Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Тұрғындар ұсынысы ескерусіз қалмайды

28.10.2022, 9:25 326

HALYQLINE.KZ Аудан әкімі Мұхтар Оразбаевтың Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Жарлығына сәйкес елді мекендегі тұрғындармен кездесулері жалғасуда.

Бүгін Мұхтар Әуесұлы Сарыкөл, Көларық және Арықбалық ауылдық округтеріне арнайы барып, халықтың ұсыныс-пікірлерін тыңдады. Еркін форматта өткен кездесуде аудан басшысы алдымен 9 айдың қорытындысы бойынша әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерге қысқаша тоқталып, алдағы жоспарларымен бөлісті. Аудан әкімінің халықпен кездесулерінде тұрғындар жеке мәселелерді емес, елді толғандырған ұсыныстар және ауылды көркейтуге байланысты ойларымен бөлісті.

Мәселен, абайлық азаматтар елді мекен айналасындағы жайылымдық жерлерді суландырып, жеке азаматтардың қолындағы жерлерді Сарыкөл ауылдық округіне қайтару қажеттігін айтты. Сондай-ақ, ауылдағы электр желілері мен бағаналарын жаңалауды сұрады. Көларық ауылдық округінің тұрғындары ауданда атқарылып жатқан жұмыстарды оң бағалап, алдағы уақытта да игілікті істер жалғасын таба берсін деген тілектерін жеткізді.

Ал, Арықбалық ауылдық округінде Қожас Медеубаев скважина қазу, Құлпыбай Құрманәлі апаттық жағдайдағы мектепті қайта салу мен елді мекенді газдандыру жұмыстарын тезірек бастау, Жетібай Қарасаев қоғамдық көлікті реттеу мен «Оң жаға» магистральді каналына су жіберу, Ақан Төлешов ауыл маңындағы шлюздерді жөндеу сияқты ұсыныстарын жеткізді.

Тұрғындар тарапынан көтерілген әрбір мәселеге аудан әкімі Мұхтар Оразбаев жеке-жеке тоқталып, барлығына жауап берді. Кейбір мәселелерге байланысты тиісті бөлім мен мекеме-кәсіпорын басшылары да түсініктеме беріп, атқарылып жатқан жұмыстармен таныстырды. Кездесулерден соң аудан әкімі Мұхтар Оразбаев пен аудан прокуроры Дарын Әбіш тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдап, ұсыныс-пікірлерін тыңдады.

Сондай-ақ, елді мекендердегі білім ордаларына арнайы барып, мектептердің жай-күйімен танысты. Халықпен кездесуге аудан прокуроры Дарын Әбіш, аудандық мәслихат хатшысы Бақытжан Жарылқап және бірқатар дербес бөлім мен мекеме-кәсіпорын басшылары қатысты.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: