-жөнім мен әлгі дүлейдің аты-жөні сәйкес келгенімен де, басты айырмашылық: ол қара күш иесі – дәу де, менің қаңбақ шал сықылды қылдырықтай, көтерем екеніме, яғни түр-сипатымызға, әлеуметтік жағдайларымызға, қыздар аса мән бермей жатып-ақ, екеумізді де тізімге ендіріп жіберген екен. Шатақ содан басталыпты. Аты-жөні айтылған соң, әкімге қарай қол созып, ол да жүгіреді, мен де жүгіремін. Қайдан білейін?!…

Оны марапатқа жібермей, аяғына шалынып қоймаған соң, әлгі дүлей қатты ашуланып, басынан асыра бұлғап-бұлғап мінбер жаққа қарай ытқытып жіберген ғой!…

Қырсыққанда, ұшып барып мінберге емес, марапаттан дәмелі боп ындыны құрып, алдыңғы қатарда отырған белсенді ақсақалдың мойнына орала қалғанымды қарашы!…

Содан айқай-шу!… Айнала апай-топай!… Арабтың атақты «Мың бір түн» ертегісіндегі арқаға жабысып алып түспейтін тылсым күштің кейіпкері сынды әлгі әкімнен бірдеңе дәметіп отырған байғұс шалдың арқасына жабыстым да қалдым. Қанша жерден сіліксе де түспеймін. Жан керек! Осылайша, «қым-қиғаш шайқасып» жатқанымызда, кенет, әкімшілік залынан соқталдай-соқталдай «қып-қызыл» жігіттер шыға келді де, шалдың арқасында кенедей жабысып тұрған мені шәйімға келтірмей жұлып алды да, артымнан оңдырмай бір тепкені!..

Көзімнің оты жарқ ете қалды!… Арғы жағы есімде жоқ!.. Шошып оянсам, түсім екен! Осындай да түс бола ма екен?!… Осыдан бес-алты жыл бұрын қатерлі дертке ұшырап, ота жасатқан жеріме не нәрсемен болса да ұрғаны дөп тиіпті!..

Бағамдап қарасам, төтеннен келген жау жоқ! Өзімнің қасымда жататын сүйікті де сүйкімді немерем екен! Түс көріп жатып, ұйқысырап әлгі бір жерге дәл тепкен!.. Соған қарағанда, сүйікті немерем болашақ атақты футболшы болады-ау!… Лайым, соған жазғай!… Әйтпесе, футбол мамандарын, футболшыларды сырттан тасып, жылда әуре боламыз да жатамыз. Оларда я намыс жоқ, я нәтиже жоқ, құр әуре! Ақшаны қағып алады да, еліне тайып отырады!..

Осыны ойлағанда, патриоттық сезімім оянып, барынша рухтанып, ауырған жерім сезілмей кетті. Сәлден соң, ойланып отырып, көрші үйдегі құмалақшыға кіріп, құмалақ салдырдым. Түсімдегі болған оқиғаны айтып бердім. «Не дер екен?!».

Құмалақшым құмалағын шашып жіберді де, сайрай жөнелді.

– Жақында қайтадан «Үздік жүз жаңа есім» тізіміне ілінеді екенсің! Бәсекелестеріңнің бәрінен басым түсесің! Шалдың арқасына жабысқаның, шалдың орнын енді сен басасың! Әкімшіліктің жігіттері артыңнан аямай тепкені, жуық арада аудан әкімінің артынан сен де аямай бір теуіп, кегіңді қайтарады екенсің! – деп жорыды.

Мұны естігенде, дән риза болып, әкімнің артынан аямай тебер қасиетті аяғыма бір қарап қойдым. «Жақсы сөз – жарым ырыс» деген! Сөйттім де, аса бір ризашылықпен бес мың теңгелікті құмалақшымның қолына қыстырып кеттім. Сонан соң, мешіттің бас имамына қарай зыңқыдым.

«Бұл не дер екен?!». Алайда, имам да қара жаяу емес екен. Уағызды жіберді дейсің! «Әкімнің жандайшаптары артыңнан аямай бір тепкені, «жұмақтың» қақпасының алдында тұр екенсің! Әкімдікі дұрыс! Ол қай жеріңе, қалай тепсе де, оларға қарсы келуге болмайды. Оларды Құдай қолдап тұр! Оларға қарсы келгенің, Құдайға қарсы келгенің!.. Енді бір мәрте қайталай тепкенде, «жұмақтың» төрінен бір-ақ шығады екенсің!» деп қа-рап тұр.

«Мені ол жақта кім күтіп тұр?!» десем, «Ол жақта сені жетпіс жеті хордың қызы күтіп тұр. Қасында шарап өзені ағып жатыр!» деп беті бүлк етпестен, алақанын ысқылап қояды. Мен де нағыз қырсықтың бірімін ғой! Қатты өкінгендей боп: «Қап! Әлі де қаттырақ бір тепкенде ғой! Жаным жаһнамнан бір-ақ шығар еді-ау!…Өкініштісі, алақанға өзі келіп қонып тұрған бақытты ұшырып алған екемін-ау!» деп басымды шайқап-шайқап жібердім. Сөйттім де, имамға жайсыздау тағы бір сұрақ қойдым. «Жетпіс жеті хордың қызына жараймын деп жүріп саспақ боп қалмаймын ба?!». Имамның жауабы да тез болды. «Жоқ! Болмайсың! Бәрін Құдай реттейді!». Мұны естігенде, тағы бір сұрақтың реті кеп қалды. «Өзен боп ағып жатқан шарапты іше-іше маскүнем болып кетпеймін бе?!». Бұл жолы имам қатты ашуланды. «Жоқ! Бәріне Құдай жауап береді дедім ғой!..». Мұндай жауапқа менің де қуанышты үнім шұғыл естілді. «Ә-ә, онда, бәріне Құдай жауап берсе, кепіл болса, о дүниеге, жұмаққа кетуге мен де тас-түйін дайынмын!». Сөйттім де, аяғымды бір-біріне сарт еткізіп ұрдып алып, жалма-жан соғысқа дап-дайын сарбаз кейпіне еніп, қалт тұра қалдым.

Әрине, жалақтап тұрған имамның да түс жору ақысына деп, қаламақысын беруді де ұмытқаным жоқ. Мұның да қолына бір бес мыңдықты қыстырып жібердім.

Содан бері, тағы да үміткер болуды, түс көріп, түсімде әлдекімнің мені әкімге қарай бұлғап лақтырып, сөйтіп марапаттан дәмелі боп отырған шалдың мойнына орала қалып, әкімшіліктегі жылпос жігіттердің бірі әкімге жағымпаздана артымнан оңдырмай бір теуіп, «жұмақтың төрінен» бір-ақ шығаруын асыға күтіп жүрмін!.. Солай, бұл жолы о дүниеге үміткермін. Іске сәт, жігіттер!…

Нұрбай  ЖҮСІП,

Арал  ауданы,

Қамбаш  ауылы

Сурет  ашық  дереккөзден  алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: