Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Ғалымдар ауыл шаруашылығы саласын дамыту мәселелерін талқылады

21.09.2022, 15:30 311

HALYQLINE.KZ

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде «Ауыл шаруашылығына жаңа технологияларды енгізу» тақырыбында өңірлік сарапшылар кеңесінің жиыны өтті. Ғалымдар кездесуде аграрлық секторды дамытудағы ЖОО-ның ғылыми әлеуеті, ауыл шаруашылығы саласын дамыту мәселелерін талқылады.

Жиынды мемлекет және қоғам қайраткері Мұрат Әбенов жүргізді. Модератор өңірдегі ауыл шаруашылығы саласының ерекшелігі, оқу орнының аграрлық бизнеспен байланысы, студенттердің ауыл шаруашылығы саласы бойынша стартап жобалары, ауыл шаруашылығы саласының мамандарын даярлау жұмыстары бойынша сауалдар қойып, ғалымдар тәжірибесімен бөлісті.

Іс-шарада университеттің ғылыми жұмыстар және халықаралық байланыстар жөніндегі проректоры Майнұр Бөрібаева осы бағытта атқарылған жұмыстармен таныстырып өтті.

Ал ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, «Аграрлық технологиялар» кафедрасының профессоры Ибадулла Таутенов өңірдің ерекшелігі туралы сөз қозғады.

– Сыр өңірі – негізгі аграрлық аймақ. Осыдан 50-60 жыл бұрын басталған мелорациялық жұмыстардың негізінде біздің өңірімізде 270 мың гектарға жуық жер тегістеліп, инженерлік жүйеге келтірілді.

Қазіргі проблемалардың бірі – топырақтың құнарсыздығы мен тұздылығы. Тұзды топырақта өсімдіктің өсуі қиындайды. Өңірдегі осы мәселелерді шешуге университет ғалымдары атсалысуда. Айталық, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор Лаура Тохетова топырақтың тұздылығына төзімді дақылдардың селекциясымен айнылысуда. Ғалым арпа, бидай сорттарын сұрыптау мақсатында еңбек етуде. Ал «Аграрлық технологиялар» кафедрасының меңгерушісі, РhD Серік Бекжанов ғалымдармен бірлесіп қант құмайының «Кешен» деген сортын жасап шығарды. Бұл сорт – қант өндірісіне де, мал азығына да жарайтын әмбебап өнім. Бірақ бұл жобалар қаржыландырудың төмендігіне байланысты қолданысқа кеңінен енгізілмеді.

Сырдария өзеніндегі судың азаюына байланысты тұздану процесі үдеп барады. Сондықтан бүгінгі күнде ғалымдар суды үнемдеу технологияларын дайындаумен айнылысуда. Биыл күріш егетін алқаптар көлемі қысқарды, бірақ суды үнемдеудің нәтижесі бар. Күріш дақылының жиналатын өнімінің көлемі өткен жылдағыдан кем болмайтыны байқалады. Күріштің ерте пісетін сорттарын өндіріске енгізу жұмыстары қолға алынуы тиіс, – деді Ибадулла Айғалиұлы.

Сонымен қатар, «Физика-химиялық талдау әдістері» инженерлік бейіндегі зертхананың бас ғылыми қызметкері, профессор Нұрбол Аппазов химия саласындағы ғалымдардың ауыл шаруашылығы бағытындағы ғылыми зерттеулері туралы атап өтті.

Жиын барысында ғалымдар ауыл шаруашылығы саласындағы өзге де мәселелерді шешу жолдарын талқыға салды.

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің медиа орталығы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: