HALYQLINE.KZ Тіл – адамзат баласына берілген бағалы да құнды сый! Адамзат қоғамының аясында халық, ұлт және оның тілі жүздеген, мыңдаған жылдар бойы қалыптасады. Қай ел болмасын, өз тілі арқылы әлемді, дүниені, өмірдің құнды тағылымдарын таниды. Тіл – мәңгілік құбылыс. Тіл – атадан балаға қалған асыл мұра. Тіл – шексіз дүние. Өйткені, ол басқа нәрселер сияқты тозбайды, ортаймайды. Менің ойымша, ұлттың ұлт болуы тікелей тілге байланысты. Ал бүгінгі таңда ана тіліміздің алар орны мен өсер биігі қай дәрежеде? Қазақ елінің біртуар батыры Б.Момышұлының «Осы күнде ана тілімізді білмейтін оқымыстыларымыз аз емес. Бұл біз үшін жетістік пе? Өз басым жетістік деп айта алмаймын. Себебі, анасын сыйламағандардан қандай мейірім күтуге болады?» деп өткір тілімен батыл пікірін білдіреді. Демек, қазіргі заманымызда тіліміздің өз орнын таба алмай жетімсіреп жатқан тұстары да баршылық.
Біріншіден, қазақ отбасында сарқылмас қазынасы бар ана тіліміз тұрғанда шүлдірлеген орыс тілінде ана мен баланың тілдесуі бірінші айғағымыз екені даусыз. Екіншіден, көше тілі халықтың бірден-бір қатынас тілі болса, қалалық бауырларымыз осы әдеттен арыла алмай келуі. Үшіншіден, «Үштұғырлы тіл» бағдарламасының мектептерде енгізілуі ана тілінің өркендеу қанатын қиып, жас жеткіншектерді өз тілінде сайрауына мүмкіндік бермей жатуы. «Тіл халқымызбен бірге туып, біте қайнасып келе жатқан «мәңгілігінің мәңгілігі», ұлтымыздың төлқұжаты, рәміздік белгісі, мәдениетіміздің мәйегі, рухани әлемнің сарқылмас қазынасы» деп жазушы Ғабит Мүсірепов туған тілінің құндылығына баға берген. Тілдің осындай құдіретін терең түсініп, қадірлей білген халқымыз оны көшіп жүрсе де, батпаққа батырмай, шабындыға алдырмай, таза күйінде ұрпағына жеткізді. Ана тілін құрметтемеу – ештемені сыйламау деген сөз. Жастар мұны қатты ескеруі керек. Жастар – біздің болашағымыз. Тап осы кезеңде авар ақыны Расул Ғамзат ақынның: «Егер тілім ертең болса құрымақ, Мен дайынмын өлуге де бүгін-ақ» деген сөздері тіл жөніндегі түйінді ойдың ұраны деп білемін.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін айтар болсам, қазақ дейтін аты бар дана халықтың тілі де көркем. Бойында ұяты, ар-намысы, абыройы бар елдің ертеңі бар. Әрдайым атымызға затымыз сай боп, аспанымыз ашық, еліміздің жұлдызы биіктен жанып, ана тіліміздің тұғыры жығылмай, мәртебесі биік болсын деген ниет білдіріп, мықты, сезімі асқақтаған ақынның төмендегі жыр жолдарымен сөзімді аяқтаймын:
Бәрі сенде: Ұят, Абырой, Намыс, Ар,
Ерлік – күллі қасиеті алыптың.
Кім де болса, сол арқылы танысар,
Барша бекзат болмысымен халықтың.
Бәйтеректер тамыр жайып тереңге,
Тартады алға арғымақта не арда.
Шыңға шырқау қиын емес өренге,
Құдіретті қазақ тілім, сен барда!
Басқа тілді сүйдім… және сүйемін,
Несі айып, биік мұрат көздесе,
Жаса мәңгі, менің тілім!
Киелім, Саған ыстық махаббатым өзгеше!..
Гүлдерхан ДОСЫМОВА,
Тарих факультетінің 2-курс магистаранты,
Ф.А.Қозыбақова,
т.ғ.к., әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың профессоры
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!