2020 жылы Қазақстан электрондық үкіметті дамыту деңгейі бойынша БҰҰ рейтингінде 10 позицияға көтеріліп, 193 елдің арасында 29-орынға ие болды. Бөлшек сауда құрылымындағы электрондық сауда көлемі өткен жылы 3 есеге жуық – 3,8%-дан 9,7%-ға дейін өсті. Халықтың қолма-қол ақшасыз операцияларының көлемі 2,5 есеге, 14,1 трлн теңгеден 35,3 трлн теңгеге дейін ұлғайды.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев биылғы жылды мемлекетімізді тиімді цифрландыру жылы деп өткізуді тапсырды. Қазірдің өзінде біз «ауқымды деректер» қағидаттарын мемлекеттік органдардың жұмысына терең интеграциялау бойынша жұмыс жүргізіп жатырмыз. «Data-driven government» тұжырымдамасы шеңберінде деректерді жинау және өңдеу әзірлеуден бастап, тиімділік мониторинг жүргізуге дейінгі барлық кезеңдерде мемлекеттік қызметтердің сапасын арттырудың факторына айналады, – деді А.Мамин.
Премьер-Министр цифрлық инфрақұрылымды дамыту аясында алдағы 5 жыл ішінде Қазақстанның барлық облыс орталықтары мен республикалық маңызы бар қалалары 5G жабынымен қамтамасыз етілетінін атап өтті. Деректерді өңдеу және сақтау саласына инвестициялар 6 есеге артады (82 млрд теңгеден 500 млрд теңгеге дейін). Электрондық сауданың үлесі 2 есе ұлғайтылатын болады. «Цифрлық салада бизнесті қолдау шараларының арқасында 1000-нан астам инновациялық компания құрылады, бұл АКТ экспорты көлемінің 25 еседен астам өсуіне әкеледі. АT-саласында шамамен 100 мың жаңа жұмыс орны құрылады, бұл сыни массаны қалыптастыруға және экономиканың барлық салаларында мультипликативтік әсерді іске қосуға көмектеседі», – деді А. Мамин.
Форумға қатысушылар Қазақстанның мемлекеттік қызметтерді көрсету, фискалдық деректерді сараптау, сондай-ақ қаржы-банк және телекоммуникация салаларындағы цифрлық жобалар көрмесімен танысты.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!