Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Толық емес отбасылардың жай-күйі қалай?

25.07.2024, 10:40 282

Тақырыпты оқығанда ойыңы­зға тек жалғызбасты ана мен оның балалары келуі мүмкін. Бірақ, қоғамда отбасын өзі асырап отырған ана ғана емес, әке де жетерлік. Олардың әлеуметтік, құқықтық, экономикалық жағдайы туралы көбі ойлай бермейді. Өйткені оны қоғам осал топтар қатарында деп есептейді. Десе де, үкімет толық емес отбасы мүшелеріне арнайы жеңілдіктер мен құқықтық ерекшеліктер қарастырған. Бүгінде толық емес отбасылардың жай-күйі қалай? Шағын ізденіс  жасап  көрдік.

Мемлекет басшысы Қ.То­қаев «Ұрпақ­тар сабақтастығы» республикалық форумында «Мықты және бақытты отбасы – келісімді қоғамның негізгі құрамдас бө­лігі және мемлекеттің сенімді тірегі. Отбасын­да ең жақын адамдардың үлгі-­өнегесі мен ықпалының арқасында адам мен азамзаттың бойындағы отаншылдық пен жауапкершілік, инабаттылық пен үлкенді сыйлау, еңбексүйгіштік пен өзін-өзі жетілдіруге деген ұмтылыс сия­қты қасиеттер тәрбиеленеді. Жақын ортада адамның биік адамгершілік ұстаным­дары мен гуманистік мұраттарға негізделген дүниетанымының негізі қаланады» деп  атап  өтті.

Ресейлік физик Дмит­рий Моркович өзінің «Жалпы әлеу­меттану» кітабында әлемде жалпы қабылданған біртұтас отбасы түрі жоқ екенін айтады. Өткен ғасыр­да отбасы институты ай­тарлық­тай өзгерістерге ұшырады, нәтижесінде қазіргі адамзат­тың әртүрлі неке, отба­сы құрылымы пайда болды. Ол отбасы институтындағы мұндай өзгерістердің мән-жайла­рын әлемдік экономика, құ­қық, саясат, дін, медицина, педагогика және психология саласындағы макроәлеуметтік процестер мен құбылыс­тардың  көптігі  дейді.

Толық емес отбасыларда балаларды тәрбие­леу, экономикалық-тұрмыстық, әлеуметтік, эмоционалды-психологиялық, рухани-құнды­лық және басқа функцияларды орындау үшін жауапкерш­іліктің барлық ауыртпалығы тек бір ата-ана­ға  жүктеледі. Толық емес отбасылардың балалар тәрбиесінде және психологиялық сипат­тағы өзіндік ерекшеліктері бар екенін атап өткен жөн. Осыған байланысты осы отбасыларды әлеумет­тік қолдауды жіті қарау қажет. Көп жағдайда мұндай отбасыларда балаларды аналары тәрбиелейді. Бала күтімі рөлін негізінен әйел­ге жүктейтін гендерлік рөлдерді бөлу көбінесе әкелердің бала тәрбиесіне нашар қатысуына және баланы асырауға алимент төлеу проблемасына әкеледі. Әлеуметтанушылардың зерттеуіне сүйенсек, кәмелетке толмаған балаларды асырап-бағуға алимент өндіріп алу туралы талап арыздар бойынша азаматтық істер саны 2016 жылғы 7117 жағдайдан 2020 жылы 6228 жағдайға дейін төмендеген. Бұйрық өндірісі істері бойынша кәмелетке толмаған балаларды асырауға алимент өндіріп алу туралы азаматтық істер саны да 2016 жылғы 40 192 жағдайдан 2020 жылы 36 653 жағдайға дейін төмендеді. Бұл ретте проблемалы алимент бойынша жағдайлардың саны 9,8%-ға  өскен.

Қазақстанда кейбір отбасыда балаларды тәрбие­леу міндетін әкелері өз мойнына алады. Осындай жанұяларда әкелер ұрпағын өз бетте­рінше немесе жақындарының жәрдемімен өсіреді. Егер туыстарының қолдауы мен екінші ата-ананың көмегі болмаса, экономикалық, психология­лық және әлеуметтік қиындықтар пайда болатыны айтпаса да түсінікті. Баланы жалғыз тәрбиелеу – үлкен сын. Бұл жағдайда әкелер тек тәрбие берумен шектелмей, экономикалық, тұрмыс­тық, әлеуметтік және психология­лық міндеттерді де атқаруға мәжбүр. Баланың жан-жақты дамуына жағдай жасау және өмірдің барлық қырында табысты болуын қамтамасыз ету үшін әке оған көп көңіл бөлуі керек. Сонымен бірге, баланы жалғыз тәрбиелеп жатқан ата-­ана жалғыздық пен оқшаулануды сезінуі мүмкін. Жалғызбасты әкелер қаржылық қиындықтарға тап болып, жұмыс пен бала тәрбиесін қатар алып жүруде күрделі жағдайларға кезігуі ықтимал. Қоғам мен мемлекеттің қосымша қолдауы болмаса, жалғызбасты ата-ана қаржылық және эмоцио­налды тұрғыдан қиыншылықтарға душар  болып, бұл  оның  денсаулығы  мен  баланың  жалпы   жағдайына  кері  әсерін  тигізетіні  сөзсіз.

Осы дүниелерді ескере келе, толық емес отбасы­ларды қолдау қажет екенін түсінеміз. Өткен  жылы Мемлекет басшысы Қазақстан Респуб­ликасы Президентінің жанындағы халық­тың әлеуметтік осал санаттарының құқықтары жөніндегі уәкіл Светлана Жақыпованы қабылдады. Кездесу барысында халықтың тұрмыс сапа­сын арттыру және әлеуметтік қамсыздандыру жүйесін институттық деңгейде жаңғырту мәселелері талқыланды. Ел Президенті Светлана Жақыповаға халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарының құқықтарына кепілдіктер мен олардың заңды мүдделерін қамтамасыз ету жөнінде бірқатар тапсырма берді. Атап айтқанда, Прези­дент көпбалалы аналар, жалғызбасты аналар және мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған аналар секілді әлеуметтік санаттағы топ өкілдерімен проактивті жұмыс істеу, сондай-ақ заңнама аясын­да олардың құқықтары мен мүдделерінің сақталуына қатаң бақылау жүргізу қажеттігін айтты. Мұнан бөлек, мүгедектігі бар адамдардың мәселесін шешуге айрықша назар аударып, осы санатқа жататын отандастарымыздың тұрмыс сапа­сын жақсартуға мүмкіндік беретін заңнамалық  және институттық базаны жетілдіруге қатыс­ты  ұсыныстар  әзірлеуді  тапсырды.

Толық емес отбасылар толық отбасыларға қараған­да  экономикалық жағынан осалдау болып келеді. Бұл туралы Қазақстандық қоғамдық даму институтының «Қазақстандық отбасылар – 2022»  ұлттық  баяндама  деректерінде  айтылды. Толық емес  отбасылардың негізгі проблемалары­ның бірі – материалдық сипаттағы мәселелер. Алайда көпбалалы отбасылар ай сайын әлеуметтік жәрдемақымен қамтамасыз етілген, сондықтан мұндай отбасыларда аналары жұмыс істемейді. Ал жалғызбасты ата-аналар осындай  әлеуметтік төлемдердің жоқтығына байланысты олардың жұмыс істеуі керек және оған мәжбүр. Толық емес отбасылардың әлеуметтік  жағынан осалдығы негізінен үй алу, білім алуды төлеуде қиындық тудырады, өйткені бір ата-ана­ның  табы­сы  көп  жағдайда  осы  мақсаттарға  жетпейді.

Баяндамада  айтылғандай, Қазақстанда толық емес отбасыларға қарағанда көпбалалы отбасы­ларға жасалатын жағдай жоғары деңгейде. Оларды қаржылай ғана емес, наградамен, тауар түрінде, құқықтық қызметтің ерекшелігімін қолдайды. Ал толық емес отбасыларды дәл мұндай қолдау тетіктері жоқ. Әлеуметтанулық сауалнама бойын­ша толық емес отбасылардың 43,9%-ы мемлекеттен толық көмек көрсетілмейтінін айт­қан. Ал 22,3%-ы бұл санаттағыларға мемлекет назар  аудармайтынына шағымданады. Респонденттердің 19,9%-ы мемлекеттен жасалатын жағдай жақсы екенін жеткізсе, 13,9%-ы жауап беруге  қиналатынын  жеткізген.

«Толық емес отбасылар отбасы саласындағы ең төменгі әлеуметтік стандарттардың қабыл­данған жүйесінде бөлек бөлінбегенін атап өткен жөн. Өмірдің кейбір бағыттарында ғана жеңілдіктер мен өтемақылар қарастырылған. Мысалы, осы мәртебеде кемінде үш жыл болған толық емес отбасылардан шыққан балалар үшін техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейін­гі және жоғары білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарына оқуға түсу кезінде қабылдау квотасы көзделген. Сонымен қатар, тұрғын үй заңнамасында толық емес отбасылар халықтың әлеуметтік осал топтарына жатқызылған, осыған байланысты тұрғын үйге мұқтаж және есепте тұрған адамдарға коммуналдық тұрғын үй қорынан тұрғын үй немесе жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғын үй пайдалануға беріледі» делінген  ұлттық  баяндамада.

Әлеуметтанушылардың айтуынша, қазіргі уақытта жалғызілікті аналар, сондай-ақ екінші ата-анасының қатысуынсыз балаларды тәрбие­леп отырған әкелер санының өсуі байқалуда. Мұндай отбасыларда бір ата-ана балаларды тәрбие­леу мен бағып-күтуге байланысты барлық функцияны орындауға мәжбүр. Алайда, тек бір ата-ананың болуы балалар және жалпы отбасы үшін жағымсыз салдарға әкелуі мүмкін. Сондықтан толық  емес отбасыларды әлеуметтік қолдау және құқықтарын қорғау мәселелері, сондай-­ақ оларды зерделеу мен айқындау қоғам үшін маңызды екенін ескеру қажет. Бұл әділ және тең дәрежелі қоғам болып қалыптасуда өз нәтижесін  беретін  дүние  екеніне  сенім  мол.

Америкалық психологтар ассоцияциясының «Отбасы құрылымы, жанұялық процестер және жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылық: ата-аналардың жынысына қарсы, ата-анасының болмауының маңызы» жинағында әке асырайтын отбасыны былай сипаттайды.

Әкеден  тұратын  отбасы – бұл ажырасу, зайы­бының қайтыс болуы, немесе басқа себептерге байланысты дүниеге келген бала (балалар) мен әкеден тұратын отбасы. Көп жағдайда кеңейтілген толық емес отбасыдан құралады, өйткені олар әдетте жақын туыстарымен, яғни ата-әжелерімен, тәтелерімен, ағаларымен бірге тұруымен немесе бірлескен үй шаруашылығын жүргізумен ерекшеленеді. Бірге тұратын туыстардың негізгі функциясына отағасына бала күтімінде көмек көрсету жатады, оған әкесі болмаған кезде бала күтімі, бос уақытты ұйымдастыру, білім беру меке­мелеріне баруды бақылау кіреді. Мұндай отбас­ыларға америкалық психологтар ассоцияциясы мамандары  осылай  анықтама  берген.

Жалпы, бала толыққанды отбасында тәрбие­ленуі үшін ата-ана өмірдің кез келген қиындығында екі жаққа кетуге асықпағаны жөн. Себе­бі, олар отбасын құруда үлкен жауапкершілік жүгін арқалады. Ал ажырасу туралы ой болғанда сол жауапкершілік жүгі жығылады. Ал бұл жауапкершілік – бала. Екі жақтың да тәрбиесін толық алмаған бала болашақта түрлі қиындыққа, жауа­бы жоқ сауалдарға тап болуы мүмкін. Өз отбасында ата-анасы мәселені бірге шешкенін көріп өспеген ұл-қыз шешім қабылдауға салғырттық танытуы да мүмкін. Ал мұндай ұрпақ көбейсе, қоғамда құндылықтар құлдырай береді. Тиісінше, бақытты балалық шақ пен жанұя жарасымдығы туралы  әңгіме  аз  айтыла  бастайды.

Десе де, отбасылық психолог Ержан Мырзабаев бала отбасын сақтап қалатын фактор емес екенін  алға  тартты.

– Мен баланы отбасын сақтап қалатын фактор ретінде көрсетпеймін. Статистикаға сүйенсек, бала­сыз ажырасатындар 34 пайыз, 1 баламен ажыра­сатындар 33 пайыз, 2 және одан көп баламен ажырасатындар қалған 33 пайызды құрайды. Демек, біздегі бала тақырыбы ажырасудың алдын алады деу қиын. Яғни қайсысын алып қарасақ та пайыздар бір-біріне өте жақын. Бұл – бала отбасын сақтап қала­тын фактор емес деген сөз. Отбасы баласыз құрылады, баласыз аяқталады. Қартайған кезде әйел  күйеуімен  ғана  қалады, – дейді  психолог.

Рас. Бала отбасын сақтап қалатын фактор емес екені даусыз. Әлеуметтік зерттеулер аясында сұхбат берген қызылордалық тұрғын отбасын сақтап қалуда баланың рөлі үлкен маңызға ие емес  екенін  айтты.

– Мен бұрын некеде болғанмын, біздің неке­мізде шетінеген баламыз болды. Бізге қайтадан бала жоспарлау қиындық тудырмады, бірақ жұбайым­мен ажырасып кеттік. Бала отбасын сақтап қалат­ын себеп емес екенін түсіндік. Мен баланы өзім үшін туғым келді, ата-анам мені қолдады. Мен өз өмірімде аяққа тұрғандықтан, екінші әйел болуды қаламаймын. Бірақ 31 жасқа толғалы тұрмыс құруды ойлап жүрмін. 35 жасқа дейін тағы бір балалы болуды жоспарлап отырмын, бірақ тек өзім үшін баланы дүниеге әкелу мағынасыз.  Мен  әйелдердің  жалғыз  болып, 5-6 баланы дүниеге әкеліп, мемлекеттен көмек сұрауы дұрыс емес деп санай­мын. Әр адам өз мүм­кіндігінше ойлануы керек. Қан­ша баланы асырай алсаңыз, сонша бала дүниеге әкелуіңіз  керек. Себебі ер адам, тіпті сіз некеде болсаңыз да, бүгін сізбен болса, ертең басқа отбасының тіреуі болуы мүмкін. Ол отбасынан кетіп қалуы да, немесе қайтыс болуы да мүмкін. Әйел бала­ны дүние­ге әкелмес бұрын, оны асырай аламын ба  деп  ойлануы  қажет  деп  есептеймін, – дейді ол.

Қазақстан Республикасының 2023 жылғы 20 сәуірдегі №224-VII Әлеуметтік кодексіне сәйкес асыраушысынан айырылған мүгедектігі бар балалар мемлекеттен екі есе төлем ала алатынын айта кеткен жөн. Аталған Кодекстің 177-бабына сәйкес мүгедектігі бар адамдарға мүгедектігі бойын­ша айлық жәрдемақылар 1,61-2,20 ең төменгі  күнкөріс  деңгейін  құрайды.

ТҮЙІН. Елімізде  толық  емес  отбасыларға жасалатын қолдау жоғары көрсеткіште емес. Өйткені, әлеуметтік қолдауға ие болу үшін отбасы мүшелерінің бірі мүгедек немесе ақыл-есі кем болуы тиіс. Ал мұндай топқа жататын адам болмаса, өз күнін өзі көре алады деген философия бой көтереді. Ал мамандар көпбалалыға қарағанда, толық емес отбасыдан шыққан баланың психологиясы қолдауға мәжбүр екенін айтады. Бастысы, жетімді жылатпай, жесірді өзектен теппесек екен. Қалғаны Құдайға аманат.

К.ҚҰРМЕТ

Сурет ашық дереккөзден алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: