Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Үкімет СҚО-да ағаш өңдеу зауытын салу жөніндегі инвесткелісімді мақұлдады

07.04.2026, 9:15 55

Қазақстан Үкіметі Солтүстік Қазақстан облысында ағаш өңдеу өндірісін іске қосуға бағытталған инвестициялық жобаны мақұлдады. Премьер-министр Олжас Бектенов ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі мен «Ultradecor Trading Kazakhstan» ЖШС арасындағы инвестициялар туралы келісімге қол қойылуын көздейтін тиісті қаулыға қол қойған.

Жоба 2026-2028 жылдар аралығында жүзеге асырылады. Оның жалпы құны 70 млрд теңгені құрайды. Үкімет мәліметінше, жаңа өндіріс орны кемінде 160 тұрақты жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Сонымен бірге бұл бастама елдегі ағаш өңдеу саласын кеңейтіп, дайын өнім көлемін арттыруға және өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін күшейтуге жол ашады.

Кәсіпорынның өндірістік қуаты жылына шамамен 600 мың текше метр ағаш-жаңқалы плита және 20 млн шаршы метр ламинацияланған ағаш-жаңқалы плита өндіруге жетеді деп жоспарланып отыр.

Келісім талаптарына сәйкес, жоба барысында қазақстандық тауар өндірушілердің өнімдері, шикізаты, жұмыстары мен қызметтері міндетті түрде пайдаланылуы тиіс. Бұдан бөлек, инвестор өндірілген дайын өнімнің кемінде 50 пайызын ішкі нарыққа бағыттауға міндеттеніп отыр.

Жобалық қуаттың 80 пайызына қол жеткізілгеннен кейін отандық дайын өнім экспортының көлемі жылына 60 мың текше метрге дейін жетуі мүмкін.

Құжатта өңірді әлеуметтік қолдауға қатысты міндеттемелер де қарастырылған. Сондай-ақ инвестор қызметкерлерді үздіксіз оқыту жүйесін енгізіп, олардың кәсіби біліктілігін тұрақты түрде арттыруды қамтамасыз етуі қажет.

Үкімет бұл жобаның ағаш өңдеу өнеркәсібін дамытуға, жергілікті қамтуды ұлғайтуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және өңдеу секторындағы экспорттық әлеуетті күшейтуге серпін беретінін атап өтті.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: