Қызылорда қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің 7-сынып оқушысы Даниал Шакизада бағдарламалау бойынша базалық дағды қалыптастыруға мүмкіндік беретін CodeQuest мобильді оқыту қосымшасын ойлап тапты.
Бұл туралы halyqline.kz тілшісі kazinform сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Даниал мұны жетекшілері Разия Баймұрзаева, Гүлфайруз Базарбаевамен бірге жүзеге асырды. Ол қосымшаға оқу материалдарын, практикалық тапсырмалар, тесттер, квест картасы мен шағын ойындар енгізген.
– CodeQuest – мектеп оқушыларына бағдарламалауды үйретуге арналған мобильді қосымша. Оның көмегімен сабақты ойын түрінде ұйымдастыруға болады. Оқушы тақырыпты таңдап, алдымен қысқаша теориямен танысады. Содан кейін тапсырмалар мен тесттерді орындайды. Әр тақырып бірнеше деңгейден тұрады. Деңгей жоғарылаған сайын тапсырма да күрделене түседі. Сондықтан оқушы материалды жеңілден қиынға қарай меңгереді. Қосымшада квест элементтері бар. Әрбір орындалған тапсырма үшін оқушы роботтың бір бөлігін жинайды. Барлық деңгей аяқталған соң кейіпкер толық ашылады. Бұл оқушының қызығушылығын арттырып, оқуға ынтасын күшейтеді, – деді Даниал Шакизада.
Жас технократтың жобасын бірінші болып сыныптастары тәжірибеден өткізген.
Олардың айтуынша, қосымшаның интерфейсі қарапайым және түсінікті. Барлық батырма анық көрінеді, түсі де тартымды.
– Негізгі бетте оқушы өзінің деңгейін, тапсырмаларды және прогресін көре алады. Интерфейс балаларға ыңғайлы болу үшін артық ақпарат салмадық. Әр тапсырма бөлек бетте көрсетіледі. Бұл тапсырмаға оқушының назарын толық аударуға көмектеседі. Қосымшаны пайдалану үшін арнайы дайындық қажет емес. Кез келген оқушы оңай түсініп, қолдана алады, – деді кейіпкеріміз.
Озық ойлы оқушы инновациялық қосымшасын жуырда «Зерде» республикалық зерттеу жобалары мен шығармашылық жұмыстары байқауының информатика, робототехника және STEM-инженерия секциясында таныстырып, І орынға ие болды.
Фото: Назерке Саниязова/Kazinform
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!