Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қызылорда: қоғамдық көліктер қатары толықты

13.11.2020, 14:30 805

Облыс орталығында аймақ басшысы Гүлшара Әбдіқалықова мен қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қатысуымен шаһарымызға жаңадан келген автобустарды табыстау рәсімі өтті. Бұл туралы қала әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Қала тұрғындарының қоғамдық көлікке деген сұранысын қанағаттандырып, саланың тынысына тың серпін беру мақсатында автобус паркі  жаңа  13 автобуспен толықты.

Шарада облыс әкімі Г.Әбдіқалықова Қызылорда автобус паркі құрылған санаулы жылда автопарктің техникалық базасын қалыптастыру мақсатында 122 дана жаңа автобус алынғанын айтып,  қаламыздың қоғамдық көліктер қатарын толықтырған жаңа автобустар ел игілігіне ұзақ қызмет етуін тіледі.

Семей қаласындағы «СЕМАЗ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде құрастырылып, шығарылған автобустар автопарктің материалдық-техникалық базасын жаңарту мақсатында облыстық бюджеттен бөлінген 209 млн теңге және автобус паркінің 242 млн теңге өз қаражаты есебінен алынған.

Соңғы үлгідегі іші кең әрі жайлы заманауи автобустардың сыйымдылығы 55 адамды тасымалдауға дейін жетеді. Маршруттың  жылдамдығын шектеу, қозғалыс интервалын бақылауға арналған GPS жүйесімен жабдықталған, жергілікті жердің климаттық жағдайына бейімделген, экологиялық таза метан газымен жүреді. Жолаушылардың автобусқа мініп, түсуі толығымен бейнебақылау камерасының бақылауында болады. Ең бастысы, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қолжетімді етіп ыңғайластырылған.

Жаңадан келген автобустар бүгіннен бастап жолаушылар тасымалы басым 1 бағытқа жіберіліп, қала тұрғындары мен қонақтарына қызмет көрсететін болады.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: