Олар топ құрады. Жұмыс орындарын ашады. Жаңа технологияға инвестиция жасайды. Әртүрлі ғылыми-зерттеу институттары мен ғалымдарды қаржыландырады. Олар барлық жауапкершілікті өз мойындарына алған. Лобби жасайды. Сол үшін билікке ұмтылады. Заң шығаруға ат салысады. Нәтижесінде, байи түскеннің үстіне байи түседі. Қолында патент, ғылым, зерттеу нәтижелері, жүз мыңдаған жұмысшысы болған соң, сөзі де өтімді болады. Иә, побочный эффект байқалып тұрады. Тым монополия немесе бюрократия, болмаса ақша үшін адамдардың құқын жаншу боп тұрады. Бірақ, ол үшін енді журналистері бар, басқа да ұйымдары бар, әйтеуір баланста өмір сүріп жатыр.
Сондықтан, біздің қазақтың байлары да ғылымға, білімге, жаңа технологияға инвестиция жасауы керек. 31 мамыр сайын «Алашшыл» бола қалуды, бірен-саран аш жүрген жазушыға 5-10 теңге беріп арзан атақ жинауды қою керек.
Менің үнемі айтып жүретінім, біздің «Алаш Орданы» қаржыландырған байлар болған. Олар Алаш әскерін ұстаған. Мал-мүлкін берген. Байлықты қазақтың даму жолында жұмсауды ойламай тұрып, біз сияқты адамдармен кездескенде «Неге бүйтпейсіңдер? Неге сөйтпейсіңдер?» деп барлық жауапкершілікті қаражаяу батыраққа ысырып тастауды қою керек. Осы күнге дейін бір түйір қазақ байының қазақ стартапына ең болмаса $100 000 ақша салғанын естімедім. Сөйте тұра, «Қазақтардан технология шықпайды» дейді. Орыс пен украиндықты қолдауға жұлқынып дайын тұрған қазақтың байы жетерлік. Соның нәтижесінде, біздің елімізде технологиялық боданға айналып барамыз. Білекке сенген заманда ешкімге есе жібермеген қазақ, білімге сенген заманда бүкіл әлемге есесін жіберіп жатыр.
Мен қазір АҚШ-та, әлемдегі танымал университеттердің бірінде оқып жатырмын. Бостон қаласында МІТ немесе Харвард сияқты мықты оқу орындарының да студенттерін көріп жүрмін. Түсу қиын болғанымен, ол жерде бірыңғай монстарлар оқып жатыр деп айта алмаймын. Иә, шашасына шаң жұқтырмайтындар бар. Олар 1000/1 ғана. Қалған 999-ы сол өзіміз қатарлы. Қытайы болсын, үндісі болсын, басқасы болсын.
Айтайын дегенім, бұ қазақтың байлары донер мен тойхана деңгейінен шығып, өтірік тарихи кітап шығарып, өтірік іс-шараларға демеуші болудан көтеріліп, мына өздері «орта ғасырлық» деп менсінбейтін арабтың байлары секілді технология мен инфрақұрылымға бет бұруы керек. Сіздер сенбессіздер, бірақ Біріккен Араб Әмірліктерінің байлары Кай Фу Ли секілді жасанды интеллект бойынша әлемнің ең үздік ғалымдарының басын қосып, әлемдік деңгейдегі Мұхаммед Бин Зайд атындағы Жасанды Интеллект Университетін ашып тастады.
Біраз қаржылы азаматпен кездестім. Қалтаның қалыңдығы сананың қалыңдығына жетелемейді екен. Не МВА оқымайды, не заманауи басылымдарды оқымайды, әйтеуір қарын тойғанға мәз. Жарлы-жақыбай, жұмыссыздар ас үйде отырып билікті кінәлап кіжінеді ғой? Әлгі байларымыз да сөйтеді. Таң қаласың. «Біздің қолымыздан не келеді?..» деп қояды еще…
Не рух жоқ, не намыс жоқ, не ұлтты жетелейтін мақсаты жоқ. Әйтеуір, ас ішіп, аяқ босатқанына мәз. Азды-көпті табысына мәз. Естеріңізде болсын, қазір әлемде қандай технология бар, соның барлығы болмаса да біразы, индустриялық революциялар ағылшын және еуропалық, америкалық байлардың қолымен жасалған.
ChatGPT деген соңғы жарты жылда бүкіл әлемді таң қалдырған технолргия шықты. Алдында біреу маған «Неге қазақ ІТ мамандары сондай жасамайсыңдар?» деп қояды. Жынды ма, кеңкелес пе дедім де қойдым. Оған 500 гигабайттан астам датасет жинақталып, бүкіл әлемнің кітабы мен сайты және Уикипедия барлық тілдік қорымен сол күйі жұтылғанын қайдан айтып түсіндірейін? Оған 175.000.000.000 параметр бойынша тюниң жасалып, жетілдіру үшін бір итерацияға $4.000.000 ақша жұмсалғанын айтсам да ұқпайды ғой.
Біздің байлардың кейде бас құрылысын ашып көргім келеді. Өйткені, $10.000 (Иә, он-ақ мың доллармен Яндекс корпорациясын жеңбекші) садақа беріп, Яндекс Такси жасатып алғысы кеп жүрген адамның ми қыртыстары қалай дамығанын көру қызығырақ сияқты.
Қара қазақтың миы жетеді көп дүниеге. Мына МІТ университетінде де, Харвард университетінде де біраз қазақ профессор боп жүр. Бірақ олар өз күштерімен, сонша жылдан кейін әрең жеткен биіктері. Ал оны масштабтау, мына ХХІ ғасырдың интеллектуалдық ипподромында жүзден жүйрік боп келу үшін қазақтың қаржысы керек боп тұр. Әйтпесе, ол қаржының басқа жақтан келері анық. Ол жағдайда…
Тимур БЕКТҰР.
Facebook-тегі парақшасынан алынды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!