Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Байқоңыр қаласында Facebook және Instagram жұмыс істемейді

08.09.2022, 10:00 326

Ресей Федерациясының Украинаға шабуылынан кейін  Батыс  елі  орыстарды былайша айтқанда «жоюға» кірісті. Шетелдік жылжымайтын мүлкі бар саясаткерлер мен миллиардерлер ғана емес, спортшылар, өнер адамдары, тіпті жануарлар да зардап шекті. Бастап­қыда санкция­лар таза саяси сипатта және желі қолданушыларына әсер етпейтіндей көрінді.  Жеке қыз­меттер олардың ұлтына қарамастан өз тұтынушыларының игілігі үшін жұмыс істейтінін әрқашан баса айтқан еді. Бірақ ресейліктер бірден танымал қосымшалардан ажыратылды, олардың жұмысы  мен  бизнесі  құрдымға  кетті.

Еске салсақ, 11 наурызда Ресей Федера­циясының Бас прокуратурасы сотқа WhatsApp, Facebook және Instagram желілеріне иелік ететін Meta компаниясын экстремистік ұйым деп тану туралы арыз берген болатын.  Агенттік өз талаптарында РФ  Қарулы  күштерінің  Украинада  жүргізген арнайы операциясына байланысты әлеуметтік желілерде зорлық-зомбылыққа шақырулар таралып жатқанына сілтеме жасайды.

Instagram  әлеуметтік  желісінің  бас­шысы  Адам  Моссери  әлеуметтік  желілер 14 наурызда Ресей Федерациясы аумағында бұғатталғанын растады.  Бұл туралы ол Twitter-де жазды.  Оның айтуынша, бұл шешімнің  кесірінен  Ресейдегі  80 миллион қолданушы бір-бірімен және бүкіл әлеммен байланыстан айырылады. Сонымен қатар, ол Ресейдегі пайдаланушылардың шамамен 80%-ы елден тыс басқа аккаунттарға жазылғанын атап өтті.

Мәскеудің Тверской соты Meta компаниясының Ресейдегі қызметіне тыйым салу туралы іс бойынша шешім шығарған болатын. Сот шешімінде тыйым салу себептері былай түсіндіріледі.  Негізгі талап әлеуметтік желілердегі Украинадағы соғыс туралы жазбаларға қатысты, бірақ сот сонымен бірге Metaның Ресей билігінің талаптарын ұзақ уақыт елемегенін еске алды.

21 наурызда Бас прокуратураның талабы бойынша сот америкалық Meta корпорация­сының Ресейдегі қызметіне тыйым салды.  Бұл шешім компанияның екі әлеуметтік желісіне – Facebook пен Instagram-ға қатысты.  WhatsApp-қа бұл шаралар әсер етпеді, өйткені соттың пікірінше, мессенджерде ақпаратты көпшілікке  тарату  мүмкін  емес. Бұдан кейін, Ресей аумағында бүкіл әлем қолданатын әлеуметтік желілер қолданыстан шықты. Дегенмен, VPN арқылы кіруге болатынын  тұрғындар  айтады.

Енді көбі біле бермейтін деректі айтсақ. Еліміздің Байқоңыр қаласын ресейліктер 2050 жылға дейін жалға алып отырғанын білесіздер. Сол себепті бұл ғарыш мекені орналасқан  жұлдызды  қалашықта  да  аталмыш әлеуметтік желілер VPN-нің көмегенсіз жұмыс істемейді. Өйткені қазақтың жері болса да, қазіргі таңда Ресей мемелекетінің иелігінде. Байқоңыр қаласына  жақын  орналасқан Төретам мен Ақай кенттері бар. Бұл кенттерде бірқалыпты деңгейде интернет ұстайды. Алайда Байқоңыр қаласына аяқ басқанда әлеуметтік желілер істен шығады. Бәрі емес. Ресейдің Вконтакте сынды  желілері  қолданылады. Тек  Батыс­тың  белгілі  платформаларын  қолдануға шектеу  қойылған. Бір  қызығы, Ресейге санкция  басталған  кезде, Байқоңырға  да сол  күннен  басталды.

Халық-хабар

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: