Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Түйткілді мәселелердің түйіні тарқатылды

16.01.2024, 15:00 281

Елдің жағдайын білу үшін  ел жұтқан ауамен тыныстау керек. Би-шешендер осы бір толғаулы сөзге талай дүниенің ұшын жалғап қалдырған. Тереңіне үңілсең, түбіне жете алмайтын даналар сөзін бүгінгі ұрпақ жадына сіңіру керек. Мұны іске жарата білген басшы да, қосшы да жолдан жаңылмайды. Есесіне, елі сүйген ер болып аты қалады. Жуырда ғана шаһар басшысы болып тағайындалған Серік Қожаниязов осы ұстаныммен өткен аптаның сенбісінде қаланы аралап, атқарылып жатқан жұмыстармен танысты. Һәм тұрғындардың тыныс-тіршілігіндегі ахуал қандай екенін көзбен көріп қайтты.

Облыс орталығында кезінде тыңнан түрен салған талай зауыт болған. Ал олардың бүгінде қабырғасы сетінеп, қаңқасы қалған. Іргесі сөгіліп, «інге» айналған ескі ғимараттар аз емес. Солардың бірі – «Целлюлоза-картон зауыты». Серік Салауатұлы осы ескі ғимаратты бұзу жұмыстарымен танысып, сала мамандарына атқару қажет тиісті жұмыстарды тапсырды.

  • Өздеріңіз жақсы білесіздер, өткен ғасырдың ортасында облыс орталығында картон зауыты жұмыс істеген. Өндіріс 2000 жылдың басында ыдырап, осы зауыттың қызметкерлері дүние-мүліктің барлығын бөліп алған. Сосын бірнеше жұмысшы дүние бөлістен алған үлесін сатқан. Ол кезде оны Талғат  Абишев деген азамат сатып алып, осы жерге құрылыс нысанын саламын деген ойда болған. Бірақ, жер мемлекет меншігінде болды. Көріп тұрғандарыңыздай, бұл жерге ешқандай құрылыс жүргізілмеген. Қазір осы ғимаратты сатып алған адамды шақырдық, бірақ белгілі бір себептермен келе алмайтын болды. Мұндай ескі ғимараттар, біріншіден, қауіпсіздігімізге кепіл бере алмайды. Екіншіден, шаһардың кіреберістерін абаттандырып, көркейтіп жатырмыз, бұл ретте мұндай ескі ғимараттар көзге оғаш көрінеді. Сол үшін бұл зауытты біржақты қылу қажет, – деді қала әкімі.

Жалпы, Целлюлоза-картон зауыты 1958 жылы жұмысын бастаған. Шикізат ретінде Сырдария өзені мен Қараөзек алқаптарында жайқалған қамыстарды пайдаланып, іске қосылған жылы өндіріс орны 73 мың тонна целлюлоза, 70 мың тонна картон өндірген. Зауытта 19 түрлі тауар шығарылып, қажетті шикізатты өңдеумен айналысқан. 70-жылдары Гофро жәшік цехы, 1969 жылы макалатура, 1978 жылы 86 мың тонна қағаз жасайтын қуаты бар машина, 1972 жылы тазалау қондырғылары іске қосылған. Мұнда сол жылдары екі жарым мыңнан астам адам жұмыс істеді.

Өндіріс қуатын, өнім көлемін арттырумен қатар тұрғын үй, әлеуметтік тұрмыстық құрылыстар салуды жүргізді. Өз жұмысшыларына арнап 1290 пәтерлік 65 үй, 700 орындық жатақхана мен қонақүй салған. Зауыт 1994 жылы нарықтық экономика жағдайына бейімделіп, қағаз шығаруға мәжбүр болды. Қажетті жабдықтардың болмауы және көптеген себепкебайланысты зауыт жұмыс істеуін тоқтата бастаған. Дегенмен, осы уақыт аралығында сатып алған  кәсіпкер жерді нысаналы мақсатында пайдаланбай, құрылыс алаңын қоршауға бағытталған қандай да бір шараларды қабылдамаған. Осыған байланысты нысан иесіне ескерту жасалды.

Одан кейін, қала әкімі жаңадан салынып жатқан жылу электр орталығына баратын жолды абаттандыру жұмыстарымен танысып, істің белгіленген уақыт арасында аяқтауды тапсырды.

Түрік инвесторы «Aksa Energy» компаниясы 2025 жылы жылу қуаттылығы 277 Гкалдан асатын жаңа нысанды қолданысқа береді. Жоба құны – 215 млрд теңге. 

Облыс орталығының шеткі бөлігінде тұрмыстық қатты қалдықтар тастайтын жаңа полигонның құрылыс жұмысы жүргізілді. Шаһар басшысы Белкөл кентінен 7,5 шақырым қашықтықта орналасқан полигонға барып, алдағы уақытта мұнда қандай жұмыстар жүргізілетінімен танысты.

  • Полигонға келетін қоқыстарды Экологиялық кодекс талаптарына сай залалсыздандырып, қайталама шикізатты өңдеу арқылы табыс табуды жолға қою қажет. Ынталы кәсіпкерлермен келіссөздер жүргізіп, полигонды сенімгерлік басқаруға беру керек. Медициналық қалдықтарды да осы жерде залалсыздандыратын шаралар қабылдап, экологияға зиян келмейтін әдістерді қолдану маңызды. Ол үшін өңдеуден өткен қоқыстардың көзін жоятын арнайы пештерді орнату қажет. Ал, ескі қоқыс полигон жерінің құнарлығын қайта қалпына келтіруге жоба-сметалық құжаттамасы әзірленеді, – деді қала әкімі.

Жаңа полигонның құрылыс жұмыстарын 2019-2020 жылдары «Техоснастка-Ремсервис» ЖШС мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында жүргізіп, пайдалануға берді. Жалпы құны – 1 млрд 297,2 млн теңге. Қазіргі таңда жаңа полигон толық «Қызылорда тазалығы» КМК-нің теңгерімінде.

Полигон құрылысы санитарлық-экологиялық талаптарға толық сәйкес келеді, 20 гектар аумағы толық қоршалған, қалдықтарды сұрыптау кешенімен және қалдықтарды өлшеу таразысымен қамтамасыз етілген. Жаңа полигон құрылысына мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында «Қызылорда тазалығы» мекемесі қатысып, 148 млн теңгеге қалдықтарды сұрыптау кешенін орналастырды. Бұл қалдықтарды сұрыптау кешенінің жылдық қуаты – 60 мың тонна. 2023 жылы тұрмыстық қатты қалдықтар полигонына 73 мың тоннадан аса қалдық қабылданды. Осы қалдықтың 35,7 мың тоннасы – Қызылорда қаласының көшелеріне жүргізілген санитарлық тазалығынан құралған қалдықтар, 37,9 мың тоннасы жеке кәсіпкерлер мен көпқабатты тұрғынүй аулаларынан шығарылған тұрмыстық қатты қалдықтарды құрайды. Полигонға жетізілген азық-түлік қалдықтары полигон аумағында шірітілуде. Осы қалдықтар шірітілу процесі арқылы қоршаған ортаға түсірілетін салмақты жеңілдетіп, көмілетін қалдықтардың көлемін қысқартуда.  2023 жылы қалдықтарды сұрыптау арқылы алынған 51,4 тонна пластмасса өнімдері екінші қайтара өңделу үшін мүдделі кәсіпкерлерге 11,8 млн теңгегесатылды.

Қазіргі таңда полигон бойынша барлығы 9 бірлік арнайы техника және 23 адам қалдықтарды сұрыптау, өңдеу және көму жұмыстарымен айналысуда. Қызылорда қаласы бойынша 2023 жылы жалпы 73 724 тонна, күн сайын полигонға 180-200 тонна көлемінде қалдықтар тасымалданады. Осы қалдықтардың күніне орта есеппен 70 тоннасы қалдықтарды сұрыптау кешені арқылы сұрыптаудан өткізіледі. Сұрыптаудан алынған 3-4 тонна көлеміндегі пластмасса өнімдері екінші қайтара өңдеуге жіберіледі.

2023 жылға қаланың санитарлық тазалығынан пайда болған қалдықтарды полигонда залалсыздандыру және көму жұмыстарына жергілікті бюджеттен жалпы 76,6 млн теңгебөлінді. Және қаражат түгел игерілген.

Қалада сәні келіскен де, құрылысы басталған да, қирауға шақ қалған да тұрғынүйлерді кездестіруге болады. Жалпы, шаһарда апатты деп танылған 51 көпқабатты үй бар болса, 22-сі Тасбөгет кентінде орналасқан. Ондағы 628 тұрғын пәтер кезегінде тұр.

Қаланы аралау барысында шаһар басшысы Серік Қожаниязов Тасбөгет кентіндегі апатты үйлердің тұрғындарымен кездесіп, талап-тілектерін тыңдады. Серік Салауатұлы өтініштердің назардан тыс қалмайтыны жеткізіп, жаңадан салынатын көпқабатты үйлерден аталған санаттағы азаматтарға кезектілік тәртібімен жыл сайын 100-ден астам пәтер табысталатынын айтты. Осылайша алдағы 5-6 жылдың көлемінде қаладағы апатты тұрғын үй мәселесін түбегейлі шешу жоспарлануда.

Соңғы уақытта Президент тапсырмасына сәйкес, барлық әкім тұрғындармен кездесуді көбейтіп, олардың талап-тілегі негізінде тиісті жұмыстарды атқаруға көшкен. Бұл үрдіс қызылордалықтар үшін де уақытылы орындалып келеді. Қала әкімі Серік Салауатұлы алдағы уақытта да тұрғындармен кездесіп, олардың өтініштерін тыңдауға әзір екенін айтты. Біздегі артықшылық құр санға емес, сапаға жұмыс істеу болып отыр. Соның арқасында облыс орталығы гүлденіп, көркейіп келеді. Тұрғындардың да әлеуметтік әл-ауқаты жаман емес. Халықтың қамын жейтін азаматтар барда, еңселі ел боларымызға сенім мол.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: