HALYQLINE.KZ Түркістан облыстық төтенше жағдай департаментінің мәліметінше, Төлеби ауданының Жоғарғы Қасқасу ауылында қатты жауынның салдарынан Қасқасу өзені тасып, ауыл ішіндегі 4 көпірді шайған. Ал Екпінді ауылында аталған өзенде су деңгейінің көтерілуіне байланысты төрт жеке үй мен 15 аула аумағын су басты.
Шымкенттегі Еңбекші ауданының Елтай ықшамауданында Төлеби ауданынан суару каналдары арқылы ағып жатқан су 60 ауланының аумағына кірген. Тұрғын үйлердің аулаларындағы су деңгейі 20-50 сантиметр. Қазіргі уақытта су ағыны секундына 3-5 текше метрді құрайды.
Басылымның ақпараты бойынша, Төлеби ауданында төтенше жағдай орнына аудан әкімі Бауыржан Омарбековтың бастамасымен құрылған жұмыс тобы келді. Көпірлерді қалпына келтіру жұмыстары басталды. Шымкент шекарасындағы Сұлтан Рабат ауылында да су көп, жолдар өзенге айналған.
Ленгерде де осындай жағдай. Қазығұрт ауданында Алтынтөбе, Жігерген, С.Рақымов ауылдық округтерінің тұрғындарының үйлерін су басты.
– Оқиға орнына Қазығұрт ауданы Төтенше жағдайлар басқармасы мен аудан әкімдігі қызметкерлері дер кезінде шығып, Алтынтөбе ауыл округі мен Қаржан елді мекенінде 2-үй, 1-емхана, 1-дәріхана, 2-қоражайдың аулаларына су кіргенін анықтаған. Ал, Жігерген ауыл округі бойынша 30-үйдің ауласына су кіргені және 4-қора құлағаны тіркелді. С.Рақымов ауыл округі Қызылата елді мекенінде 4-үй, 1-мешіттің ауласына су кіргені анықталған.
Сондай-ақ, Сайрам ауданында нɵсерлi жауын-шашынның салдарынан Ақсукент, Қарасу, Қарабұлақ, Манкент ауылдарындағы үйлердің ауласын су басты. Бәйдібек ауданында Ақбастау ауылдық округіне қарасты Тұрақты елді мекенінде жауын-шашын салдарынан Тұтарық каналы 4 жерінен бұзылған.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!