Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қазақстан мұнай-газ химиясында импортқа тәуелділіктен арылуға бет алды

23.02.2026, 11:00 56

Қазақстанда мұнай-газ химиясы саласын дамытуға бағытталған бірқатар ірі өндірістік жобалар жүзеге асырылып жатыр. Бұл бастамалар елдің ішкі нарығын отандық өніммен қамтып қана қоймай, импортқа тәуелділікті айтарлықтай төмендетуге мүмкіндік береді. Бұл туралы министрліктің Telegram арнасы хабарлады.

Энергетика министрлігінің мәліметінше, алдағы жылдары Қазақстанда полиэтилен, алкилат, карбамид және бутадиен өндірісіне арналған заманауи зауыттар іске қосылады.

Атап айтқанда, қуаттылығы жылына 1,25 миллион тонна болатын полиэтилен зауытының құрылысы жоспарланған. Кәсіпорынды 2029 жылы іске қосу көзделіп отыр. Жоба толық іске асқан жағдайда елдегі полиэтиленге деген ішкі сұраныс толық қамтамасыз етіледі. Қазіргі таңда бұл өнімнің басым бөлігі шетелден импортталады. Сонымен қатар, 2027 жылы жылына 100 мың тонна алкилат өндіретін зауыт пайдалануға берілмек. Алкилат – жоғары октанды отын өндіруге қажетті негізгі шикізаттың бірі. Бұл жоба жанар-жағармай сапасын арттыруға және отын өндірісін әртараптандыруға ықпал етеді.

2029 жылға қарай қуаттылығы жылына 800 мың тонна карбамид шығаратын зауыт іске қосу жоспарланған. Карбамид ауыл шаруашылығында кеңінен қолданылатын тыңайтқыштардың негізгі түріне жатады. Жаңа өндіріс ішкі нарықты толық қамтып қана қоймай, экспорттық әлеуетті де күшейтпек.

Бұдан бөлек, жылына 340 мың тоннаға дейін бутадиен өндіретін кәсіпорын салу көзделіп отыр. Бутадиен – синтетикалық каучук пен резеңке бұйымдар өндірісінде қолданылатын маңызды шикізат.

Мамандардың айтуынша, бұл жобалардың іске асуы Қазақстанда мұнай-газ химиясы кластерін қалыптастыруға, қосылған құны жоғары өнім үлесін арттыруға және экономиканы әртараптандыруға жол ашады. Сонымен қатар мыңдаған жаңа жұмыс орны ашылып, өңдеуші өнеркәсіптің бәсекеге қабілеттілігі күшеймек.

Кесте: Энергетика министрлігі

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: