HALYQLINE.KZ Адамзат тарихының тәжірибесі көрсеткендей тіл – ұлттың негізгі белгісі ретінде халықтың рухани мәдениетінің бір бөлігі, халықтың болмыс-бітімінің сақталуында шешуші рөл атқарады. Қазақ халқы ғасырлар бойы елі мен жерін, діні мен тілін сақтап қалу жолында талай қиын кезеңдерді басынан кешірді. Ата-бабамыз мұраға қалдырған ана тіліміздің мемлекеттік тіл мәртебесіне көтерілу жолын сөз еткенде, қазақ тілінің қолданылу аясы тарылып, орыс тілінің ықпалы күшейе түскен кезеңдер тарихтан белгілі.
1985 жылғы қайта құру кезеңі, 1986 жылғы желтоқсан оқиғасы әсерімен республикамызда қазақ тіліне көңіл бөлініп, мемлекеттік деңгейде мәселе көтерілді. Яғни, мемлекеттік тілдің беделін, оны білу әрбір азаматтың өмірлік қажетіне айналатындай, қазақстандық патриотизмнің құрамды бөлігі болатындай деңгейге көтеру қажет болды.
Қазақ тілі мемлекеттік мәртебеге 1989 жылы ие болды. 1995 жылы қабылданған Ата Заңның 7-бабында «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тіл – қазақ тілі» деп айқын жазылды. Кейін «Тіл туралы» Заң қабылданды. Үкімет осы Заңның жүзеге асуы жөнінде көптеген қаулы-қарарлар қабылдады.
Президентіміз жыл сайынғы Қазақстан халқына жолдауларында мемлекеттік тілді дамыту мәселесін үнемі басты назарда ұстап келеді. Елбасы «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде» деп болашаққа стратегиялық мақсат қойып отыр. Президентіміздің 2003 жылғы 15 қарашадағы жарлығымен қыркүйектің үшінші жексенбісі Қазақстан Республикасы халықтары тілдерінің күні ретінде атап өтілетін болды.
Ана тілі мәселесі – сол тілді халықтың өткені мен бүгінгісін таразылай отырып, болашағын танытатын, сол халықтың мәселесі. Сонымен мемлекеттік тілдің тағдыры ұлттық оң болмыстың оянуын қажет етіп отыр. Қазақ тілінің тағдыры қазақтың өзінің қолында. «Анамыздың ақ сүтімен бойымызға дарыған тілімізді ұмыту – бүкіл ата-бабамызды, тарихымызды ұмыту» деп Б.Момышұлы айтқандай әр қазақ өз елінің тарихын, тілін жетік білуі керек.
Алтынай МОЛДАШ,
Қызылорда облысының мамандырылған
ауданаралық экономикалық сотының
бас маманы-сот отырысының хатшысы
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!