Бүгін Үкімет отырысында жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев құрылыс саласын цифрландыру бойынша атқарылған жұмыстар туралы баяндады. Министрдің айтуынша, елімізде құрылыс саласына қатысты барлық мемлекеттік қызмет толықтай автоматтандырылып, онлайн форматқа көшірілген.
Қазіргі уақытта құрылыс саласында көрсетілетін 54 мемлекеттік қызметтің барлығы азаматтар мен бизнес үшін қашықтан қолжетімді. Бұл қызметтерді енді электрондық түрде алу мүмкіндігі қарастырылған.
Министрдің мәліметінше, 2025 жылдың қорытындысы бойынша электрондық форматта көрсетілген қызметтердің үлесі 96%-ды құраған. Бұл құрылыс саласының цифрлық даму деңгейі айтарлықтай жоғары екенін көрсетеді.
Ең көп сұранысқа ие қызметтердің қатарында мекенжай беру, жобалауға рұқсат алу, эскиздерді келісу және нысандарды кәдеге жарату рәсімдері бар.
Жаслан Мәдиевтің айтуынша, алдағы уақытта құрылыс саласында бірқатар жаңа цифрлық шешімдер енгізіледі.
💬 «Бүгінде құрылыс саласында 54 мемлекеттік қызмет көрсетіледі және олардың барлығы онлайн форматта қолжетімді. Бұл азаматтар мен бизнеске қызмет алуды жеңілдетеді. Сонымен қатар электрондық келісімшарттар, құжаттарды автоматты түрде тексеру, цифрлық актілер, API және BIM-технологиялар арқылы мониторинг енгізіледі. Нәтижесінде рәсімдердің ашықтығы артып, қызмет көрсету мерзімі қысқарады, ал саланың тиімділігі 46%-ға дейін өседі», — деді министр Үкімет отырысында.
Мамандардың айтуынша, құрылыс саласын толық цифрландыру мемлекеттік қызметтердің ашықтығын арттырып, әкімшілік рәсімдерді жеңілдетуге мүмкіндік береді.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!