«Желтоқсан» – 35 жыл
Шағын ауылда әңгіме жата ма?! Аязды күндердің бірінде «ойбай, Алматыда оқитын біздің ауылдың Бақыт деген баласы кешегі «Желтоқсан көтерілісіне» қатысып, ұсталыпты. Оқудан шығарып жіберіпті. Сотталайын деп жатыр екен» деген суық сөз ауыл арасында желдей есті. Бізден сәл жасы кіші, салмақты мінезді, өз ортасына беделді ініміздің тағдырына алаңдап қалғанбыз.
Бұл 1986 жылдың желтоқсан айы болатын. Жоғарыдағы әңгімеден соң көп ұзамай маған қоса бірнеше адамды парторгтың кабинетіне шақырды. Бардық. Кабинетте совхоз директоры, парторг, тағы азаматтық киімдегі екі бейтаныс адам отыр екен. Амандық-саулықтан соң жаңағы бейтаныстың бірі «жақында ауылға Бақыт Байниязов есімді жігіттің келетінін, жұмысқа қабылдап, қоғам өміріне араластыру қажеттілігін» басшыларға қадап тапсырды. Ал серігі оның аузынан шыққан әрбір сөзді қағазға түсіріп, жанталасып жатты.
Қасымда отырған бухгалтер құрдасым «чекистер» деп сыбыр ете қалған. Әлгі сабаз иттен де саққұлақ екен. Біз жаққа ала көзімен тесіле қарағанда құрдасымның маңдайынан тер бұрқ ете түсті. Бақыт ауылға оралды. Мінезі бұйығы тартып кетіпті. Құрылыс саласына жұмысқа тұрды. Қыс мезгілінде канал-атыздардың ішінен кетпенмен қамыс шабамыз. Бір жағынан су жүретін арықтардың іші тазаланса, екінші жағынан құрылыс материалдары дайындалады. Әйел-еркегі аралас бір қора адам қақаған қыста трактордың ашық тіркемесіне (тележка) мініп, пәленбай шақырым жол жүреміз. Түсте қолмен шауып, баулаған қамыстың үстінде отырып, шай ішеміз. Күн кешкіре ауылға қайтамыз. Сол көрініс қыс бойы айна-қатесіз қайталанады.
Құрылыс бригадасы болып кетпенмен қамыс шауып жүрміз. Бақытты әңгімеге тартамыз. Ашыла қоймайды. Тағдырдың ащы соққысы, озбырлықтың әділетсіздігінен аузы күйгені байқалып тұрады. Өмір дегенді қойсаңшы. Күні кеше ғана пейілі Ащы көліндей шалқып жатқан ауылдың ақеден баласы томаға-тұйық, салқынқанды азаматқа айналған. Оның себеп-салдарын іштей түйсінгенмен оқиғаның толық жай-жапсарын уақыт өте Бақыттың өз аузынан естідім. Сонымен… Қазақстанның 40 жылдығы атындағы совхозда туып-өскен Бақыт әскер қатарынан оралған соң ауылында жұмысшы болып істеді. Әскери мамандығы бойынша фелдьшер кейіпкеріміз келесі, яғни 1986 жылы Алматы қаласындағы Зооветеринарлық институтының студенті атанды. Көп ұзамай өмір жолы мүлде басқа арнаға бұрылатынын қарапайым, көпбалалы отбасында өскен ауыл баласы қайдан білсін?!
Қызығы мол студенттік кезең басталды. Ветеринарлық факультетінің №7 жатаққанасы интернационалдық құрам болатын. Шетелдік студенттерден жасақталған бөлмеде басшылардың шешімі бойынша Бақыт эфиофиялық Фента, мадагаскарлық Жан деген жігіт үшеуі бірге тұратын болды. Мына қызықты қараңыз, Фента ағылшын, Жан француз, Бақыт қазақ, орыс тілінде сөйлегенмен араларында тез жылы сыйластық орнады. Уақыт сынапша сырғып жатты. Ақыры алып империяны дүр сілкіндірген «Желтоқсан көтерілісі» де келіп жетті.
Қалған әңгімені Алматы қаласындағы «Тәуелсіздік 1986 Желтоқсан» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Бақыт Байниязов бауырымыздың сөзімен өрбітсек.
– Желтоқсан айының 16-жұлдызында кешқұрым «Қазақстан компартиясы орталық комитетінің бірінші хатшысы Д.А.Қонаевты орнынан алыпты» деген хабар Алматы шаһарын шарлап кетті.
Ертеңіне, яғни 17 желтоқсанда сабақ болмады. Брежнев атындағы алаңға баратын болдық. Түс мезгілінде алаңға бардық. Аумақты алаң адамға лық толы. Әрқилы пікірлер айтып жатыр. Сол күні алаңда өзіммен қатар оқитын Әлжан Утепов, Марат Жарықбасов және мен үшеуміз бірге жүрдік.
Жастар трибунада тұрған басшыларға «болған жайтты Қонаев шығып, өзі түсіндірсін» деген талап қойды. Сәлден соң «Қонаевтың орнына Ресейден Колбин деген біреуді әкеліпті» дегенді естідік. Алаңдағы жастардың қолында «Әр ұлтқа өз көсемі» деген плакаттар көтеріліп, жиналғандар «Менің Қазақстаным» әнін қосыла айттық. Біздің жатақханамыз алаңға жақын болғандықтан арасында тамақ ішіп келіп жүрдік. Кешке қарай солдаттар мен милициялар көбейіп, жанжал, төбелес басталды. Сол жерден қашып жатақханаға келдік. Бөлмелес шетелдік жігіттерден оларда бұндай қақтығыс кездесіп тұратынын естідім. Фента өз елінің билік партиясының адамы болған. Оның айтуынша, өлген, жоғалған адам болса ешкім жауап бермейді екен.
Ертеңіне 18 желтоқсан күні алаңның жанында қоршауға түсіп қалдық. Сәтбаев пен сол кездегі Мира көшесінің қиылысында бір топ жасты милиция мен солдаттар қаумалап ұстады. Майор шеніндегі офицер бізге қолындағы пистолетін кезеніп, солдаттарға «Шаг в право, шаг в лево на поражение стреляйте» деп бұйрық берді. Өзі ата жауын кездестіргендей қалшылдап, кіжінеді. Кім, қанша адам ұсталды, ешкімге белгісіз. Қолымызды қайырып, сол жерде тұрған ППМ машинасына апарып тиеді. Ұрып-соғып, қыз-жігіт демей, автобусты толтырды. Артқы бөлігі темір тормен қоршалған екен, соның іші жастарға лық толды. Қан сасып, жылап, шулаған адам. Қанша жүргеніміз белгісіз, біраздан кейін бір жерге келіп тоқтадық. Бізді Целинный кинотеатрына жақын Совет аудандық милиция бөліміне әкелген екен. Есік ашып, бір-бірлеп түсірді. Жол мен милиция ғимаратының арасы 5-10 метрдей болады. Далада қолдарына темір таяқ ұстаған, екі қатар адамдар легі тұр, саптың ортасымен біреуден жіберіп жатыр. Саптың арасымен ұрып, теуіп өткізеді. Соққыдан жолда құлап жатқандар көп.
Менің кезегім келгенде алдымдағы жігіт құлап қалып, соған орнынан тұруына көмектескенмін. Басыма соққы сарт ете түсті. Мұрттай ұштым. Сол таяқтың салдарынан басым қазір де қатты ауырады. Қамақ бөлмесіне зорға жетіп, талықсып кетіппін. Кіреберістегі темір тордың ішінде қанша уақыт жатқанымды білмедім.
Бір милиция қызметкері мені әжетханаға ертіп апарып, бет-аузымның қанын жудыртты. Сәл тазарған соң тергеушіге кіргізді. Сұрақ-жауап басталды. Қалтамды тінтіп жатақханаға берілген рұқсат қағазын тауып алып, студент екенімді білді. Тергеу түн ортасына дейін созылды. Қолыма номер беріп, түрлі кейіпте суретке түсірді. Өздері маған «естелік үшін» деп кекетіп қояды. Түн ортасы ауа мені қамаудан босатты. Жатақханаға сүйретіліп, зорға жеттім. Сол сәттен бастап өмірімдегі азапты кезең басталды. Деканатқа шақырып, жиналысқа салды. Күнде тергеуге шақырады. Комсомолдан шығарды. Күнде жиналыс. Ректор «балам, ешкімді алаңда көрдім деп айтпа, кейін келіп оқисың» деп өтінішін айтты.
Целинный кинотеатры жанындағы ГУВД шақырып пропуска жасатып, өзіме жеке тергеуші тағайындады. Күнде екі мезгіл жауап берем, паспортым сол тергеушінің қолында. Бір күні альбом көру басталды. Кабинетте екеуден-екеу болдық. Суретке сәл кідірсең, тергеуші «танисың ба?» деп тықақтайды. Мен танып тұрсам да «жоқ» деп басымды шайқаймын. Қаншама қинаса да ешкімді ұстап бермедім. Кешке жатақханаға оралғанда суретін көрген студенттерге «өздерін танымаймын» деп жауап бергенімді айтамын. Олар ризашылығын жаудырады.
Бір күні тергеушім «ісің бітті» деді. Ертесіне «участковыймыз» деп екі милиция жатақханадан алып кетті. Марат, Әлжан үшеумізді Калинин аудандық сотына апарды. Ісімізді сотқа жіберген екен. Сот төрайымы екі әйел үшеумізге «бұл студенттер бірінің аузына бірі түкіріп қойғандай, артық ешнәрсе айтпайды» деп бұрқылдап, 10 тәулікке қамауға үкім шығарды. Қамау мерзімі біткенде 10 сом айыппұл салды. Студентке әжептәуір пұл. Менде ондай ақша қайдан болсын?! Бөлмелес жігіттерден алып беремін дедім. Сот орындаушылары зорға келісті. Қолыма кісен салып жатақханаға «УАЗ» көлігіне тиеп, алып келді. Жатақханадағы таныстардан қатты қысылдым. Айдауылдарға «аға, қолыма кісен салмай-ақ қойыңыздаршы?!» деп жалындым. Қайдағы?! Маған «сволочь, аузыңды жап, қашып кетесің» деп дүрсе қоя берді. Жатақханаға кірген соң кісенімді шешті.
Біреуі алдымда, екіншісі артымда екі милиция ұзын коридормен айдап келеді. Жатақханадағылар маған үнсіз, тесіле қарайды. Бөлменің есігін қақтым. Іштен екі негр жігіт шыққанда айдауылдар шалқасынан түсе жаздады. Шетелдіктерді кездестіреміз деп ойламаса керек. Асып-сасып, жандары қалмай менен бұл негрлердің кімдер екенін сұрады. Мәнісін түсіндіріп, айыппұлдың ақшасын сол екі шетелдік азаматтан алып бердім. Милициялар алды-артына қарамай зыта жөнелді. Бөлмелес үш дос құшақтаса қауыштық. Ал ертеңіне… мені КГБ қызметкері іздеп келді. Институтқа шақырып, «бес тәуліктің ішінде Алматыдан кетемін, енді келмеймін» деген қолхат жаздырып алды. Құжаттарымды алып ауылға жол тарттым, – деген Бақыт Серікбайұлын тебірене тыңдадым.
Желтоқсан жарасы жүректерден әлі жазылған жоқ. Қаншама боздақ қыршынынан қиылып, қаншама жас мүгедек болды. Небір өрімдей өрендердің өмірі тозаққа айналды. Қаншама жас жазықсыз сотталды, қудалануға түсті, оқудан шығарылды. Алайда озбыр империяның жендеттері қасқырдай қайсар қазақ жастарының сағын сындыра алмады. Солардың бірі «Ақ бұлтты» Ақтан батыр Ақайұлының, әулие Қожаназар ишан Артықбайұлы бабамыздың тікелей ұрпағы, Ұлы Отан соғысы және еңбек ардагері Серікбай көкеміздің ұлы, Алматы қаласының тұрғыны, Алматы қаласындағы «Тәуелсіздік 1986 Желтоқсан» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Бақыт Байниязов ініміз болады.
Айтпақшы, Бақыттың жұбайы Оразкүл Қаржаубайқызы да Желтоқсан көтерілісіне қатысушы. Бойында батырдың қаны тулаған Бақыт пен Оразкүлдің шаңырағында ел келешегі болар ұрпақ өсіп келеді. Аспандарыңыз ашық болсын!
Жұмабек Табынбаев,
Қазалы ауданы
Бақыт Байниязов еліміздің тәуелсіздігіне өлшеусіз еңбек сіңірген нағыз ер азамат! Мың алғыс сізге!!!
Я мен де сол кезде.Алматы малдарігерлер институтының Зооинженер кыскаша зоофак факультетінің 4курсында оқитынмын 6 шы общежитяда турдым .Бізде де шет ел студенттері болды.Үш Лаос халкының азаматы.Сисават,Нуан,Кхамбай.Эпиофалық Нигуси,Кениялық Джеймс Бвай.Бақыт бауырымыз басынан откендері шындык.Біз де сол 16 декабрь куні курс аралық Акушерства пәнінен пән аралық сайыс өтіп жаткан.Сагат 4-00 кезінде заф кафедра Акушерства Молдағалиев Агай жане институт қызметкерлері келіп Д.А.Конаев орнынан алынды.Орнына Ресейден Колбин деген азаматты КПСС орталық компартиясы шешімімен койды деп айтты.Сол кезде барлығымыздың ұнжырғамыз тусіп кетті.көкейде неге не себепті деген ой болды Сайыс өз натижесінде отпеді.Содан общежитияға дейін ,общежитияда Студенттер арасында неге не себепті алды.неге санаспайды деген кызу талкылау басталды. Осыған дейін Олжас Сулейменовтың АЗ иЯ кітабын окып өз ара пікір таластырып.Тарихымыздың бурмаланып, Бетке устар азаматтарымыздың жалган кінә тағып жойылуы Кеңес одағы НКВД басшыларының Жане Кеңес үкіметінің жасаган Ашаршылыгын,Колдан жала жауып жер аударуын,атуын,бала кезден улкендерден естіп.Бірақ айтуға болмайтынын біліп іштен тынып журген студент жастар арасында.бір азғантай улт өкілдерінің айтканы болып ,олардың үстемдік жүргізуі жастар арасында ұлттық сана сезімнің оянып жасырын карсылық сана сезімі ояна бастаған кезде.Д.А.Конаевты орнынан алу жастар арасында ашу ыза туғызды.17 куні Орталық алаңға карсылық сезімін білдіру үшін жастар жапай ағылды.Алаңға,Жумысшы жастар ,студенттер көп жиналды.Трибунаға жакындау мумкін болмады.Казакстан орталық компартиясы мушелерін шакырып.жиналганандарға не себепті орнынан алғанын айту сұралды.Казаққа өз азаматымызды кою.Конаевты кайтадан орнына кою басты талаптың бірі болды..Бір уақытта мінбеге Кемаладинов шыгып.жастар кайтыңдар бұларың дурыс емес деген сөз сөйледі.содан мінбеге шығып сөз сөйлеп талап кою суралды..сондағы КазГУ студенті шыгып айткан сөзі есімде калды.Бізге өз ұлтымыздың басшы сайлауы керек болмаса Д.А.Конаевты орнына койыңдар деп көпшіліктің талабын айтты.сол кезде алаңда жаймен суретке ,видеоға түсіру басталды.Видиеоға тусіру Агропром жанындағы екі биік этажды үйдің устінен тусіріле бастады. Карапайым киінген орган адамдары да біртіндеп көбейе бастады . Арасын да общежития жакын болгасын ішке тамақтануға барып кеп турдық.Тус ауа Сатбаев,Дзержинский көшесі киылысында әскерилер отцепениеге турып алаңға жібермей турды.Сол кезде анамыздай улкен кісіні уйге кайтамын орталық алаңша жібер дегеніне Карам ай итеріп кулатты сол жерде ананы орнына туғызып студенттер мен солдаттар арасында кақтыгыс болып,жастар топты бұзып ортаға өттік.содан кашан су шашып, арты арнаулы жасақтар урып сөга бастаганга дейін сол жерде болдың арең Кашып.. қутылдык.Мені устаган казақ мелиционер тез каш курыйсың айтпесе деп босатып жіберді.канына тартқан азамат екен.Егделеу караторы азамат еді.содан кашан отырып общежитияга келсек .іште бірінші зтаждагы холлда окытушылары,орган адамдары отыр екен.Кайдан журсін кайдан келдің деп аты жонін жазып жатыр екен.менде сол кезде Тюзга алган билет болатын колдан жыртып койгаи соны корсеттім.жазып алды .Енді іштен шықпайсыңдар деді..Ертесіне бірінші зтаждагы душевой терезесі аркылы Кашып шыгып орталык алаңға бардык .сол жерден кайта куғунға ұшырап амалдап сол арткы душевойдың терезесінен
жатақханаға кіріп кеттік..содан кунде тексеру басталды.бпрімізле катты корыктык өйткені курстың активтерін жинап, суретті соларға көрсетіп танығандарың устап жауап алып жатты..Өйткені алаңда жургенде суретке тусуіміз абден мумкін болатын.Бірақ бізбен бірге алаңда болган Фархат,пен Махсат суреттерді жойдык деген. Сондада сенбедік.Енді казіргі Желтоксан окигасындагы басты суретте сол біздің 4курс студенттері бірінші Катар да Жане екінші Катарда ішің ара бар.Жане Соган ұксас суретте мен анық көрініп турмын бул суреттерді кімнің жасырып. Енді 93 жылдан бастап шығарғаны әлі белгісіз .кім де болса нағыз Кахарман сол болып тур.Енді Бакыттын корген корлыгын ешкім көрмесін.Бакыт інім нагыз еркектік мінез корсетіп өзінің ер мінезді азамат екенін көрсетті.Желтоқсаннвң ардақты азаматына лайық.
Бақыт атамыздың, басынан өткен жағдай шындық, себебі, мен де, сол «Желтоқсан-86» құрбаны, сол кезде Алматы қаласында КазГУ-дің физика факультетінің 2 курс студенті едім.
Бақыт ағамыз