HALYQLINE.KZ Қазір – баспаналы болудың мүмкіндіктері кеңейген уақыт. Бірақ бағдарламалардың талаптарын еңсере алмайтындар қалай үйлі болмақ? Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен әлеуметтік жағынан аз қамтылған азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз етуде біршама жұмыс атқарылды.
«Өңірде тұрғын үй құрылысын салу қарқынды жүруде. Қызылорда қаласында үйі апатты деп танылған жерлестерімізге 60 пәтерлі жаңа арендалық, халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарына, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға 50 пәтерлі көпқабатты тұрғын үй тарту етілді. Былтыр мемлекеттік бюджет есебінен тұрғын үй құрылысына 9,1 млрд теңге қаржы бөлініп, 32 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілген, оның 12-сі пайдалануға берілді. Ал, биыл 23 тұрғын үй, барлығы 982 отбасына пәтер кілттері табысталатын болады», – деді облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев қоғамдық кеңес отырысында.
Бұл ретте арнайы қабылданған «Сыр жастары» бағдарламасына ерекше тоқталуға болады. Облыс әкімі қоғамдық кеңесте «Алғаш рет 130-дан астам жас отбасыға жеңілдетілген ипотекалық несие беру үшін жергілікті бюджеттен 1,2 млрд теңге, «Отбасы» банкі арқылы 500 млн теңге барлығы 1,7 млрд теңге қаражат бөлініп отыр. Бұл жас отбасылардың баспаналы болуына үлкен қолдау болады деп санаймыз», – деп атап өтті.
Жастардың жеңілдікпен үйлі болуына қамқорлық жасалуы оларды алаңсыз жұмыс істеуге, қалаған кәсібімен айналсуға ынталандырады.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!