Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Тыл ардагері – Сәния әжей

09.05.2021, 14:00 854

HALYQLINE.KZ Жеңіс мерекесі – Нұрсейтовтер әулеті үшін ерекше мейрам. Үйдің қариясы Сәния әжей үшін Ұлыстың ұлы күні – кеудеге сыймас қуанышы мен жүрек сыздатар естеліктерімен қатар жүретін мереке.

Бесіктен белі шықпаған бала кезінен тылда еңбек етіп, фронтта жүрген солдаттарға астық жеткізілуіне тікелей атсалысқан ол – бүгінде 90-ға келіп қалған батыр ана. Ақ жаулықты қария 8 баланы дүниеге әкеліп, Қазақстан Республикасының Президенті қолынан «Алтын алқа» алған.

«…Соғыс аяқасты басталып кетті. Ол кезде кішкентай бала едік. Ауылымыздың ер-азаматтарының барлығы майданға аттанды. Тек көз жасымызды тыя алмай қариялар мен әйел, бала-шаға қалдық. Жасымызға қарамай тізеден келетін мұздай суды жалаң аяқ кешіп жүріп күріш ектік, масақ тердік, астықты жинап, буып-түйіп фронтқа аттандырдық. Соғыстың жай-күйі туралы әжелерімізден біліп отыратынбыз… Әрбір хабарды жүрегіміз сыздап, жыламсырап тыңдап отырушы едік», – дейді әжей.

Ойын баласы таң атып кеш батқанға дейін ауыр жұмыс істеп, ерте есейген. Қан майдан көптеген жандардың өмірін қиғаны сөзсіз. Сәнияның қос ағасы да іс-түссіз жоғалған еді. Ал әкесі бір қолы жараланып, еңбекке жарамсыз күйде оралды. Бірақ, соғыста әбден жігерленіп, денедегі жарақаттарына қарамастан, өмірінің соңына дейін өз ауылының поштасында адал қызметін атқарған.

«… Әкем адалдыққа, еңбекшілдік пен отансүйгіштікке үйретті. Сұрапыл соғыстағы қанды шайқастар туралы көп айтатын. Бүгінгі ұрпақтың басына бермесін! Бейбіт өмірдің, аспанның ашықтығын бағалауды үйретті. Бәлкім, сол тәрбиеден түйгенім болар, балаларымның түйсігіне ес білгеннен құя бастайтын ұстанымым бар: барды бағалау, өлкені сүйіп, борыш өтеу, адал болу…» – деп бөлісуде қария.

Өмірлік қосағынан жастай қалған Сәния әже 25 жыл бойы ауылда қой бағып, зейнеткерлікке шыққан. 2 ұл, 6 қызға жақсы тәлім-тәрбие беріп, оқытып, бір-бір мамандық иесі болуларына тікелей атсалысты. Үлкен ұлы Маратбек ішкі істер органдарында біраз жылдар бойы еңбек еткен болса, кіші ұлы Сағатбек полицияның көші-қон қызметінде басшы құрамда абыроймен қызмет жасап, зейнеткерлікке шығып, қазірде Нұр-Сұлтан қаласында тұрады.

Ал бүгінде әке жолын қуып полиция сержанты шенінде Маратбектің қызы Ақмаржан Қызылорда облыстық Полиция департаментінде жұмыс атқаруда.

Департаменттің Әкімшілік полиция басқармасы әкімшілік практика бөлімінде техник қызметіндегі Ақмаржан өзінің өмірін осы саламен байланыстыруды жөн көргенін айтады. Бұл шешімге мұрындық болған әжесі екен.

«Бала кезімізден дастарқан үстінде әжемнен көптеген өсиеттер тыңдап отырамыз. Ұлы Отан Соғысында бастан кешкендерін айтып беріп отыратын әжем бойыма жігерлік сезімін ұялатты. Әкемнің де нысандық әсем формасы ізін қалдырса керек…» – дейді мақтаныш сезімін жасыра алмаған жас маман.

Көпбалалы берекелі отбасында өскен қыз баласы алға қойған мақсаттарымен де бөлісті. Қиын-қыстау заманда өмір сүріп, басынан талай қиындықты өткерген әжесінен әлі талай тәлім алатынын, әрбір сөзіне құлақ асып, дегенін екі етпей орындайтынын жеткізген нәзік сержант қыз қызметті абыроймен атқарып, қазіргі бейбіт аспаны ашық тәуелсіз еліміздің өркендеуіне атсалысатынын айтты. Уақытпен санаспай, жұмысының ауырлығына қарамай еңбек етудегі Ақмаржанның міндетіне автоматты түрде анықтайтын сертификатталған құрылғылармен жұмыс істеу жүктелген.

Тәулік бойы жол жүру ережелерінің бұзу деректерін анықтайтын қондырғылар базасына түскен деректерді қабылдап, олар бойынша ұйғарымдар шығарып, көлік иелері мен құқықбұзушылардың мекен-жайларына заңнама талаптарына сәйкес уақытылы жолдап отыратын қызметкер айыппұлдардың өндірілуін де талдап отырады.

Үлкен отбасы әдеттегідей Жеңіс күні қарсаңында бір дастарқанда жиналып, ең алдымен сұрапыл майданда Отан үшін қан төккен, оралып, бірақ Жеңістің 76-шы көктемін көре алмаған батырлар мен тыл ардагерлерінің рухына Құран бағыштайды екен. Өскелең ұрпақтың санасына көзіне еріксіз жас алып, болған оқиғаларды айтып отыратын Сәния әжей ең жақсы қасиеттерді сіңіріп отыратыны айқын.

Ал балалары мен немерелері болса, батыр ананың көңіліне қаяу түсірмей, жүз жасап, дені сау болсын деп күнде тілеуде.

Қызылорда облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: