Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

ТОҚАЛ ФЕНОМЕНІ және ПОЛИГАМИЯ немесе ЗАМАНАУИ ДИЛЕММА

13.11.2025, 11:20 4329

Қазақ  мәдениетінің  тарихи құрылымында  «тоқал»  ұғымы  әлеуметтік  институт  ретінде  қалыптасып,  уақыт өте келе терең моральдық және дүниетанымдық мәнге ие болған. Бұл құбылыс – тек жеке тұрмыстық қатынастардың көрінісі емес, сонымен қатар қоғамның әлеуметтік теңгерімін, адамгершілік қағидаттарын және рухани құндылықтарын айқындайтын  күрделі  мәдени  феномен.

Бүгінгі  мақаламызда  осы  түйткілді тақырып – тоқал феноменін, яғни дәстүр мен  заман  арасындағы рухани қайшылықты  жан-жақты  талдап  көреміз. Бұл  ұғымның  тарихи  тамырына,  діни негізіне,  әлеуметтік  және  моральдық қырларына  үңіле  отырып, оның  қазіргі қоғамдағы  мәні  мен  мазмұнын  саралауға тырысамыз. Тоқалдық  дәстүрі – тек өткеннің  сарқыншағы  емес, бүгінгі  ұлттық сана  мен  рухани  мәдениеттің  айнасы. Бұл тақырып – біреуге ерсі болса, енді біреуге қалыпты  құбылыс. Ал соңғы уақыттары резонанс тудырған  түйткілді  бұл  тақырып бұрындары  да  актуальды  болған, қазір де  солай,  кейін де  солай  бола  бермек, өкініштісі  сол…

Сондықтан  бұл  тақырыпқа  үстірт қарау  тарих  алдындағы  да,  рухани  болмыс  алдындағы  да  жауапкершіліктен жалтару  болмақ.

Көп әйел алу дәстүрі қазақ қоғамында тек тұрмыстық қажеттіліктен туған құбылыс емес, ол белгілі бір тарихи, әлеуметтік және өркениеттік заңдылықтың нәтижесі ретінде қалыптасқан. Көшпелі өмір салтының күрделі жағдайлары, жиі қайталанған соғыстар мен жұт, табиғи апаттар салдарынан ер-азаматтардың саны азайып, қоғамдағы демографиялық теңгерім бұзылды. Мұндай кезеңдерде жесір қалған әйелдер мен жетім қалған балалардың тағдыры бүкіл қауым­ның ортақ жауапкершілігіне айналды. Дәл осы ахуал қазақ халқының  қоғамдық санасында ерекше бір  әлеуметтік институт – «тоқал алу» дәс­түрін  өмірге  әкелді.

Бұл дәстүрді тарихи тұрғыда түсіну үшін сол заманның моральдық өлшемдері мен қоғамдық құрылымын ескеру қажет. Ауқатты, беделді ер адамдардың жесір әйелдерді немесе тұрмысы төмен әулеттен шыққан қыздарды тоқал етіп алуында нәпсілік мақсаттан гөрі әлеуметтік міндет басым болған. Бұл – сол кезеңдегі қоғамның өз ішінде қалыптасқан әлеуметтік қорғаныс механ­измі, яғни әлсізді қорғаудың, ұлттың ұрпа­ғын сақтаудың жолы еді. Сондай-ақ, қазақ­тың дәстүрлі дүниетанымында әйел заты тек отбасының ұйытқысы ғана емес, елдің рухани тірегі, бола­шақтың анасы ретінде бағаланған. Сондықтан әйелдің басы бос қалуы немесе оның өмірі қоғамнан тысқары қалуы ұлтқа сын саналатын. Осы тұрғыдан алғанда, тоқал алу әйелді қорлау емес, қайта оның тағдырын, ар-намысын, өмірлік  қауіпсіздігін  қорғаудың  бір тетігі болған.

Ал, тарихи контексте тоқалдық институты белгілі бір деңгейде әлеуметтік теңгерімді сақтау құралы қызметін атқарған. Ол қоғамдағы артық байлық пен мәртебенің нәпсіге емес, әлсізге қолдау көрсетуге бағытталуы тиіс деген моральдық қағидатқа негізделген деседі. Тоқал алу арқылы ауқатты ер адам өз ықпалын жеке басының қамына емес, қоғам игілігіне жұмсаған. Алайда бұл құбылысты қазіргі заманның өлшемімен бағалау тарихи шындыққа әділетсіздік болар еді. Сол дәуірдің моральдық құрылымында тоқал алу ар-намысты таптау немесе әйел теңдігін бұзу деп саналмаған. Керісінше, ол қоғамның ұжымдық этикасына  сай  келетін, ізгілікті сипаттағы шешім  болатын.

Қазіргі кезеңде бұл дәстүрді жаңаша пайым­дау қажет сықылды. Егер өткен дәуірде тоқалдық әлеуметтік тепе-теңдікті сақтау мен ұрпақ жалғастығының кепілі болса, бүгінде оның астары өзгеріп, жеке мүдде мен нәпсіге қызмет ететін үрдіске айналып барады. Сол себепті тари­хи үрдістерді қазіргі қоғамның рухани деңгейі­мен салыс­тыра отырып бағалау – дәстүрді түсінудің ең маңызды алғышарты. Десе де, заман ағымы адамды алға тартқанымен, тарихтағы тұжырымдар кейде кей еркекті кері тартуда. Оны жасыру мүмкін емес. Сөзімізге дәлел, қазіргі уақытта медианың бетін бермей, халық арасында резонанс тудырып жүрген тоқал тақырыбын ту еткен тұлғалар. Әлемжеліні ашсаңыз болды, тоқал тақырыбы бүгінде әлеуметтік мәселеден асып түсуде. Бірі қара пиар десе, енді бірі қаралауда.

Біз  де  бұл  тақырыптан  айналып  өте  алмадық.  Байқасаңыз,  бұл  тұста жәбір көруші – әйел, психологиялық  соққы  алушы,  қайта  тұрушы   да – әйел. Әйел деп отырғанымыз сол, баяғының бәйбішесі, қазіргіше айтқанда, бірі – бес баланың  анасы, енді бірі – жоқтан барға дейін бірге болысқан бірінші некедегі жұбайы. Бұл турасына  бекер тоқталмадық. Халықтың алғысын алған азаматтың қарғыс алуы да бір демде. Жұмбақтап отырған жанымызды да түсініп тұрған боларсыз. Атын атап, түсін түстеудің де қажеті шамалы. Тарихи дәстүр, қазақи феномен десек те, қазіргі қоғам – көзі ашық, көкірегі ояу қоғам. Дегенмен, осы қазақи дәстүр мен діни нанымды «жауап­кершіліктен жалтару жамылғысы» етіп жүрген жандар  да  жетерлік.  Дін  бұл  тұрғыда  не  дейді?

ИСЛАМ  ЭТИКАСЫ.  ШАРИҒАТ  ШЕҢБЕРІНДЕГІ  «ТОҚАЛДЫҚ»

Ислам шариғаты ер адамға төрт әйелге де­йін некелесуге рұқсат бергенімен, бұл рұқсат абсолютті еркіндік емес, оның астарында терең моральдық шарттар мен рухани жауапкершілік жатыр. Көп әйел алу мәселесіне ислам этикасы тұрғысынан қарағанда, ол адамның нәпсісіне жол беру емес, керісінше, әділдік пен жауапкершіліктің  ең  жоғарғы  сатысы  саналады.

Құран Кәрімнің «Ниса» сүресінің 4:3-аятында: «Қамқорлықтарыңа алған жетім қыздармен үйленген жағдайда оларға әділ бола алмаудан қоры­қсаңдар, өздеріңе ұнаған әрі адал болған өзге  әйелдердің екеуімен, үшеуімен немесе төртеуімен үйленуге болады. Егер оларға әділ бола алмаудан қорықсаңдар, біреуін ғана немесе қолдарыңдағы күңдерді қанағат тұтыңдар. Әділдіктен ауытқып кетпеулеріңнің ең тиімді жолы, міне, осы» делінген. Бұл аяттың мәнін ислам ғұламалары ғасырлар бойы терең талдаған. Олардың пікірінше,  көп әйел алу – барлық адамға берілген мүмкіндік емес, ерекше әлеуметтік және рухани жағдайларда  ғана  рұқсат  етілетін  шартты  амал.

Ислам ғалымдары атап өткендей, көп әйел алған ер адам барлық әйелге материалдық, эмоционалдық және құқықтық тұрғыдан тең қарау­ға міндетті. Егер әділдік пен теңдік сақталмаса, мұндай неке шариғатқа сай болмайды және мораль­дық тұрғыдан да құндылығын жоғалтады. Құрандағы әділдік талабы – абсолютті шарт: ер адам бұл талапты орындауға сенімді болмаса, бір әйелмен шектелуі тиіс. Бұл қағида көп әйел алуды шектеу арқылы әділдікті қорғаудың  негізгі  тетігі  ретінде  түсіндіріледі.

Исламдық тафсирлерде, яғни Құран мен хадистер­дің тәпсірінде, бұл рұқсаттың тарихи және әлеуметтік астары да айқын көрсетілген. Аят соғыс пен әлеуметтік күйзеліс кезеңінде – жетімдер мен жесірлердің көбейген уақытында түскен. Яғни, көп әйел алу ол дәуірде нәпсінің қанағаты емес, қоғамдағы әлсіздерді қорғау мен ұрпақ жалғастығын сақтау үшін берілген әлеуметтік  рұқсат  болған.

Осы тұста теолог маманның пікіріне құлақ салғанды жөн көріп, азды-көпті пікірлескен едік. Нұр-Мүбәрәк Египет Ислам мәдениеті университетінің түлегі, ислам дінін зерттеуші, теолог маман Қыдыржан Талғаттың айтуынша, ислам дініне терең зерттеу жасамастан шариғатты сылтау етіп әрекет қылғанның қияметте сол үшін сұралатынын ұмытпағаны абзал дейді. Ал көп әйел алу ісі ислам діні өмірге келмей тұрып та болғанын  алға  тартады.

– Ислам  дінінде төрт әйел алудың үкімі – парыз  немесе  уәжіп дәрежедегі міндетті іс емес. Бәлки, әркімнің өз еркіне қалдырылған ерікті іс. Сондай-ақ, көп әйел алғысы келетін адам әуелі, аятта зікір етілгендей оларға әділ болу шартын сақтау керектігін және өзге аяттарда білдіріл­гендей дұрыс бағып-қағуы міндеті екендігін білуі керек. Екі немесе үш әйел алып, бұл  шариғи талап­тарды толық орындамаған жағдайда, қияметте сол ісі үшін сұралатындығын ұмытпау керек. Бүгін­де «Ислам дінінде әйел адамның құқығы тапталған, бір еркек төрт әйелге дейін алады» деген пікірлер ислам дініне күйе жағу мақсатында айтылып  жатады. Мұны, ислам дінінің терең рухына ой жүгіртіп, терең ізденіс жасамастан шындық ретінде қабылдап жататындар да бар. Алайда, көп әйел алу ісінің ислам діні келмей тұрып болғаны айтылып да,  жазылып  да  жүрген  ақиқат.

Ислам келгенге дейінгі, әлемдегі әйел затының жағдайы баршаға мәлім. Ол кезде әйел затша саудалана­тын, қанша әйелмен үйленем десе де еркектер­ге шек қойылмайтын. Әйелді қалаған уақытында қалаған адамына сатып немесе айыр­бастай салатын. Тіпті, көне Грек және Рим мәдениетт­ерінде әйелді адам деп те есептемеген. Ефлатонның пікірінше, әйел бір қолдан екінші бір қолға өтіп жүре беретін ортақ мүлікке жатады. Ескі қытай мәдениетінде әйел заты адам санал­мағандықтан, оған айдар тағып, ат та қойылмайтын болған. Тіпті, батыс философтары «Әйел заты жалпы адам ба, жоқ па? Адам болса, оның жаны бар ма, жоқ па? Бар болса, оның жаны ер адамдардың  жанындай ма, жоқ әлде жануарлардың жандарына ұқсас па?» деген тәрізді адам шоши­тын  ой-пікір  таластарын да тудырған. Міне, әйел баласының жағдайы осындай жантүршігерлік қорлыққа толы бір заматта ислам діні әйел­дердің абзал жаратылыс екенін түсіндіріп, оған ерекше баға берді. Тіпті, «Жұмақ – аналардың табанының астында» деген сыры терең, сыны биік ұстанымға  бас  идірді.

«Ер  мен  әйелдің   құқықтарын  тең қарастыр­ған ислам діні не  үшін  бір еркектің төрт әйел алуына рұқсат  етті?» деген сұрақ жиі қойылып жата­ды. Бұдан ислам діні әйел  затына әділетсіздік  жасады  деген  ой туындамау керек. Өйткені, адамзат қоғамында бұл мәселеге рұқсат берілуге қандай да бір  қажеттілік  бар екендігін  көруге  болады.  Яғни, кез келген нәзік жанды әйел затының үйленіп, ер-азаматтардың қамқорлығында болуды қалайтыны сөзсіз. Мүмкін белгілі бір мамандықты бітіріп, жақсы жұмысы бар қыздар отбасы құруды  қатты  ойлап кетпейтін де шығар. Алайда, оның өмір бойы ата-анасымен бірге жүре бермейтіні белгілі. Жасы егде тартқан сайын аңыра­ған үйде жапа­дан-жалғыз өмір сүруі, қиын сәттерде жанын­да бір жанашырдың бол­мауы оңайға соқпайды. Міне, бұл қоғамдағы әртүрлі қажет­тіліктің бір ғана мыса­лы деуге болады. Яғни, екінші әйел алуға қажет­тілік ер адам тарапынан болуы да мүмкін  немесе біреуге екінші әйелдікке тию қажет­тілігі  әйел адам  тарапынан  да  болуы  мүмкін. Сол себепті, ислам дінінде көп әйел алуға рұқсат беру – қоғамдағы кей қажеттілікті адал жолмен әділ шешудің тетігі  деп білген  жөн, — деп  қорытын­дылады  маман.

Ислам шеңберіндегі тоқал тақырыбының тұжырымы  осындай, ал қазіргі қоғам контексінде  қандай? Толығырақ  талдап  көрелік.

ҚАЗІРГІ  ҚОҒАМ  КОНТЕКСІНДЕГІ «ТОҚАЛДЫҚ»  СӘН  мен  МӘРТЕБЕНІҢ  СИМВОЛЫ  МА?

Бүгінгі  жаһандану  дәуірінде тоқал ұғымының қоғамдық  қабылдануы бұрынғы  дәстүрлі түсініктен түбегейлі алшақтады. Кешегі заманда әлеуметтік міндет пен адамгершілік жауапкершіліктің нышаны болған бұл дәстүр қазір кей жағдайда сән мен мәртебенің символына айналып  отыр. Кейбір  адам  дін мен дәстүрді бетперде етіп, тоқал алу арқылы жеке нәпсі мен материалдық артықшылықты ақтауға тырысады. Мұндай  әрекет­тер дәстүрдің рухани мағынасын жойып, оны қоғамның этикалық құндылық­тарымен  қайшы­лыққа  түсіреді.

Осылайша, тоқалдық институт өзінің бастап­қы рухани табиғатынан ажырап, моральдық диссонансқа айналып отыр. Бүгінгі қоғамда бейресми некелердің көбеюі әйел мен баланың құқықтық тұрғыдан қорғалмауына, әлеуметтік теңсіздіктің тереңдеуіне және рухани тұрақсыз­дықтың өсуіне алып келеді. Егер тарихи дәуірлерде тоқал болу – қамқорлық пен әлеуметтік қауіпсіздіктің белгісі болса, бүгінде ол көбіне материалдық тәуелділіктің, қоғамдық мәртебеге тәуелді болудың, кейде рухани шарасыздықтың көрінісіне  айналды.

Сондай-ақ,  әйелдің  тоқал болуға  келісім  беруі де  әртүрлі  себепке  сүйенеді: кейде бұл – өмірлік қиындықтардан  туындаған  амалсыз шешім, кейде материалдық тұрақтылыққа ұмтылыс, тіпті, кейде рухани жалғыздықтың өтемі. Алайда мұндай қатынастарда адамгершілік пен рухани тепе-теңдік жиі бұзылып, қоғамның моральдық іргетасы  әлсірейтіні  айдан   анық.

Психологиялық зардабын да айтып өткен жөн. Себебін әлеуметтік желідегі жәбірленуші тараптан жылдам таралып жатқан бейнелер мен толассыз пікірлерден табуға болады. Бүгінде бұл үрдіс біз үшін ерсі тақырыптардың тізімінен түсіп барады. Құлақ үйренді, көз үйренді, ендігі өкініштісі, сана-сезімнің қалыпты деп қабылдауы ғана қалды. Психолог мамандардың мына пікірі тоқал тақырыбы төңірегіндегі адамдарға біраз  тоқтам  болса  игі.

– Мұндай құрылым тек рухани кемелденген, адамгершілігі биік, сезім мен сана тепе-теңдігін сақтай алатын адам үшін ғана үйлесім табуы мүмкін. Ал рухани жетілмеген, эгоцентрлік көз­қарастағы адам үшін көп әйел алу тек эмоциялық және әлеуметтік күйзеліс көзіне  айналады, — дейді  психолог  К.Советқызы.

Ал, социомәдени тұрғыдан алғанда, қазіргі қоғамда «тоқал» ұғымының мағынасы айтарлықтай трансформацияға ұшыраған. Бұрын бұл сөздің астарында белгілі бір әлеуметтік рөл мен құрмет жатқан болса, бүгінде ол жиі жағымсыз реңкпен, моральдық сынмен байланыстырылып  айтылуда.

ЗАҢ  НЕ  ДЕЙДІ? МӘЖІЛІС  МІНБЕРІНДЕГІ  МАҢЫЗДЫ МӘСЕЛЕ – «ТОҚАЛДЫҚТЫ ЗАҢДАСТЫРУ»

Жуырда  ғана  мәжіліс мінберінде депутат Абзал Құспан тоқал алу мәселесін заңдастырып, заңды түрде реттеу керек екенін айтып, біраз  талқыға  түскен  болатын.

– Біреуді жанашырлықпен алып жатқан жоқ. Жап-жас қыздарды тоқал ретінде алады. Сондықтан мен бұған жаныммен-тәніммен қарсымын. Бірақ мен қарсы болды екен деп, сіз қарсы болды екен деп, заңда тыйым бар екен деп тоқтап жатқан адам жоқ. Сондықтан бұны заңдастыру керек деп есептеймін. Заңда құқықтық нигилизм деген  нәрсе  бар.  Ол  заңның  қолжаулыққа  айналуы дегенді білдіреді. Енді бізде заңда осы тыйымды ешбір адам Қазақстанда сақтап жатқан жоқ. Заңның осы тыйым нормасы қолжаулық болма­ғанда  несі  қалды?, — деді  Абзал  Құспан.

Депутаттың сөзінше, қазір Қазақстанда тоқал құқықтық тұрғыда қорғалмаған. Алимент алу, бала­ны асырау мәселелеріне келгенде, заңды түрде талап ету құқығы шектелген. Ол осы себепті тоқалдыққа рұқсат беру арқылы заңды жауапкершілік жасауды қолдайтынын айтты. Өзі тоқалдықты қолдамаса да, екінші әйел болып жүрген әйелдердің құқығын қорғау үшін заңды түрде реттеуді  қолдайтынын  айта  кетті.

Расымен де, қазіргі Қазақстан заңнамасы бо­йынша, көп әйел алу ресми түрде рұқсат етілмейді. Демек, тоқал алу – заңдық тұрғыдан танылмайтын, бейресми неке түрі. Мұндай жағдайда әйел мен баланың әлеуметтік мәртебесі анықталмай, олардың тағдыры толығымен ер адамның ар-намысы мен адалдығына тәуелді болып қала­ды. Бұл – құқық пен моральдың арасындағы қақтығыс, яғни құқықтық және рухани жүйелердің  үйлеспеушілігін  көрсететін  жағдай.

Құқықтық тұрғыдан мұндай некелерде әйел­дің меншік құқығы, мұрагерлік құқығы, баланың әкелік тегін анықтау және әлеуметтік қорғау мәселелері күрделене түседі. Бұл тек жеке отбасының ғана емес, қоғамдық әділеттіліктің бұзылуы­на алып келеді. Егер заң мен дін, мораль мен әлеуметтік мәдениет өзара үйлесім таппаса, онда қоғамның рухани жүйесі әлсірейді деген сөз, ал отбасылық институт өзінің тұрақтылығын жоғалтары анық. Сондықтан тоқал мәселесін талқы­лаудың ең басты мақсаты – оны ақтау немесе айыптау емес, рухани сана мен құқықтық мәдениетті қатар дамыту. Әйелдің қадірі мен ар-намысын қорғау – қоғамның өркениеттік деңгейінің  басты  көрсеткіші.

«Біз діни нормаларды заңдастыра бастасақ, бұл мемлекет құрылымының іргетасын шайқалтады» дейді гендерлік теңдік мәселелерін зерт­теуші әрі сарапшы Айгерім Құсайынқызы. Оның айтуынша, Мәжіліс депутаты Абзал Құспанның тоқалдық институтын заңдастыру туралы бастамасы – заң шығарушы тұлға үшін «күлкілі әрі қайшылыққа  толы  ұсыныс».

– Егер депутат әйелдерді қорғау деп тоқал­дардың  эмансипациясын  немесе  олардың балаларына мұрагерлік құқық беру мәселесін меңзеп отырса, мұны «әйелді қорғау» деп айту қате. Керісінше, ол – екінші әйелдерін жасырып жүрген ер адамдардың әрекетін заңдастыруға бағытталған қадам. Бұл – әйел құқығын қорғау емес, заңсыздықты заңдастырудың  көрінісі, — дейді  сарапшы.

Оның  сөзінше, Қазақстан  гендерлік  тең­дікке қатысты 40-қа жуық халықаралық және салалық құжаттарды қабылдап, соның басым бөлігін ратификациялаған. Демек, «теңдік» ұғымының  мәні – көп  әйел  алуды  заңдас­тыру  емес.

– Әйелдерді қорғау ұранымен кейбір ер адам өзінің аморальды ниеті мен әрекетін заңдастыру­ға ұмтылып отыр. Бұл – шынайы гендерлік сая­саттың мәніне қарсы бағыт, — дейді  Айгерім  Құсайын­қызы.

ТҮЙІН. Тоқалдық – қазақ қоғамының тарихи тағдырынан, көшпелі өмірдің қатал шындығынан туындаған әлеуметтік институт. Ол бір кездері жесір мен жетімді қорғаудың, ұлттың ұрпағын сақтау мен әлеуметтік тепе-теңдікті қамтамасыз етудің тиімді тетігі болған. Алайда уақыт өзгерді, қоғам да, сана да, өмір салты да басқа бағытқа ауысты. Сол себепті тоқалдықтың бұрынғы әлеуметтік миссиясы қазіргі заманда өзінің мәндік негізінен алыстап, моральдық және құқықтық қайшылықтың өзегіне айналды.

Бүгінгі таңда бұл ұғымға тек дәстүрлік тұрғыдан емес, заман рухына сай этикалық және құқықтық өлшеммен қарау қажет. Көп әйел алу – нәпсінің еркіндігі емес, ең алдымен, үлкен жауапкершілік пен әділдік сынағы. Егер ол әділдікке, теңдікке және рухани парасатқа негізделмесе, онда оның қоғам үшін игілік болмасы анық.

Қазіргі  әлемде  әйелдің   қадірін  арттыру,  оның  құқықтық  және  рухани  қауіпсіздігін  сақтау – өркениетті қоғамның басты парызы. Қазақ мәдениеті мен ислам ілімі бұл қағиданы қатар ұстанады: әйел – отбасының берекесі, қоғамның рухани өзегі. Сондықтан тоқалдық мәселесін талқылау әйел тағдырын, отбасы институтын  және  ұлттық  руханиятты  қорғаудың күрделі  бөлігі  саналады.

Демек, нағыз шешім – дәстүрді жоққа шығару да, оны соқыр қабылдау да емес, оның рухани мәнін заманауи парасатпен үйлестіру. Әділдік, адамгершілік және жауапкершілік негізінде ғана бұл тақырып қоғамда сауатты әрі сындарлы талқылануы мүмкін. Ал рухани биіктік пен сана мәдениеті  қалыптасқан  жерде  отбасының  да, ұлттың  да  іргесі  мықты  болады.

Перизат  ШАЙХСЛАМҚЫЗЫ

«Халықтың» коллажы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: