Қызылорда станциясы қаланың халық санының тығыз орналасқан орталық бөлігінде орналасқан, жүк құрамалары мен жолаушылар поездарының үздіксіз қозғалысы, келімді-кетімді жолаушылардың көптігінен бұл аймақ жайбарақат мекен емес. Теміржол көлік объектісінде қылмыстар мен әкімшілік құқықбұзушылықтардың алдын алу, балаларды қараусыз қалдырмауды ескерту, сондай-ақ, кәмелетке толмағандар арасындағы қайғылы жағдайлардың алдын алу мақсатында Қызылорда станциясындағы желілік полиция бөлімі ұдайы түсіндірме жұмыстарын жүргізеді. Кәмелетке толмағандарға теміржолдың аса қауіпті аймақ екендігі, жақын тұрған және үйіне өтіп бара жатқан жасөспірім бірінші кезекте өзіне қауіп төндіретіндігі туралы түсіндіріледі. Абайсыздығынан ойынға берілген жасөспірім өтіп бара жатқан поездың астына түсіп кетуі мүмкін. Сонымен қатар, рельстерге бөгде заттарды қою, дабыл және байланыс құрылғыларын бөлшектеу, бағдаршам әйнектерін сындыру, желілерді үзу не өтіп бара жатқан поездардың терезелеріне тас лақтыру сияқты әрекеттердің соңы төтенше жағдайларға әкеп соғады. Бөгде заттар поезд құрамының аударылуына себеп болады, ал сынған әйнек материалдық залал ғана емес, жолаушыларды жарақаттауы да мүмкін. Төтенше жағдай мен қайғылы оқиғалардың кішкентай нәрседен туындайтыны өмірден белгілі. Осыған қарамастан Қызылорда станциясы желілік полиция бөлімінің қызмет ету аймағында 2019 жылы теміржолдың белгіленбеген жерінен өткені үшін ҚР ӘҚБтК-нің 559-бабының 5-бөлігіне сай шамамен 1200 азаматқа әкімшілік хаттама толтырылған.
Асыл Сапарбек,
Қызылорда станциясы желілік полиция бөлімінің әкімшілік полиция бөлімінің кәмелетке толмағандар істері жөніндегі аға инспекторы, полиция майоры
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!