Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Дыбыс пен дауыстың дүркіреген дәуірі

16.10.2025, 9:20 170

«Дыбыс – көзге көрінбейтін бейне, ал радио – сол бейнеге жан бітіретін өнер»

Бір ғасыр бұрын адамзат алғаш рет «сөйлейтін темірдің» үнін естігенде, бұл ғажайып құбылыс еді. Сол заманғы сенсация сол болған деседі. Радио пайда болған сәт тек техника жетістігі емес, адамзаттың рухани байланыс орнату қабілетінің жаңа кезеңі болды. XX ғасырдың басында радио бүкіл әлемде қоғамдық өмірдің айнасына айналды. Ол саясатты, мәдениетті, ақпаратты және ең бастысы, адамды бір нүктеде  тоғыстырды.

Қазақ даласына радиотолқын алғаш рет 1921 жылы жетті. Сол күннен бастап «Қазақ радиосы»  ұлттық  сананың  жаршысы, елдік ойдың дауысын жеткізуші құрал болды. Ауылдағы ақшаңқан үйдің төрінде тұрған сызылдаған радионың үні елді елмен жал­ғады, сағынышты басып, хабар мен хабар­ды,  адам  мен  адамды  біріктірді.

Қарапайым ауыл тұрғыны үшін радио тек жаңалық емес, өмірдің бір бөлшегі еді. Ол кезде эфирге шыққан әрбір хабарды ел демін ішіне тартып тыңдайтын. Өйткені радио ел жүрегіне ең жақын құрал болды. Оның үні үйге жылу берсе, жүрекке тыныштық сыйлайтын.

МИКРОФОН  АЛДЫНДАҒЫ  МІНЕЗ

Микрофон алдында сөйлеу – жай ғана ақпарат тарату емес, ол – жауапкершілік пен мінездің өлшемі. Бір замандарда радио­ға шығу үшін дикторлар апта бойы дайындалатын. Әр дыбыстың дәлдігіне, әр үтірдің тынысына дейін мән беретін. Өйткені халық диктордың  үніне  қарап  елдің  ахуалын,  елдің  мәдениетін  сезінетін.

Қазақ радиосының алтын дауыстары, қазақ­тың Левитаны атанған Әнуарбек Байжанбаев, Бүркіт Бекмағанбетов, Сауық Жақанова қазақ сөзін киіндіріп, үнге көрік берген тұлғалар еді. Микрофон алдындағы әрбір  дауыс – халықтың  рухани келбеті. Өйт­кені диктордың дауысы – ұлттың үн сапа­сы. Қазіргі уақытта «сөйлей салу» оңай, бірақ «сөйлеп отырып әсер қалдыру» сол кезде­гі  радио  адамдарына  тән  қасиет  еді.

Адамның үні – оның жанының көрінісі. Сол себепті дыбыстың да өз киесі бар. Қазақ «жақсы сөз – жарым ырыс» деп бекер айтпаған. Радио дикторының үнінен адам жылу сезеді, тыныштық табады, тіпті кейде жұбаныш  алады.

Бүгінгі экран мәдениеті көрініске бай, бірақ мағынаға жұтаң екенін жасыру мүмкін емес. Ал радио көрінбейтін, бірақ сезілетін әлем еді. Бір ғана «Қайырлы таң, қадірлі тыңдарман!» деген жылы үн адамның күніне сәуле сеуіп, көңілін көтеріп жіберетін. Айта кетерлігі, «Қазақ радиосы» ешқашан айғайлаған емес. Дауыс тембрі терең, сөзі салмақты, мәні мол радио мәдениетін әкелді. Осы мәдениет бізге сөйлеу әдебін, тыңдауды, құрметпен  үн  қатуды  үйретті.

ДАУЫС  УАҚЫТТАН  ДА ҰЗАҚ  ӨМІР  СҮРЕДІ

Дауыс – адамның жан жаңғырығы. Себе­бі, уақыт өтеді, техника өзгереді, бірақ бір кезде эфирге шыққан үн архивтерде, ал тыңдарманның жүрегінде мәңгі сақталып қалаты­ны жасырын емес. Бүгінде Қазақ радио­сының қорында 50 жылдан астам уақыт бұрынғы дикторлар мен хабарлардың түпнұсқалары бар. Сол жазбаларды тыңдағанда, тарих сөйлей­ді. Дауыстың дірілі арқылы сол дәуірдің мінезін сезесіз. Кейде архивтен шыққан бір үзік үн бүкіл дәуірді тірілтеді. Өйткені дыбыс – тірі естелік. Ол суреттен де, жазбадан да шынайы. Сол себепті «Радио өшсе де, дауыс қалады» деген тіркес жай сөз емес, рухтың  жалғасы  іспетті.

Бүгінгі әр жас журналист, әр диктор – сол үн дәстүрін  жалғастырушы. Себебі сол, жоғарыда  атап  өткеніміздей, радионың миссиясы – әлі де сол күйінде, адамды адаммен, жүректі  жүрекпен  байланыстыру.

Қорытындылай   келе,  радио – қазақ  рухының  екінші  тынысы.  Ол – елдің жаны, ұлттың үні, адам мен қоғам арасындағы алтын көпір. Кейде біз жаңа технологияның тасасында өткен дәуірдің құндылығын ұмытып кетеміз. Бірақ адамға керегі – шынайы үн, адал сөз, жылы интонация. Міне, сол қасиеттер тек радиода  сақталып  қалды.

Бүгінгі  ұрпақ  үшін  радио – тарих. Ал аға буын үшін ол – сағыныш. Бірақ бір нәрсе өзгермейтіні рас, дауыс бар жерде – өмір бар. Дауыс жоғалса, үнсіздік орнайды. Үнсіздік ұлттың жүрегін тоқтатады. Сондықтан, радионың рөлі – техникалық емес, рухани. Ол адамды тыңдауға, сезінуге, сабыр сақтауға үйреткен. Радио өшсе де, дауыс қалады. Өйткені үн – ұлттың  жүрек  соғысы.

Перизат  ШАЙХСЛАМҚЫЗЫ

Сурет ашық дереккөзден алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: