Фото: Нұрболат Нұржаубай
Бүгінде қаладағы көпқабатты 68 тұрғын үй апаттық деп танылған. Оның көпшілігі Тасбөгет кентінде орналасқан. Жақында кенттің Амангелді көшесіндегі №3 үй тұрғындарынан өжіре суға толып, маса мазалайтыны туралы шағым түскен еді. Осыған орай, қала әкімі Серік Қожаниязов аталған аумаққа арнайы барып, тұрғындармен кездесті. Үйдің өжіресіне түсіп, жағдайды көрді. Тұрғындарға қолайлы жағдай жасау мақсатында жауапты мекемелерге өжірені тазартып, масаларды улау туралы шұғыл тапсырма берді және бұл мәселе дер кезінде шешімін тапты.
– Өздеріңізге белгілі, аймақ басшысының қолдауымен облыс орталығына іргелес жатқан Тасбөгет кенті шаһармен бірдей қарқынды дамып келе жатыр. Қазір тұрғындардың сұранысына сай, тозығы жеткен бірнеше ескі үйдің шатырын ауыстыру жұмыстары жүргізілуде. Одан бөлек, кентті көркейту, абаттандыруға байланысты жобалар жүзеге асуда. Енді жалғыз тұрғын үйі апатты деп танылған азаматтарға Титов мөлтек ауданынан салынып жатқан тұрғын үйден 135 пәтердің кілті табысталатын болады. Жыл сайын осыншама пәтерден табыстайтын болсақ, бұл мәселе бірер жылда түбегейлі шешімін табады, – деді шаһар басшысы Серік Салауатұлы тұрғындармен кездесуде.
Айта кету керек, бүгінде меншік иелері «жалғыз тұрғын үйі Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен авариялық жағдайда деп танылған азаматтар» санатында тұрғын үй алу кезегіне құжат тапсырған 673 отбасы тіркелген.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!