Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Үкімет Ұлттық құрылтайда берілген тапсырмалардың орындалу барысын қарады

21.01.2026, 16:20 49

Бүгін Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Мемлекет басшысының Ұлттық құрылтайдың бесінші отырысында жүктеген тапсырмаларын іске асыру мәселелері талқыланды. Жиынға Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев селекторлық режим арқылы қатысты.

Отырыста инфрақұрылымдық жобалардың жүзеге асу барысына ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, биыл бірқатар жаңа теміржол желілерінің құрылысы аяқталып, «Қызылорда – Жезқазған» автожолындағы қозғалыс жыл соңына дейін толық ашылады. Сонымен бірге «Жезқазған – Сексеуіл» теміржол учаскесін жаңғырту жұмыстары тәмамдалып, вокзалдарды реконструкциялау жалғасады.

Автожол саласында да ауқымды жобалар жоспарланған. Биыл «Қызылорда – Ақтөбе» бағытындағы төрт жолақты магистральдің құрылысы басталады.

Үкімет отырысында Мемлекет басшысының Солтүстік Арал теңізін сақтау және халықаралық су ынтымақтастығын дамытуға қатысты тапсырмаларының орындалу барысы да қаралды. Белгіленген жоспарға сәйкес, осы жылдың 30 маусымына дейін Солтүстік Арал теңізін сақтаудың екінші кезеңін әзірлеу аяқталуы тиіс. Ал жыл соңына дейін жобаны қаржыландыру мәселесі, соның ішінде халықаралық ұйымдар есебінен қаржыландыру тетіктері шешіледі.

Қазіргі таңда Солтүстік Арал теңізінің көлемі 2023 жылдың басындағы 18,4 млрд текше метрден 23 млрд текше метрге дейін ұлғайған. Көкарал бөгетін реконструкциялау және су деңгейін 44 метрге дейін көтеруді көздейтін жобаның екінші кезеңі әзірлік сатысында. Бұдан бөлек, Түркістан және Қызылорда облыстарындағы суару жүйелерін жаңғырту мен автоматтандыруға қатысты 167 жоба-сметалық құжаттама дайындалып жатыр. Су үнемдеу технологиялары 143,1 мың гектар жерге енгізіліп, нәтижесінде шамамен 500 млн текше метр су үнемделді.

Үкімет отырысынан кейін өткен мәжілісте аталған мәселелер бойынша нақты міндеттер айқындалып, жауапты сала басшыларына тапсырмалар жүктелді.

Жиын барысында Қызылорда облысының әкімі Ұлттық құрылтайдың Сыр өңірінде өтуінің маңызын атап өтті.

«Құрылтайдың осыдан 100 жыл бұрын Қазақ елінің астанасы болған, қазақ атауы қайтарылған Қызылорда қаласында өткені тарихи мәнге ие. Бұл – бізге жүктелген жауапкершілік пен зор сенім. Құрылтай отырысында ел тарихына алтын әріппен жазылатын, келешек ұрпақ айта жүретін маңызды шешімдер қабылданды. Бұл шешімдер еліміздің саяси, әлеуметтік және экономикалық дамуына серпін беріп, халқымыздың болашаққа деген сенімін арттырып, ұлт бірлігін нығайтуда маңызды қадам болатыны сөзсіз», – деді Нұрлыбек Нәлібаев.

Аймақ басшысы Мемлекет басшысының Қызылорда өңірінен шыққан 10 азаматты жоғары мемлекеттік наградалармен марапаттағанын да атап өтті.

«Құрылтайдың жоғары деңгейде өтуі – әріптестеріміз бен барша Сыр жұртшылығының бекем бірлігінің, ерен еңбегінің жемісі. Алдағы уақытта Мемлекет басшысы берген тапсырмаларды сапалы әрі жүйелі орындауымыз қажет», – деді облыс әкімі.

Мәжіліс қорытындысында Нұрлыбек Нәлібаев құрылтайды ұйымдастыруға және қаланың тазалығын қамтамасыз етуге атсалысқан мекемелердің еңбегіне алғыс білдірді. Бірқатар қызметкерлер облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.

Kоллаж: halyqline.kz

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: