Бүгінгі таңда Қазақстанда бірлігі мен ынтымағы жарасқан, мақсаты мен мұраты тоғысқан 120-дан астам ұлт пен 40-қа жуық конфессия өкілдері тату-тәтті ғұмыр кешіп жатыр. Бұл толерантты мемлекет екенімізді айғақтайтын бірден-бір көрсеткіш. Ұлтаралық татулық пен дінаралық толеранттылық – Қазақстандағы тұрақтылық пен дамудың басты кепілі болып қала бермек. Толеранттылық дегеніміз – өзгелердің діни сеніміне шыдамдылық пен төзімділік таныту ғана емес. Сонымен қатар олардың сеніміне сый-құрметпен қарау дегенді білдіреді. Осы жетістігіміздің арқасында елімізде дінге сенушілер бір шаңырақ астында тату-тәтті ғұмыр кешіп, діни бірлестіктер өз қызметтерін емін-еркін атқаруда. Бұл қоғамдағы ішкі саяси тұрақтылық пен ұлтаралық, дінаралық келісімді нығайтуға, қоғам мен мемлекеттің дамуына үлкен септігін тигізді.
Соның нәтижесінде еліміз әрбір адамның сенім бостандығын, құқығын құрметтейтін демократиялық, зайырлы мемлекетке айналды. Және азаматтардың діни сеніміне қарамастан тең құқылы. Қазақстан халықтың рухани мұрасымен үйлесетін діндердің мәдени және тарихи құндылығын құрметтейді.
Діни толеранттылықты қалыптастыру тетіктері конституциялық демократиялық құқықтар мен бостандықтарды толық жүзеге асыру мүмкіндігімен, қоғамның рухани мәдениетінің деңгейімен, қоғамдық қатынастардың бүкіл жүйесімен байланысты. Діни толеранттылық дәстүрлері Қазақстандағы әлеуметтік-философиялық ойдың дамуының барлық кезеңдерінде ерекше көрінісін тапты, оны ең жарқын мысалдармен көрсетуге болады.
Әйгілі Қожа Ахмет Яссауи адамдарды басқа ұлттардың дініне төзімді болуға шақырды: «Егер сенің алдыңда Құдайға сенбейтін адам болса, оны ренжітпе. Жаратқан Ие қатыгез жүректен, ренжіткен жаннан бұрылады».
Жаһандану дәуірінде қазақстандық қоғамның рухани өмірін жаңғырту дінге жаңа конструктивті көзқарассыз мүмкін емес. Тарихи тұрғыдан алғанда, Қазақстан әрқашан Шығыс пен Батыстың түрлі діндерінің, мәдениеттері мен өркениеттерінің тоғысқан жері, диалогы болған жер болды. Қазақтардың мәдени–этикалық дәстүрлерінен қалған рухани саладағы толеранттылық қазіргі және болашақта азаматтық бейбітшілікті сақтауға жақсы негіз болып табылады. Қазақстандағы діни бірлестіктер тек қоғамнан оқшауланып өмір сүріп қана қоймайды, азаматтар бейбітшілік пен рухани келісімді нығайтуға бағытталған әлеуметтік-мәдени шараларға да қатысады.
Сан ғасырлар бойы түрлі этностар мен діни нанымдардың рухани мұрасымен кемелденген Қазақстанның біртұтас халқы өз бойына толеранттылық, діни төзімділік, сабырлылық секілді қасиеттерді қалыптастырған. Сондықтан да біз осы асыл құндылықтарымызды барынша сақтап қалуымыз керек.
Қазақ елінің әрбір жетістігі – татулық пен ынтымақтың, ұлтаралық толеранттылық пен дінаралық төзімділіктің арқасы. «Ағайын тату болса, ас көп» деген халық даналығын берік ұстанатын бүгінгі ұрпақтың мақсаты да – болашаққа бірлікпен қадам басу.
Бектөре Рүстембеков
дінтанушы
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!