HALYQLINE.KZ Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата отырысы өтті. Онда сенаторлар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды қолдау және электр энергетикасы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын қарады. Бұл туралы ҚР Парламенті Сенатының баспасөз қызметі хабарлады.
Осы құжат жаңартылатын энергия көздеріне қолдау көрсетуге арналған. Еліміздің сыртқы көздерге энергетикалық тәуелділігін де төмендетеді. Бұл электр энергиясының арзандауына септігін тигізіп, тұтынушылар үшін қолайлы жағдай туғызады.
«Арзан, таза, тұрақты және заманауи энергия көздеріне жалпыға бірдей қолжетімділікті қамтамасыз етудің маңызы зор. Соған сәйкес елімізде жаңартылатын көздерден алынатын энергияның үлесін арттыру көзделіп отыр. Осы орайда, бүгін қабылданған заң елімізде жаңартылатын көздерден алынатын энергияны өндіру мен қолдануды ынталандырумен қатар, қоршаған ортаны қорғауға да оң үлесін қосатыны сөзсіз», – деді Мәулен Әшімбаев.
Сондай-ақ, Сенат Төрағасы құжатта жаңартылатын энергияны дамыту үшін қолайлы жағдайлар мен тетіктер көрсетілгенін атап өтті.
Сонымен қатар Сенат депутаттары «Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің еңбекшілерін зейнетақымен қамсыздандыру туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасын қарады.
Бұл келісім Одақтың қай елінде жұмыс істесе де еңбекшілерді зейнетақымен қамту сол мемлекеттің азаматтарымен тең жағдайда жүргізілуін көздейді. Заң бойынша әр мемлекет өз аумағында жұмыс істеген кезең үшін төлейді деп қарастырылған.
Одан бөлек, Палатаның жалпы отырысында алты депутаттық сауал жолданды. Сенат Төрағасының орынбасары Нұрлан Әбдіров пен Рысқали Әбдікеровтің сауалында еліміздің көліктік бақылау жүйесіндегі мәселелер көтерілді. Сенатор Бекболат Орынбеков моно және шағын қалаларда жұмыс істейтін жас мамандарға әлеуметтік қолдаудың жоқтығын сөз етті. Ал Нұртөре Жүсіп кітапханалар мен архивтердегі цифрландыру жағдайына назар аударды. Депутат Ақмарал Әлназарова БАҚ пен цифрлық платформаларда зиянды тағам өнімдерінің маркетингін шектеу және реттеу бойынша заңнамалық шаралар қабылдау қажеттігін айтты. Андрей Лукин «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасына бөлінген бюджет қаражатын игеру деңгейінің төмен екеніне және азаматтарды баспанамен қамту ісіндегі қолдан жасалған жоғары көрсеткіштерге алаңдаушылық білдірді. Өз кезегінде Бақытжан Жұмағұлов Жетісу өңіріндегі Қапал елдімекенінің жағдайын айтып, осы ауылдағы ХІХ ғасырда негізі қаланған үйлер мен тарихи нысандарды сақтап қалу қажеттігін тілге тиек етті.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!