Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қазақстанда биыл 18,5 млн шаршы метр тұрғын үй салу жоспарланып отыр

10.03.2026, 11:05 28

Үкіметтің бүгінгі отырысында тұрғын үй құрылысы саласын дамыту мәселесі қаралды. Жиында өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев елдегі тұрғын үй құрылысының көрсеткіштері мен алдағы жоспарлар туралы баяндады.

Министрдің айтуынша, Мемлекет басшысының азаматтарды қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмаларын орындау аясында 2025 жылы елімізде 20 млн шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілген. Бұл – соңғы жылдардағы жоғары көрсеткіштердің бірі.

Ал 2026 жылы Қазақстанда 18,5 млн шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланып отыр. Министрдің мәліметінше, тұрғын үй құрылысының негізгі көлемі Астана, Алматы және Шымкент қалаларында жүзеге асырылады. Егер құрылыс саласын ынталандыру шаралары күшейтілсе, жоспарланған көрсеткіштің одан әрі артуы да мүмкін.

Үкімет отырысында тұрғын үй құрылысына кешенді қолдау шаралары да айтылды. Атап айтқанда, құрылыс алаңдарын қаржыландырудан бастап ипотекалық бағдарламаларды кеңейтуге дейінгі тетіктер қарастырылып жатыр.

Министрліктің дерегіне сәйкес, 2025 жылы тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтар үшін 218 млрд теңгеге 14,5 мың жалдамалы пәтер сатып алынған. Сонымен қатар «несиелік тұрғын үй» бағыты бойынша 140 млрд теңгеге тағы 14 мың пәтер салу және сатып алу жұмыстары жүргізілген.

Мемлекеттік тұрғын үй бағдарламалары аясында берілетін 2% және 5% жеңілдетілген несиелер баспананы халық үшін қолжетімді етіп отыр. Өткен жылы бұл мүмкіндікті 5 мыңнан астам отбасы пайдаланған. Ал «Наурыз» және «Наурыз-Жұмыскер» бағдарламалары арқылы жалпы сомасы 233 млрд теңгеге 8,6 мың тұрғын үй несиесі берілген.

Ерсайын Нағаспаевтың айтуынша, былтыр азаматтарға 8 мыңға жуық жалдамалы тұрғын үй және 11 мыңнан астам жеңілдікті ипотекалық қарыз ұсынылған. Сонымен қатар заңнамаға енгізілген өзгерістер нәтижесінде бұрын сатып алу құқығынсыз берілген жалдамалы тұрғын үйлерді жекешелендіруге мүмкіндік берілді. Бұл мүмкіндікті өткен жылы 15 мыңнан астам азамат пайдаланды.

Бұдан бөлек, 11 мыңнан астам адам жалдау ақысының бір бөлігін субсидиялау бағдарламасына қатысып, бұл мақсатқа 7,6 млрд теңге бөлінген.

Министрдің айтуынша, биыл да тұрғын үй саласындағы қолдау шаралары жалғасады. 11,5 мың пәтер салу үшін 155 млрд теңгеге жергілікті атқарушы органдардың бағалы қағаздарын сатып алу, сондай-ақ 18 мыңнан астам жаңа жеңілдікті тұрғын үй несиесін беру жоспарланып отыр.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: