«Болашақ» университетіне – 30 жыл
Елімізге танымал мемлекет және қоғам қайраткері, экономика ғылымдарының докторы, профессор, академик Бақберген Сәрсенұлы Досманбетов биыл 80 жасқа толып отыр. Бұл айтулы дата – тек тұлғаның ғана емес, тұтас Сыр елінің, жалпы қазақ елінің ортақ қуанышы. Ерекше атап өтерлігі – дәл осы жылы Бақберген Сәрсенұлы негізін қалаған «Болашақ» университетіне де 30 жыл болады. Бұл екі мерейтойдың тоғысуы – оның ел дамуына қосқан өлшеусіз үлесінің символы.
1945 жылы Қызылорда облысы Қармақшы ауданындағы Диірментөбе стансасында қарапайым отбасында дүниеге келген. Балалық шағы соғыстан кейінгі ауыр кезеңмен тұспа-тұс келді. Дегенмен білімге құштар жас жігіт өмірін ғылым мен халыққа қызмет етуге арнады. Мәскеудегі С.Орджоникидзе атындағы инженерлік-экономикалық институтты тамамдап, Мәскеу басқару институтының аспирантурасында білімін жетілдірді. Бұл кеңестік кезеңде сирек кездесетін мүмкіндік болатын. Ғылымға деген шынайы ықыласы мен табандылығының арқасында 1976 экономика ғылымдарының кандидаты, ал 1994 жылы экономика ғылымдарының докторы ғылыми дәрежелерін иеленді.
Ғылыми қызметін Қызылорда педагогикалық институтында бастап, ұстаздықтан ректорлыққа дейінгі қызмет сатыларынан өтті. Өзінің бастамашылдығы мен ұйымдастырушылық қабілетінің арқасында аймақтағы білім саласына жаңа серпін әкелді. 1995 жылы Сыр өңірінде «Болашақ» университетін ашты. Бұл университет отыз жыл ішінде 30 мыңға тарта білікті маман дайындап, білім беру жүйесінің дамуына зор үлес қосты.
«Болашақ» университеті бүгінде тек өңірлік қана емес, республикалық деңгейде де жоғары бағаға ие. Қазіргі таңда университет заманауи инфрақұрылыммен жабдықталған, жаңа технологиялармен жұмыс жасайтын сапалы білім ордасына айналды. Онда студенттер үшін барлық жағдай жасалған – кітапхана, зертханалар, спорт кешендері мен инновациялық орталықтар жұмыс істейді. Бұл – Бақберген Сәрсенұлының болашаққа деген сенімінің, білім мен тәрбиеге деген құрметінің нақты жемісі.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ:
Бақберген Сәрсенұлының мемлекеттік қызмет жолы да ел есінде. 1996–1999 жылдары Қызылорда қаласының әкімі ретінде қаланың инфрақұрылымын жақсартуға, тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға, әлеуметтік жобаларды іске асыруға атсалысты. Ал 1999 жылдан бастап 12 жыл бойы ҚР Парламенті Сенатының депутаты ретінде ел дамуының негізгі бағыттарына арналған заңнамалардың жарық көруіне өз үлесін қосты.
Еңбегі ескеріліп, 2010 жылы «Парасат» орденімен, 2020 жылы II дәрежелі «Барыс» орденімен марапатталды. Бұл марапаттар – елге сіңірген еңбектің әділ бағасы. Сонымен қатар, ол Қазақстан Педагогикалық ғылымдар академиясының, Халықаралық Ақпараттандыру академиясының және Ресей Жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі. Ғылым мен саясатты қатар алып жүрген қайраткердің өмірлік ұстанымы – білім арқылы қоғамды дамыту, жас ұрпақтың бойына отансүйгіштік пен еңбекқорлықты сіңіру. Ол әрдайым жастарға бағыт көрсетіп, кәсіби жолдарын табуға сеп болған ұстаз. Бүгінде оның шәкірттері еліміздің түкпір-түкпірінде еңбек етіп жүр.
Бақберген Сәрсенұлы – ұстаз, қайраткер, реформатор, ұйымдастырушы, жаңашыл азамат. Мерейтой иесінің өнегелі өмір жолы мен ел игілігіне сіңірген еңбегі – жас ұрпақ үшін үлкен тағылым. Ал «Болашақ» университеті – оның ұрпаққа қалдыратын мұрасы.
Бақберген Сәрсенұлы – өз дәуірінің дара тұлғасы. Оның білім мен ғылымға, ел мен жерге деген адалдығы – кейінгі буынға жол көрсететін шамшырақ іспеттес. Ел ағасының рухани және білім мұрасы әлі талай ұрпаққа азық болмақ.
Қандай қызмет атқарса да, жүрегінің төрінде туған жері мен халқына деген шексіз сүйіспеншілігі тұратын Бақберген ағамыз – нағыз зиялы қауым өкілі, кемел тұлға. Ол қалыптастырған «Болашақ» – тек университет атауы ғана емес, шын мәнінде ел ертеңіне деген сенімнің символы. Болашағы жарқын ұрпақ осындай ірі тұлғалардан тағылым алып өссе – елдің де, ұлттың да ұтары сөзсіз.
Е.А.Жұматаев,
э.ғ.м.,
Қызылорда «Болашақ» университеті
«Экономика, аудит, бизнес және басқару»
кафедрасының аға оқытушысы
Б.Доманбетов өте керемет тұлға Қызылорда тұрғындарына білім алуына үлкен мүмкіндіктер берген жастарға үлгі .Толағай табыс тілеймін,денсаулығыныз мықты болсын.