Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Түнде атылмаған оқ

20.02.2023, 9:25 522

HALYQLINE.KZ

Мөлтек  сыр

Жанқожа батыр ауылының тұрғыны, еңбек ардагері, өмір жолымдағы ұстазым, байырғы құрылысшы Жаңабай Жақсылықов ағаның мен үшін орны тым ерекше.

«Құдық қазған, өткел салған, шәкірт тәрбиелеген сауап арқалайды» деген бар. Төрешісі бір Алла екені даусыз. Алайда жоғарыдағы ескіден жеткен есті сөзге жүгінсек, Жаңабай ағаның өнегелі өмір жолында сауап арқалайтын игілікті істер аз атқарылмапты. Жәкең өзі ғана емес, ата-бабасының кіндік қаны тамған қасиетті топырақ, қазіргі Жанқожа батыр ауылында туып-өсті, білім алды, шаңырақ көтерді, жарты ғасырға жуық (бір адамның орташа өміріне тең) қасиетті қонысының өсіп-өркендеуіне сүбелі үлесін қосты.

Осы аралықта Жақсылықтың Жаңабайының басшылығымен ауыл орталығында, Шөлқұм, Шәкен, Шилі, Қарақұмның өзге де беткейінде қаншама құрылыс нысандары, аудан бойынша тұңғыш рет мал бордақылау алаңы біздің кеңшарда салынып, ел мерейін көкке көтерді.

Сол кездегі атағы күндей күркіреген «Қазақстанның 40 жылдығы» атындағы кеңшарды ширек ғасыр басқарған, «Ленин» орденінің иегері марқұм Шынтас Жалғасбаев көкеміздің «Жаңабайдың кәсіби біліктілігімен ірі құрылыс трестін басқарса артық болмас еді. Әттең… отбасына қарайлап, ауылдан ұзап кете алмады…» деген сөзін Жәкеңмен қызметтес, турасы шәкірті болып жұмыс істеген кезеңде сан мәрте естідім.

«Көз көргендер сөйлесін…». Мен ауылдағы Жәкең басшылық жасайтын құрылыс саласына қойма меңгерушісі (завсклад) болып жұмысқа қабылданғанда 20 жаста едім. Сол кезде тікелей бастығым, яғни прораб Жаңабай ағаны егде тартқан, үлкен кісі деп ойлайтынмын. Олай топшылауыма бастығымның зор беделі, үлкен-кішінің «Жәкелеп» алдын кесіп өтпейтіні, құрылысшылар сапындағы жер-жерден жиналған сан ұлттың (арасында мүлде құжаты жоқ, қашқан-пысқан, ұрда-жық әпербақандар да аз емес) өкілдерінің өздері сөзін екі етпейтіні әсер етуі де себеп. Жаңабай ағамның өзімнен небары он жасқа ғана үлкен екенін, орда бұзар 30-ға жаңа толғанын кейін білдім.

Алғашқы жұмыс күнімнен бастап атыма берілген сенімхат (доверенность) арқылы аудан орталығындағы түрлі мекемеден, «Селхозснаб» аталатын аудандағы ең ірі орталық базадан құрылыс заттарын вагондап алуға тура келді. Сырт көзге «пысық, еті тірі» көрінгенмен бір қайнауы ішінде, балалығым байқалып қалады. Ауылда, қазақы ортада өскендігіміз тағы бар…

Алғашқы айда алынған құрылыс материалдарының есебін тапсыратын кез болды. Прораб, мастер, завсклад, яғни мен үшеуміз айлық есепке отырдық. Счет-фактура, накладнойларды алдыма жайып салып, есептесуге кірістім. Кенет… Жаңабай аға:

– Мына қыруар телефон кабелін неге, қайда алғансың?! – дегені.

Кабельдің не екенін онша ажырата да алмайтын мен абдырап қалдым. Сөйтсем… Базамен есептескенде жігіт ағасы жасындағы тісқаққан завсклады накладнойда жазылған өзге құрылыс материалдарына менің алмаған затымды да қосып жіберіпті. Мұны байқамаған мен алдым деп қол қойып беріппін. Атаңа нәлеттің бағасы да аса қымбат әрі өте көп мөлшерде екен. Жәкеңнің айтуынша, ол кабельмен тұтас ауылға телефон нүктесін тартуға болады. Ал жеке үйлерге телефон тарту деген ол кезде қасқалдақтың қанындай қат кезі. Мұны естігенде маңдайымнан ащы терім сорғалай жөнелді. Бастығыма кабель дегенді мүлде көрмегенімді айтып, ант-су іштім. Менің жүзіме аянышпен көз тастаған Жаңабай аға:

– Ертең «Селхозснабқа» бірге барайық. Завскладтың да сендей баласы бар шығар. Жамандыққа қимас, – деп жұбатып жатыр.

Таңды көз ілмей атырдым. Базаға бардық, Жәкең күнде зат алып жүрген завскладқа жолығып мән-жайды түсіндірді. Қайдағы?! Завсклад міз бақпады. Менің қолым қойылған накладнойды алға тартып, екеумізді қоймадан қуып шыққандай қылды. Жаңабай ағаның ашуланғанын алғаш рет көруім. Сабырлы адамның ренжігені де біртүрлі болады екен. Завскладқа салмақты үнмен «Бір Алла бар ғой. Аузынан ана сүті кетпеген жас баланы шырылдатып қоймаспыз. Жарайды!» деп бұрылып кетті.

Кейін тиісті сала мамандарына өтініш айтып, кабельді есептен (списание) шығарды. Бұл маған өмірлік сабақ болды. Мұнан кейін әрбір құжатқа қол қоярда мән-мағынасына байыппен қарайтын болдым.

Көп ұзамай тағы бір зор қателікке бой алдырдым. Оның қандай қателік екенін «өткен іс өтті» деп тіс жармауға болар еді. Алайда, жастықтың буына желіккен жастар босқа арандамасын, әрбір ағат қадамның соңында орны толмас өкініш тұрғанын, кез келген қылмыстың түбі түрме екенін білсін, айдың-күні аманында пәлеге ұрынбасын, «ашу – шайтанның досы» екенін есте сақтасын, біреудің қателігін қайталамасын деген оймен жазуды жөн көрдім.

Сонымен… Бірде ауыл басшылары көше төбелесінің етек алып тұрғанына алаңдап, көше тентектерінің мәселесін «май шаммен» қарады. Талқылауда бір лауазымды ағамыз маған қатты шүйлікті. Тап-таза едім дей алмаймын. Десе де, сол жолы менің күнәм жоқ еді. Ақталдым, тыңдамады. Директорымыз Шынтас Жалғасбаев аға да менің жұмысыма пісентті екенімді айтып, қорғаштап бақты.  

Кенет… Әлгі лауазымды ағамыз «Шәке, сіздің мақтаған жігітіңіз күндіз құрылысшылардың, түнде «шайканың» бастығы» деп салғаны… Шынтас аға маған отты жанарымен қадала қарағанда қатты қысылдым. Қойшы, талқылаудан жер болып шықтым. Мұндай күйінбеспін… Ызадан «қасқырдың аузы жесе де қан, жемесе де қан» деген… Ақыры, маған жақсы атақ жоқ екен. Ендеше…» деп ағат байлам жасадым.

Соның алдында бір досым әскери борышын өтеуге аттандарда маған 20 (жиырма) патронымен шолақ мылтық (обрез) тастап кеткен еді. Ашуға булыққаным сонша, кеш түсе досым берген сол обрезді оқтап, патронтажды беліме байлап, сыртынан күрте күйіп, әлгі ағайды аңдуға шықтым. Аздап ішімдік ішкенімді несіне жасырайын? Орталық бақтың ішінде әлгі кісінің жұмыстан қайтар жолын тосып, ұзақ тұрдым. Жолықтыра алмадым. Абыройым бар екен. Ойламаған жерден бақ ішінде Жаңабай ағаммен кездесіп қалдым. Аңғарымпаз адам ғой. Менің суыт жүрісімнен бір сұмдықты сезгендей-ақ жанынан тастамады. Көше бойлап жүріп екеуміз әлденеше сағат бойы әңгімелестік. Бастығым өзінің басынан кешіргендерін, өзге де қызықты оқиғаларды айтып, көңілімді сергітіп тастады. Мастығым тарқап кетті. Жәкең екеуміз үй жаққа бірге қайттық. Асыл ағам менің күртемнің ішінде не жатқанын білген жоқ…

Ал, ертеңіне марқұм анам менің шолақ мылтығым мен патронтажды кездейсоқ көріп қалды. Сол күні анамнан оңдырмай таяқ жедім. Шешем мені жыңғыл таяқпен (жүн сабайтын сабау) қуалап жүріп сабап, обрезді патрондарымен қоса әжетханаға салдырып, көмдіріп тастады. Мылтықтан осылайша құтылдым.

Күні кеше Жаңабай ағамен телефон арқылы тілдестім. Жәкеңнің салмақты дауысы баяғы оқиғаны қаз-қалпында көз алдыма әкелді. Толқып тұрып Жаңабай ағама іштей алғысымды жаудырдым. Аман болыңыз, аяулы аға!

Жұмабек  Табынбаев,

Қазалы  ауданының  Құрметті  азаматы.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: