Қазақстанда кең таралған TikTok әлеуметтік желісінің жасөспірімдерге тигізетін зиянына қатысты ҚР Парламенті Сенатының депутаты Геннадий Шиповских алаңдаушылық білдіріп, Үкіметке сауал жолдады. Депутаттың айтуынша, TikTok-тағы контент жасөспірімдердің психикалық денсаулығына, мінез-құлқына және жалпы қоғамдағы моральдық құндылықтарға зиян тигізеді.
TikTok-тағы кейбір контент балалардың психикалық денсаулығына кері әсерін тигізіп, олардың мінез-құлқына теріс ықпал ететінін айтқан депутат платформада жалған ақпарат пен арандатушы мазмұндардың таралуы қоғамдағы әлеуметтік тұрақтылықты бұзатынын мәлімдеді.
Шиповскихтың сөзінше, TikTok пайдаланушылардың жеке мәліметтерін жинау және сақтау тәсілдері күмән тудырады, бұл Қазақстан үшін де алаңдаушылық тудырарлық мәселе.
Бұл мәселені әріптестерімізбен бірнеше рет көтерген болатынбыз, бірақ тиісті нәтиже жоқ. Осы ретте, жоғарыда аталғандарды ескере отырып, келесіні ұсынамыз: 1) TikTok платформасы экстремизмді, радикализмді, сепаратизмді, шектен тыс қауіпті және моральдық құндылықтарға қайшы контенттерді анықтау және шектеу бойынша нақты алгоритмді ұсынуы; 2) TikTok платформасы жас балаларды онлайн қауіпті контенттен қорғау мақсатында YouTube Kids секілді балаларға арналған арнайы желі ұсынуы; 3) 13 жасқа толмаған балалардың TikTok-қа ата-анасының телефонынан кірген жағдайда Face ID технологиясы арқылы бұғаттау механизмін қарастыру. Олай болмаған жағдайда елімізде TikTok платформасын бұғаттауды сұраймыз, – деді депутат.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!